Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының аясында жүзеге асырылып отырған «Бастау Бизнес» жобасының биылға жоспарланған 6 оқыту легі аяқталды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырып отырған жобаның Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарындағы көрсеткіші, тұрғындардың белсенділігі мен кәсіп ашудағы нәтиже қандай екеніне тоқталсақ...
Ақтөбе облысында жобаның 80%-ы ауыл шаруашылығына арналған
Ақтөбе облысының алты ауданында «Бастау Бизнес» жобасының алтыншы легі аяқталды. Ырғыз, Мәртөк, Мұғалжар, Темір, Ойыл және Шалқар аудандарындағы 1125 тұрғын кәсіпкерлік негіздерінен тегін білім алды. Теориялық білім мен тәжірибелік сабақтар алғашқы бизнес-жобаны жазуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар Өңірлік кәсіпкерлер палатасы, облыстық кәсіпкерлік басқармасы мен шағын несие ұйымдарының өкілдерінен тұратын комиссия алдында бизнес-жобаларын қорғады. Соңғы шешімді қабылдамас бұрын мемлекеттік көмекті алуға үміткерлерге сауалдар қойылып, жеке кәсібін бастауға ниеттенген жандарға кеңес берілді.
«Облыстағы 12 ауданның неліктен тек алтауы таңдалды? Себебі жобаны жүзеге асыруды бастағанда облыстағы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына, сондай-ақ аудан әкімдіктеріне сауал жолдап, қай ауданда түйткілді мәселе бар екенін анықтадық. Нәтижесіне қарай алдымен осы алты ауданды таңдадық», – деді Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы жобаларды сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы, «Бизнес Бастау» бағдарламасының үйлестірушісі Бауыржан Дарқұлов.
Сараптау комиссиясының құрамында болған Ақтөбе облысы кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы Айзада Тоқсанбаева «Бастау бизнес» жобасының қатысушылары өз бизнес-идеяларын мақтанышпен қорғап жатқанын көргенде нәтижеге қол жеткізгендерін қалап, тілекші болғанын айтты.
«Мен облыстағы Кәсіпкерлік басқармасының өкілі ретінде аудандарға, ауылды елдімекендерге жиі шығамын. Ауыл тұрғындары «Бастау Бизнес» бағдарламасы жайлы хабардар, білім алуға ынталары зор. Таяуда ғана жұмыс тобы «бизнес ортаны дамыту» 2-бағыты бойынша «Халықты қауіпсіздікпен қамтамасыз ету» жобасымен ауылдық жерлерді аралады. Мәселелерді анықтап, түсіндіру жұмыстарын жүргізілді. Сол кезде көпшіліктің «Бастау Бизнес» жобасымен білім алғысы келетіні айқын көрінді. Бұл жоба білім беріп қана қоймай, жыл бойы жобасына қолдау көрсетіліп, жеңідетілген несие алуға мүмкіндік береді», – дейді Айзада Тоқсанбаева.
Биыл «ҚазАгроГарант» АҚ Ақтөбе облысы бойынша шағын несие ұйымдары мен несие серіктестері арқылы жалпы сомасы 60 млрд теңге болатын 10 кепілдік берген.
«Биыл 1125 адам білім алып, 190 бизнес-жобаға 500 млн теңге қаржы бөлінді, 19 жоба мақұлданып, 29 жоба қаралу үстінда, ал 59 жоба қажетті құжаттарды жинап жатыр. Жобалардың 80% ауыл шаруашылығы саласына арналған», – деп хабарлады Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Бауыржан Дарқұлов.
Ақтөбе облысынан қатысушылар мал шаруашылығын дамытуды, сондай-ақ автокөлік жуу, қоғамдық монша, химиялық тазалау мен басқа да қызмет түрлерін көрсетуді қолға алуға ниетті. Әсіресе Шалқар мен Ойыл ауданының тұрғындары белсенді. Комиссия алдында соңғы күні 57 қатысушы жобаларын қорғады.
Ойыл ауданында дәріс оқыған бизнес-жаттықтырушы Дархан Ыбырайым жоспарды мерзімінен бұрын орындады – төрт айда 104 адамға білім беріп, оның ішінде 32 тыңдаушы жеке кәсібін ашты. Көбі ірі қара малын бордақылайтын орындарды салды. Сонымен қатар балабақша, балық шаруашылығы, Ойыл мен Саралжың ауылдарын байланыстыратын такси қызметі секілді ірі жобалар да бар.
«Ойыл ауданында сабақ бергеннен кейін Темір ауданына жіберді. Бесінші лекте 40 адамға дәріс бердім, олардың ішінде 12 тұрғын бизнес-жобаларын қорғады. Шұбарқұдықтың өзінде 24 қатысышыны дайындадым, 5 білім алушы Ақтөбеге бизнес-жобасын қорғауға барды», – деп толықтырды Дархан Ыбырайым.
Батыс Қазақстан облысы: бірегей жоба министрлік қарауында
«Бастау Бизнес» жобасын жүзеге асырудағы алғашқы жылы Батыс Қазақстан облысының 5 ауданы қамтылды. Қазталов, Ақжайық, Зеленов, Теректі және Жаңақала аудандарынан 938 адам білім алды. Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Мақсат Құланбаев бизнес-жобалар қаржыландырылып, ауыл тұрғындары жеке кәсіптерін бастап жатқанын хабарлады.
«Бүгінде «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы 118 жобаға қаржы бөлінді, сондай-ақ «Агронесие корпорациясы» 20 жобаны мақұлдады. Жобалардың 80%-ы ауыл шаруашылығы саласына арналған. Ауыл тұрғындары мал бордақылауға көңіл бөліп отыр. Сонымен қатар 63 жоба жеке қаражат есебінен жүзеге асырылмақ», – деді Мақсат Құланбаев.
Сараптау комиссиясына ұсынылған батысқазақстандық жобалардың бірі – көкөністер мен жемістерді қайта өңдеу цехын ашу. Идея авторы Мәди Әбуғалиев «Бастау Бизнес» жобасына қатысқаннан кейін өзіне биік мақсат қойып отыр. Жылына 150 құты шырын мен жеміс-көкөніс өнімін шығарғысы келеді. Бұл жобаға 120 млн теңге қаражат керек.
Идеяны бизнес-жобаға айналдыруға дейінгі кезеңде кәсіпкерлік негіздерінен сабақ беріп, нарықты зерттеуге, тиімділік пен тәуекелді сараптауды Қуанышбек Ерниязов үйреткен. Зеленов ауданында дәріс оқыған бизнес-жаттықтырушы аталған жобаның келешегі зор екенін жасырмайды.
«Зауыттан шырын, қызанақ пастасын, көкөніс-жеміс өнімдерін шығару жоспарланған. Өнімдердің негізгі бөлігі экспортқа шығарылады. Бастапқы кезеңде 25 адамды тұрақты жұмысқа орналастырса, келешекте оның саны 100-ге дейін артпақ. Осылайша бір жобамен әлеуметтік маңызды мәселелер шешілмек. Жаңа жұмыс орны, азық-түлік қауіпсіздігі, отандық өнім мен өткізу нарығы секілді салалар қамтылады», – деп түсіндірді бизнес-жаттықтырушы.
Бұл бірегей жоба Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісуге жолданған. Ал өңірлік деңгейде «Агронесие корпорациясының» келісімі алынған.
Жалпы Зеленов ауданында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» 4 жобаға жалпы сомасы 15,65 млн теңге бөлген. Жыл басынан түрлі қаржыландыру тетіктері арқылы 56 жобаға 190 млн теңге бөлінген. Ал жеке қаражатының есебінен 10 кәсіпкер бизнес бастады.
Жалпы алғанда бизнес жаттықтырушылардың айтуынша дәріске қатысатын жиырма адамның бірді-екілісі ғана дайын бизнес-идеямен келеді. Ал көпшілігі оқу барысында мақсатын айқындап, таңдауын жасайды. Ешкім де елеусіз қалмайды. Әрбір қатысушыға топтық дәріспен қатар жеке кеңес беріледі.
«Бастау Бизнес» жобасы басталған әрбір ауданда жағымды жетістік бары айқын. Әрбір ауданның тұрғындары жаңа лектің тың леппен келетінін сезінеді. Әрбір жоба жаңа жұмыс орындарының ашылуына, өңірді жандандыруға септігін тигізері хақ.
Қарлыға Телман