Жекеменшік жоғары оқу орындарының табысы азайды

Еліміздегі жекеменшік ЖОО-ы 2016 жылы бір жыл бұрынғы көрсеткішіне қарағанда 5 есе аз табыс тапқан. Ал мемлекеттік университеттер мен академиялар нарықтағы өзгерістерге бейімделуге тырысып бақты.

Жоғары білім беру институттары 2016 жылы 8,5 миллиард теңге табысқа жеткен. Ал 2015 жылдағы табыс көлемі 19,9 миллиард теңгені құраған. Мұнай дағдарысынан кейін инфляция мен девальвацияны және шығынның артуын ескерсек, таза табыстың көлемі бір жылда 3 есе қысқарып отыр.

 

ҚР ҰЭМ жанындағы статистика комитетінің ресми ақпаратына сенсек, жекеменшік ЖОО-ның 2012 жылдан бері табыс көлемі азайып келеді.

2014-15 жылдары жалпы табыстың табыстың 60 пайызын иемденген жекеменшік сектордағы ЖОО-на деген сұраныс соңғы екі жылда күрт төмендеген. Табыс көлемі 11,8 миллиард теңгеден (2015 жыл) 2,4 миллиардқа (2016) қысқарып отыр.

Ал мемлекеттік университеттер мен академиялар табысы 26 пайызға (2,1 миллиард) азайды. Табыстың қысқаруы ел азаматтары кірісінің қысқаруы мен ел экономикасындағы қиындықтар негіз болып отыр.

 

Ресми ақпаратқа сүйенсек, мұнай дағдарысынан кейін Қазақстан экономикасындағы білім беру секторына сұраныс деңгейі азайған. 

Қазақстан Республикасындағы ЖОО-дар соңғы 5 жылда бірталай қиындықтарға тап болып отыр. Айта кетсек, университеттер саны қысқарып, студенттер саны да азайып келеді. Мысалы, 2011-16 жылдары еліміздегі ЖОО-дарының саны 24-ке қысқарған. Ал студенттер саны 161 мың адамға азайып отыр. Ал ағымдағы жыл басынан екі ЖОО жабылып үлгерсе де, студенттер саны 17,7 мыңға өскен.