- Негізгі бет
- Бизнес жаңалықтар
- Азия Даму Банкі...
Азия Даму Банкі Қазақстанға $3 млрд инвестиция жасайды
Азия Даму Банкі (АДБ) 2017-21 жылдарға бағытталған Қазақстанмен жаңа серіктестік стратегиясын құруға ұсыныс білдірді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Азия Даму Банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Джованни Капанелли мәлімдеді.
"Алдағы 5 жылда 3 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция жасауды жоспарлап отырмыз. Бұл өткен 5 жылда бөлінген қаржыдан әлдеқайда көп. Оның ішінде 9 миллионы білім беру гранттарына, халықаралық тәжірибе алмасу мен жаңа технологияларды енгізуге салынды", - дейді Капанелли мырза.
Дамудың жаңа стратегиясы бойынша инвестиция мынадай 3 негізгі бағытта жұмсалады:
— экономикалық диверсификация (жеке сектордың дамуына қолдау білдіру және қаржыландыруды қолжетімді ету)
— инклюзивтілік (инфрақұрылымның дамуындағы кедергілерді жою)
— қарқынды өсім (бәсекелестікке қабілеттілікті арттыру)
АДБ қаржыны игеру үшін аймақтық инфрақұрылымдық қор құрады. Бұл қор арқылы Қазақстанның әр аймағындағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мәселелері шешілмек.
Жаңа стратегия жеке сектордың активтерінен де инвестиция тартуды көздеп отыр. Бұл мемлекеттік қарыздың көлемінің артпауына негіз болады. Сонымен қатар, стратегиялық серіктестік қарызды теңгемен беру арқылы, ұлттық валютаға деген сұранысты да арттырмақ.
Ж. Өрісбай