«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруда кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, қайырымдылықпен айналысуға шақыру мақсатында «Атамекенім» акциясын бастады. Осы жылдың соңына дейін жалғасатын акция аясында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлердегі әлеуметтік мәселелердің тізімін жасап, қайырымды кәсіпкерлер мен меценаттар туралы мәліметті дайындайды.
Туған жерге тағзым етіп, өңірдің дамуына, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне үндейтін жоба Қазақстанның 16 өңірінде қатар өтеді.
Осы ретте Елордадағы жақсылықтық мысалы өзге де кәсіпкерлерге үлгі болары анық. Кәсіпкер Айтолқын Сұлтанова әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға арнап «Мейірім» дүкенін ашты. Мұқтаж жандар бұл дүкеннен қажетті заттарын тегін ала алады.
«Көп адам киген киімдерін, яғни ескі заттарын қоқысқа лақтырып тастайтынын байқаймыз. Ал біреулер сол қоқысты ақтарып, қажетіне жарағанын алып жатады. Бұл өте аянышты. Сондықтан бұл жағдайды өзгерткім келді. Дамыған заманда өмір сүре отырып, мұқтаж жандарға таза заттарды таңдаумен алсыншы деген ой келді. Сауда үйінде жұмыс істейтіндер бірігіп, қажетті заттарын алып келді. Содан кейін әлеуметтік желілерге хабарлап, көпшілікке тарата бастадық. Осылайша азаматтар киім-кешек, ойыншық, кітаптар секілді артық заттарын алып келе бастады», – деп хабарлады Айтолқын Сұлтанова.
Дүкен биыл ғана 18 тамызда ашылды. Бүгінде 28 адам келіп заттарын табыстаса, 59 отбасына көмек берілді. Көмек алушылардың да, заттарын өткізушілердің де қатары күн санап артып отыр.
«Күн сайын 3-4 адам келіп заттарын табыстап кетеді. Осыншама адам келіп қажетті заттарын алады. Көбінесе балаларымен келеді, құжаттарын көрсетіп, қажеттісін таңдап алады. Таза, ыңғайлы заттарды таңдай алатын орынның ашылғанына қуанышты», – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкер «жақсылық жасау әрбір адамның ісі» деген қағидамен көмек қолын созған әрбір адамға алғыс білдіреді. Айтолқын бұл істі жалғыз өзі жүзеге асырып отырған жоқ. Қасында Айгүл, Юлия, Жаңылған, Василий сынды бастамашыл, қайрымды адамдар өте белсенді қызмет атқарып келеді.
«Біздің кәсібіміз тек пайда табу емес. Табыс табатын кәсіп өз алдына, ал бұл сауда орнынан тегін орын алып, қажетсіз, бірақ әлі де қолдануға болатын заттарды тегін үлестіруді қолға алдық. Бұл қоғамда мейірімділікті таратуға арналған ерікті жоба. Тек таза, жыртылмаған заттарды қабылдаймыз. Көп балалаы аналар, жалпы мұқтаж жандар алғанын қалаймыз. Дегенмен, оларға беретін заттарға да шектеу қоямыз. Бір отбасы шұлық секілді ұсақ заттарды есептемегенде 10 зат қана ала алады. Себебі, мұқтаж жандардың қатары көп, әрқайсысына көмектессек дейміз», – дейді жақсылыққа үндеген Айтолқын.
Айтолқын Сұлтанованың айтуынша, көп адам балаларға арналған аяқ киім мен киімдерді алғысы келеді. Тұтынушылар қажетті затын таппаса, белсенділер өздеріне түртіп қояды. Егер қандайда бір сол шамалас зат келіп жатса, хабар береді.
Белсенділердің айтуынша адам жанынан қуаныш сыйлаудан артық нәрсе жоқ. Қамқоңіл жандардың жүрекжарды қуанышын көргенде бастамаларының бос әурешілік емес екенін түсінеді.
«Елімізде шетелдегідей көптеген қайырымдылық қорлары барекені белгілі. Қаражат жинап, мұқтаж жандарға көмектеседі. Ал біз тегін қабылдап, тегін таратамыз. Мұнда қаржы туралы мәселе жоқ. Жай ғана жақсылық жасау үшін ашылған дүкен», - деп түсіндіріп өтті Айтолқын.
Жақсылық жасап жарысуға шақырған кәсіпкер жеке кәсібін жақында ғана асқан. Ұстаздықпен айналысқан Айтолқын Сұлтанова көп жыл бойы түрлі лауазымдық қызметті атқарған. Жеке іспен айналысуға бел буған кәсіпкер қайырымдылықтан да алыстамады.
Қайырымдылық дүкен Астана қаласы, Сарыарқа көшесі 43, «Махаббат» тұрғын үй кешені, «Махаббат» сауда үйінде орналасқан. Байланыс нөмірі: 8 705 654 2952
Қарлыға Телман