БАҚ өкілдері «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша бөлінген қаржының қайда жұмсалғанын көрді.
Өңірлік үйлестіру кеңесі биылғы жылдың басынан бері Алматыда 154 бизнес-жоспарын мақұлдаған. Жыл соңына дейін кәсіпкерлерге барлығы 4,4 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражат грант, субсидиялау және қарызды кепілдендіру түрінде беріледі.
Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Алма Тұрлыбаева «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында көрсетілетін қолдауды түсіндіріп өтті.
Өңірлік палата өкілінің айтуынша Алматы қаласында бизнесті қолдауға арналған бірнеше бағдарлама қатар қолданылады. Олардың ішінде республикалық бағдарламалар да, өңірліктер де бар. Мысалы «Алматы–туризм» бағдарламасымен биылғы жылы 5 жобаға 398 млн теңге қаражат бөлінді. Ал «Алматы инновация» бағдарламасымен жалпы 90 млн теңгені 2 жоба алды. Сондай-ақ «Жібек жолы» бағдарламасы да сәтті жүзеге асырылып келеді. Сауданы дамыту үшін 66 жобаға жалпы 4 млрд теңге қаражат берілді. «Алматы өнім» арқылы 8 жоба жалпы 429 млн теңге алды.
«Цин–Каз» ЖШС сапа жөніндегі менеджері Жанар Рахымбекованың айтуынша өндірісті автоматтандыру, жаңғырту және кеңейтуге арналған бизнес-жоспар аясында 618,5 млн теңге инвестиция тартылған. Бүгінде бұл соманың 418 млн теңгесі игерілген. Оның ішінде 71 млн теңге субсидия ретінде мемлекеттен берілген. Осы қолдаудың арқасында жаңадан екі цех ашылды.
«Өндірісті автоматтандыру мен жетілдіруге арналған жоба аясында көкніс салаты мен соя тұздығын дайындайтын жаңа 2 цех аштық. Қазақстанда соя тұздығы шығарылмайды. Ел нарығында импорттық тұздық бар. Ал біздің компания айына шамамен 30 мың соя тұздығын өндіруде. Қазіргі таңда 3 түрлі тұздық шығарылады», – деп хабарлады «Цин–Каз» өкілі.
Компания өкілінің айтуынша соя тұздығын дайындау үшін шикізат Қытайдан жеткізіледі. Ал салат жабу үшін жергілікті шаруалардың өнімдері пайдаланылады. Былтырғы жылы 500-600 тонна салат жабу жоспарланса, биыл бұл жоспар екі есеге ұлғайған.
«Біздің өнімдеріміз еліміздің барлық өңірлеріне тарайды. Сонымен қатар базарларда, дүкендерде де табуға болады. ЕАЭО аясында өтетін барлық көрмелерге қатысып келеміз. Негізгі экспортқа шығатын ел Ресей, сондай-ақ Қырғызстан, Ауғанстан елдерімен серіктестік қатынастамыз. Жалпы шығарылған өнімнің 20% Алматы қаласы мен облысына тарайды», – деп хабарлады компанияның Сапа жөніндегі менеджері Жанар Рахымбекова.
Компания жыл соңына дейін Ресей мен Қырғызстанға жеткізілетін өнім көлемін 500 тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр.
«Біз өнімдерімізді ЕАЭО аумағында өтетін көптеген көрмеге шығаруға тырысамыз. Ресейде өнімнің белгіленген бағасын төмендетуге тырысамыз, себебі бәсекелестік жоғары. Бірақ біздің өніміміздің дәмін татқаннан кейін ұнататындары қаншама. Жалпы көршілес елде қазақстандық өнімді сапасы жоғары деп қабылдайды. Бүгінде Ресейдің бірқатар қалаларына, оның ішінде Мәскеуге де жеткіземіз. Сондай-ақ біз кетчуптар мен салаттарды Мәскеудегі «Foodcity» базарына шығаруға келісім жасап жатырмыз. Алдағы уақытта Тәжікстанға да экспорттауға ниеттіміз», – дейді «Цин-Каз» ЖШС Өткізу бөлімінің басшысы Таир Тутадзе.
Компания өкілі электр қуаты мен суға қойылатын тариф өте жоғары екенін атап өтті. Электр қуаты мен суды үздіксіз пайдаланатын өндіріс үшін тарифтің реттелгені маңызды. Бұл қызметтердегі бағаны реттеу бизнес үшін айтарлықтай көмек болар екенін жасырмады.