Кәсіпкер әйелдерге арналған жаңа «Umay Boost» білім беру жобасына өтініштер қабылдау уақыты белгілі болды. «Umay Boost» жобасы кәсіпкер ханымдарға жаңа бизнес-шешімдер мен тіл табысу, сыни ойлау, тайм-менеджмент, креатив және тағы басқа «икемді» дағдыларын қолдану арқылы бизнесті жаңа кәсіби деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
«Қатысушылар тренерлермен және кеңесшілерімен бірге өз бизнесінің жаңа қырларын ашады. Кәсіпкер әйелдер көшбасшылық ойлау қабілетін қалай қалыптастыру және қалай жаңа дәуір көшбасшысы болу керектігін үйренеді. Бұл жоба оларға операциялық иірімдерге сырт көзбен қарап, алдағы жыл ішінде бизнесін дамыту жоспарын құруға көмектеседі», - дейді Мерей Мұстафина, «Pipl» нетворкинг-бюросының жетекшісі және Әйелдер кәсіпкерлігі күнінің ТМД мен Орта Азиядағы ресми өкілі.
Астаналық кәсіпкерлерден құралған қазылар алқасы 16 кәсіпкер әйелді жобаға қатысуға таңдап алады. Тренинг 8 модульден тұрады және бизнес саласындағы сарапшылар мен шеберлердің тәжірибелік, интерактивті воркшоп үлгісінде өтеді. Оқу барысында қатысушылар кәсіби бизнес-тәлімгерлердің коучингі мен жетекшілігіне ие болады. Одан бөлек, жобаға қатысушылар жұптық және топтық тапсырмалар арқылы бір-біріне өзара қолдау көрсетеді.
Жобаға Астана қаласындағы, сондай-ақ Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарындағы жеке кәсіпорын иелері мен жетекшілері қатыса алады. Жобаға қатысу тегін, тек байқау негізінде жүзеге асырылады. Жобаға қатысу өтініштері 2019 жылдың 15 ақпанынан 15 наурызға дейін 1 ай аралығында қабылданады.