Қазақстанның маңдайалды ЖОО-ның белсенді студенттерінен жасақталған топ былтырғы жылы J1 Сultural Exchange Program бағдарламасы бойынша АҚШ-қа барып тәжірибе жинап қайтты. Елге орала салысымен мұхиттың арғы жағындағы білімді, ғылымды, іскерлік саладағы заманауи батыстық жүйені қазақ жастарына насихаттауды қолға алған студенттер J1 entrepreneurship клубын құрды. Бұл ұйымның мақсаты J1 бағдарламасы бойынша білім алып, тәжірибе жинаған әлемнің әр бұрышындағы түлектердің байланысын үзбеу. Сонымен қатар, қазақстандық мектеп оқушыларына атаулы бағдарлама жайлы ақпарат бере отырып, ел ертеңі болар бизнес саласына қызығушылығы бар жастарды бүгінгі күннен кәсіпкерлікке тәрбиелеу. Алдыңғы екі аптада 8 студенттен құралған команда Алматы қаласындағы Almaty International School, Республикалық физика-математика мектебі, №134, №51 және тағы бірнеше қалалық мектептердің жоғарғы сынып оқушыларымен кездесіп, семинар-тренингтер ұйымдастырды. Жеке кәсіпкер болудың негізгі алғышарттары баяндалған басқосудың соңы кәсіпкерлікке деген қызығушылықты арттыратын тапсырмалармен жалғасты. Оқушылар жеке кәсіпкердің кейпіне еніп, топ құрап, әділ-қазылар алқасының алдында жеке бизнес жобаларын таныстырды. Ал, қазылар алқасының құрамы атаулы саланың жілігін шағып, майын ішкен нағыз мамандармен толықты. Қазақстандағы АҚШ елшілігінің өкілі Раушан Ахметова, Chocotravel жобасының директоры Нұркен Рзалиев, Funky Town би студиясының негізін қалаушы Марат Ягфаров және Еуропадан келген танымал кәсіпкерлер Павел Алеабов және Тим Сахаутдинов оқушылардың жұмысына баға берді. Өздерінің ұтымды жобаларымен бұл бәсекеде Ольга Курилина мен Эмили Ричардсон жеңімпаз атанды. Олардың көтерген мәселесі бойынша, мектеп оқушылары кей оқулықтарды Америкадан қымбат бағаға арнайы тапсырыспен алдырады. Мәселені бір жүйеге келтіру үшін, елімізде оқулықты шетелден тапсырыс бойынша алуға мүмкіндік беретін арнайы агенттіктер ашу керек - дейді жеңімпаз атанған оқушылар. Іс-шараның соңында жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен, сертификаттармен марапатталып, сонымен қатар қазылар алқасының кез келген бір мүшесінен белгілі соммада инвестиция алу мүмкіндігіне ие болды. Барлық қатысушыларға қазылар алқасының қолтаңбасы мен тілектері жазылған бизнес кітаптар табысталды. J1 entrepreneurial club командасы оқушыларға бизнес саласының барлық қыр-сырларын толыққанды үйретуді алға тартады. Мұхиттың арғы жағынан алған тәжірибелерімен бөлісіп жүрген бұл қыз-жігіттердің бастамасы еліміздегі кәсіпкерлікті дамытуға арналған жоба. Ал, ол жобаның жетекшілері Асанәлі Керешов, Александра Батырева, Асылжан Рахимова, Важид Чоудри, Алым Имиров. Сайтымыздың мақалалары Telegram желісінде. Арнамызға қосылыңыз!