- Негізгі бет
- Бизнес жаңалықтар
- Қазақстан 280 млн...
Қазақстан 280 млн долларға өтініш берді
Жасыл климаттық қор сұранысымызды қанағаттандырса, отандық энергетика саласы ерекше серпінге ие болады.
Елордада өткен «Әйелдер болашақ энергиясын қолдайды» атты халықаралық форумда ҚР ұлттық экономика вице-министрі Мадина Әбілқасымова әлемнің дамыған және дамушы елдерінің энергетикалық балансындағы баламалы энергияның үлесі едәуір артқанын айтты. Оның сөзінше, 2015 жылы әлемдік инвестицияның 30%-ы энерготиімділік пен баламалы энергетикаға бағытталған.
«Соңғы үш-төрт жылда балаламы энергия көзіне көшу үдерісі мейлінше жеделдетілді. 2014 жылы күн және жел энергиясының үлесі 9%-ды құрады. Болжамдарға сүйенсек, бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 22%-ға жетпек», – деді вице-миинстр.
Бұл ретте Қазақстан да «жасыл» экономика мен таза энергетикаға көшуде көшелі бастамаларды қолға алуда. Былтыр елімізде баламалы энергия көздерінен алынған қуат көлемі 1%-ды құраған. 2020 жылы бұл көрсеткіш 3%-ға жетеді деп күтілуде. Ал 2050 жылға қарай еліміздің энергетикалық балансындағы баламалы энергияның үлесі 50% болмақ.
«Біз әлем елдері ден қойған «жасыл» экономика және таза энергетика саясатына көшу үдерісіне белсене атсалысудамыз. Біздің ел алғашқылардың бірі болып Париж келісімін бекітті. Осылайша 2030 жылға қарай Қазақстан жылыжайлық газдан тарайтын қалдық көлемін 15%-ға дейін қысқарту туралы міндеттемені мойнына алды», – деді Мадина Әбілқасымова.
Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы әлемнің 195 мемлекеті Париж келісімін бекітті. Келісімнің мәні – баламалы энергетикаға көшу және жылыжайлық газ қалдықтарының көлемін азайту. Осылайша ғаламдық климаттың өзгеру проблемасын шешу. Келісімге үн қосқан елдер баламалы энергия көздерін пайдалана отырып, «жасыл» экономикаға көшуі тиіс. Сондай-ақ энергетиканың тұрақты даму моделін таңдауы қажет.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан жасыл климаттық қордан 280 млн доллар көлемінде қаржы алмақ. «Жасыл климаттық қор – бағалы бастама. Біз 280 млн долларға өтініш бердік. Егер біздің сұраныс қанағаттандырылса, түрлі сектордағы жобаларды қаржыландыруға жеңілдік алмақпыз. Бұл ретте құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секілді салалардағы энерготиімділікті арттыруға және түрлі энергия үнемдегіш технологияларды енгізуге басымдық беріледі» – деді вице-министр.
Жасыл климаттық қор 2010 жылы құрылған. Штаб-пәтері Оңтүстік Кореяның Сондо қаласында орналасқан. Қордың мақсаты – дамушы мемлекеттерге климат ауысуымен күресуде көмек көрсету.
Деректерге сүйенсек, бүгінде әлемдегі зерттеушілердің 28%-ы – әйелдер. Оның 3%-ы Нобель сыйлығының иегері. Астанадағы форумға жиналған әйелдер қауымының көздегені - нәзік жандылардың технология, энергетика саласындағы белсенділігін мейлінше арттыра түсу.
ҚР президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен еліміздің сыртқы істер министрлігі бірлесіп ұйымдастырып отырған форумда таза энергетикаға көшудің тетіктері мен энергетикалық тұрақты даму мәселелері қаузалмақ. Сондай-ақ аталған бағыттағы жобаларды жүзеге асырудағы әйелдердің рөлі талқыға түспек. Форумда арнайы қарар қабылданады. ЭКСПО-2017 көрмесі аясындағы халықаралық шараға әлемнің 25 елінен 300-ден астам делегат жиналды.
Дереккөзі: abctv.kz
Ж. Өрісбай