Джефф Безос бастаған Amazon.com конгломератының кварталдық есебінің позитивті трендпен көрінгендіктен, бүгін компанияның акциялары бірден 1,3 пайызға қымбаттады. Нәтижесінде, Джефф Безос әлемнің экс-ауқатты азаматы Билл Гейтсті жеке капиталы бойынша басып озды.
Амазон акциялары қымбаттағаннан кейін Безос мырзаның активі 90,9 миллиард АҚШ долларына жетіп, Билл Гейтстің капиталынан $200 миллионға арты түсті. Осылай 53 жастағы Джефф ең жас әрі әл-ауқаты ең жоғары адам ретінде танылып отыр.
Amazon корпорациясы ағымдағы жылдың екінші кварталында 37,2 миллиард АҚШ доллары көлемінде табысқа жетіп, кірісін өткен жылғы көрсеткіштен 22 пайызға арттырған. Компанияның әрбір акциясына $1.42 көлемінде кварталдық дивидент бөлінді.
Bloovberg басылымы жасаған кестеден Джефф Безос пен Билл Гейтстің капиталының өсу үдерісін көруге болады.
Айта кетсек, америкалық миллиардер Джефф Безос Amazon.com корпорациясының 17 пайызына иелік етеді. Ол жыл басында ең бай азаматтар тізімінде төртінші орында тұрған болатын. Соңғы 6 ай барысында инвесторлардың активтерін тиімді пайдалану арқылы табысын жылдам өсіріп, бүгін біріншілікті иемденіп отыр.
Естеріңізге сала кетсек, жақында Джефф Безос туиттердегі аккаунты арқылы өз тіркелушілерінен қайырымдылық жасауға идея сұраған болатын. Десе де, ең бай азамат атанбай қайырымдылыққа ақша бөлмейтінін де мәлімдеген еді. Енді қоғамдық проблемаларды шешумен айналысуды қолға алмақ. Бірақ, әзірге, нақты қай саланы дамытуға қаржы бөлетіні туралы мәлімет берілмеді.