- Негізгі бет
- Бизнес жаңалықтар
- «Алтын сапа»: үміткерлердің...
«Алтын сапа»: үміткерлердің есімі ерек
Биылғы жылдың «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы да мәресіне жетіп қалды. Бірер уақыттан кейін, нақты айтқанда 6 желтоқсан күні 2017 жылдың үздік компаниялары мен кәсіпкерлерінің есімдері белгілі болады. Биылғы салтанатты шара Астанада ЭКСПО конгресс-орталығында өтеді.
Отандық тауар өндірушілер 2001 жылдан бастап «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысса, 2006 жылдан бері ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға бақ сынап келеді. Бұл байқауларды ұйымдастыру міндеті 2015 жылдан бері «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүктелген.
Елбасы «Алтын сапа» сыйлығын отандық өндірісті дамыту және тауар мен көрсетілетін қызмет сапасын үздіксіз арттыру мақсатында бекіткені қаншама жылдан бері дәлелденіп келеді. Бұл сыйлыққа лайықты деп танылған жемісті кәсіпорындар «Алтын сапа» сыйлығын Мемлекет басшысының қолынан алады.
Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығына сәйкес, байқаулар жыл сайын өткiзіледі. Оған Қазақстан Республикасының аумағында тауарлар өндірумен (қару-жарақ пен әскери техника өндіруді қоспағанда), қызмет көрсетумен айналысатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қатыса алады. Мемлекеттің қатысу үлесі 50%-дан асатын ұйымдар, сондай-ақ өздеріне қатысты белгіленген тәртіппен оңалту және банкроттық рәсімдерін жүзеге асыру туралы шешімдер қабылданған ұйымдар байқауларға қатыса алмайды.
«Қазақтанның үздік тауары» көрме-байқауы «Өндірістік бағыттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша өтеді.
Әрине бұлайқауларда жеңімпаз атанған кәсіпкерге өз өнімін күллі елге таныстыру мүмкіндігін береді. Сондай-ақ, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының облыстағы жеңімпаздары республикалық деңгейде үздік атанса, «Үздік тауар» эмблемасын 4 жыл қатарынан жарнамалық мақсатта қолдана алады.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы биылғы байқаудың басталғаны туралы хабарламаны ақпан айында жариялады. Сол уақыттан бері үздіктер қатарынан көрінуге ұмтылған компаниялардың өтінімдері лек-легімен қабылданды. Биыл «Алтын сапа» сыйлығын алу үшін 101 компания ұсыныс білдірді, ал «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына 144 компания үміткер.
Еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларында «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы өткізіліп, облыстың, қалалық деңгейде жеңімпаз атанған кәсіпорындар республикалық кезеңге жолдама алды. Осылайша шілде айының 28-30 шілде күндері республикалық кезең өтіп, оның қорытындысы желтоқсан айында жарияланатындығы хабарланған еді. Сараптау комиссиясы қатысушылардың материалдарына алдын ала бағалау жұмысы 18 қыркүйекте бастады.
Үміткерлер қатарында сапалі өнімдері тұтынушылардың көңілдерінен шыққан үздік компаниялар бар. Атап айтқанда Ақмола облысының атынан бу қазандықтарын шығаратын «Щучинск қазандық-механикалық зауыты» ЖШС, сүт өнімдері мен ұлттық тағамдарды дайындайтын «Гормолзавод» ЖШС, жылжымайтын мүлік бойынша қызмет көрсететін «Алуа Строй» ЖШС қатысады.
Сонымен қатар, еліміздегі сорғы штангасын шығарушы жалғыз кәсіпорын «Ақтөбе мұнай жабдықтар зауыты» ЖШС, құрылыс материалдарын жасайтын «Экотон-Батыс» ЖШС, өрт сөндіруге арналған бұйымдарды шығаратын «Ақтөбе өртке қарсы құрал-жабдықтар зауыты» да сапа сынына түсіп отыр.
Алматы қаласы мен облысынан Жаркент крахмал-сірне зауыты, Лепсі балы, «АбдиИбрахимГлобалФарм», «DOSFARM» фармацевтикалық компанияларысы, «Бижан», «Цин-Каз», «Қазақстан – отын-энергетикалық кешені», «Tea House», «Рыбпром» секілді 19 компания жеңімпаз атануға күш салып отыр.
Желтоқсан айының 6-сы күні ЭКСПО конгресс орталығында әрбір өңірден медициналық жадбық жасайтын, денсаулық сақтау саласында қызмет ететін, оқу-әдістемелік әдебиеттерді дайындайтын, ауыз су шығаратын, жиһаз жасайтын, тігін және тоқыма бұйымдарын әзірлейтін, шыны құбырларын өндіретін, жолаушылар тасымалдаумен айналысатын, сапалы сүт өнімдерін ұсынатын, қоғамдық тамақтандыру қызметін көрсететін, металл бұйымдар мен конструкцияларын жасайтын 150-ге жуық компанияның өкілдері бас қосады.
Қай компанияның өнімі сапалы, кімнің қызметі көңілден шыққанын қорытынды кезең шешеді. 2017 жылдың алтын сапалы компаниялары мен үздік тауардың иелерін анықтайтын күнге аз ғана уақыт қалды. Байқау бәсекені арттырып, сапаны жақсартып қана қоймай, отандық өнімнің тұтынушылар қатарын да көбейтері анық.
Қарлыға Телман
М. Ақан