- Негізгі бет
- Бизнес жаңалықтар
- «Атамекенім» акциясы кәсіпкерге...
«Атамекенім» акциясы кәсіпкерге жаңа мәртебе береді
Бүгін «Атамекен» алаңында Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев, кәсіпкер Қайрат Құдайбергеннің қатысуымен баспасөз мәжілісі өтті.
Баспасөз мәжілісінде «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов Ұлттық палатаның бастамасымен «Атамекенім» акциясының басталғаны туралы хабарлады.
Акцияның мақсаты – әлеуметтік жауапкершілік мәселелерінде бизнестің бастамаларына қолдау көрсету. Акция Қазақстанның 16 өңірінде өтеді.
«Елімізде «Туған жер», «Туған жерге тағзым» атты шаралар өткізіліп келеді. Біз Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мақсатында «Атамекен» акциясын ұйымдастырып отырмыз. Бұл акция аясында Ұлттық палата бірнеше бастамаларды көтеріп отыр», – деп хабарлады Абылай Мырзахметов.
БАҚ өкілдерімен кездесу барысында Абылай Мырзахметов қайырымдылықты ынталандырудың экономикалық шаралары бар екенін еске салды. Әлеуметтік мәселелердің шешілуіне атсалысқан кәсіпкерлер белгілі бір салық жеңілдіктерін пайдаланады.
«Қолдағы ақпаратты қарайтын болсақ, салық жеңілдіктерін пайдаланудың тиімділігі, қайырымдылықтың қоғам дамуына әсері туралы бағалау мен мониторинг жоқ. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, қайырымдылық бойынша салық салудың жеңілдік нормасын пайдаланған кәсіпорындар саны 2015 жылы 2 мыңға жеткен, ал салық салынатын табысты азайту сомасы – шамамен 46 млрд теңге», – деді Басқарма Төрағасы.
Абылай Мырзахметов сонымен қатар «Атамекен» ҰКП бастамалар жайында таныстырып өтті.
«Біз «Парыз» мемлекеттік сыйлығын бекітуді, «Үздік әлеуметтік кәсіпкер» аталымын беру туралы бастама көтеріп отырмыз. Басты мақсат – қайырылымдылық жасау, жақсылыққа шақыру идеясын таратып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға үлес қосқан кәсіпкерлердің үлесін бағалау, ынталандыру», – деп түсіндіріп өтті Басқарма Төрағасы.
Ал кәсіпкер Қайрат Құдайберген қайырымдылық жасаған, әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосқан кәсіпкерлер туралы ақпаратты тарату көпшілікті игі істерді атқаруға үндеу екенін атап өтті. Ал кәсіпкерлердің көбі салық саласында белгілі бір артықшылыққа ие болатыны туралы хабарсыз екенін айтқан бизнесмен ынталандыру шараларының ауқымы кең болуы керектігін ұсынды.
«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев Ұлттық палата әзірлейтін Әлеуметтік мәселелер тізімін түсіндіріп өтті.
«Біз Қазақстан бойынша қандай әлеуметтік мәселе бар екенін жинақтағымыз келеді. Өңірлер бойынша жеке-жеке сараланған мәселелер кәсіпкердің әлеуметтік мәселелерді шешуіне көмек болады. Кәсіпкер қандай да бір көмек бере отырып, салықтық артықшылықтарды пайдалана алады», – деді Эльдар Жұмағазиев.
«Атамекен» ҚР ҰКП ресми интернет-ресурсында «Қайырымдылық» айдары ашылады және осы айдарда Әлеуметтік мәселелер тізімі жарияланады. Қандай да бір көмекке немесе қолдауға мұқтаж азаматтар онлайн-режимде осы тізімге өтінім қалдыруға мүмкіндігі бар. Кәсіпкерлер өтінім-тілектермен таныса алады. Өтінім қалдыратын немесе кері байланысқа тапсырыс беруге болатын арнайы батырма да іске қосылады.
Бүгінде «Атамекен» ҚР ҰКП Павлодар облысының әкімдігімен бірге Екібастұз қаласы мен Шарбақты ауданын мысалға ала отырып, елдімекендер жеке-жеке енгізілген Әлеуметтік мәселелер тізімін дайындады. Ұлттық палата облыстарда және әрбір елдімекенде жекелей атаулы қайырымдылық жобасын жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін мәселелерге сұрыптау жүргізуді ұсынып отыр.
Баспасөз мәжілісінде «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов атап Ұлттық палата кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, жас ұрпақтың қаржылық сауатын ашу, интеллектуал ұлт қалыптастыру мәселесіне көңіл бөліп отырғанын екреше атап өтті. Сонымен қатар меценаттардың, қайырымдылықпен айналысатын кәсіпкерлердің де тізімін дайындау туралы бастама көтерілгенін хабарлады.
«Атамекен» акциясы аясында Facebook пен Instagram әлеуеметтік желілерінде жалпыға ортақ топтар ашылады. Аталған топтар әлеуеметтік жауапкершілік танытатын азаматтар мен көмектесуге дайын бизнесмендердің басын қосады. Аталған акция 2017 жылдың соңына аяқталады.
О. Сансызбай