Әлемнің қаржы жүйесіндегі электронды операциялар мен валютаның қауіпсіздігі сыр беріп жатады. Мұндай мәселелер, әдетте, көбіне кибершабуылдардан кейін қайта көтеріледі. Сондықтан әлемнің беделді қаржы институттары ең қауіпсіз қаржы жүйесі болып саналатын криптовалютаны тестілеуден өткізіп жатыр.
Егер тестілеу оң нәтижесін берсе, криптовалюта приципін Вьетнам, Дания және Қытай Халық Республикасының Орталық банктері қабылдауы мүкін. Дартмут Университетінің экономика профессоры Эндрю Левин айтуынша, криптовалюта болашақта әлемдік деңгейде сұранысқа ие болады. Несие карталары бойынша ақша аударымдары жүргізген кезде, қосымша комиссия алынады. Сонымен қатар, қағаз ақша басып шығаруға да біршама қаржы жұмсалады.
Америкалық Bloomberg агенттігінің ақпаратына орай, Вьетнам Орталық банкі елдің ішкі нарығындағы қаржы операцияларын орындау үшін биткоиндарды пайдалану мүмкіндігін қарастырып жатыр. Ал Дания Ұлттық банкі электронды кронды пайдалануға енгізу үдерісін дайындауда. Ел үкіметі мен банк секторы мамандарының айтуынша, банкноттар мен тиындарды шығаруға жұмсалатын бюджетті үнемдеу де маңызды рөл атқарып отыр.
Смартфон арқылы әртүрлі төлемдерді жасауға үйренген адамдар үшін криптовалютаны қолдану да еш қиындық тудырмайды. Мысалы, Қытайда танымал Alipay немесе WeChat (мессенджер) төлем жүйелері криптовалюта жүйесін пайдаланады. Бұл сатып алушыларға ғана емес, сатушыларға да тиімді болмақ. Айта кетсек, электронды төлем жасау жүйесіне толығымен өтсек, ақша аударымдарының орындалу процесіне қосымша уақыт жұмсалмайды.