- Негізгі бет
- Бизнес жаңалықтар
- Әлемдегі ең қымбат...
Әлемдегі ең қымбат жылжымайтын мүлік Гонконгта сатылады
Қытай Халық Республикасының суверенді Гонконг қаласы 2016 жылы алғаш рет тұрғын үй бағасы бойынша бірінші орынға шықты. Бұл туралы жылжымайтын мүлік саудасы бойынша жыл сайынғы рейтингді дайындаушы Christie’s International Real Estate Luxury агенттігі мәлімдеді.
Осыған дейін бірінші орынды бермей келген Лондон қаласы бұл жылы жалпы нысан және оның шаршы метріне белгіленген орташа баға бойынша Қытайдың алып қаласына есе жіберіп алды. Ұлыбритания астанасындағы жылжымайтын мүлікке деген сұраныстың азаюына оның Еуропа Одағынан шығу туралы шешімі мен сауда келісіміне негізделген салық төлеу жүйесінің өзгергені негіз болып отыр. Одан бөлек ағылшын валютасының әлсіреуі де инвесторлардың қызығушылығын бәсеңдетті.
Рейтинг бойынша үшінші орынды Нью-Йорк қаласы иемденді. Одан бөлек, бестікте Лос-Анджелес пен Сингапур қалалары бар.
Рейтингті дайындаушы агенттіктің берген ақпаратына орай, өткен жылы Гонконг қаласында бағасы 100 миллион АҚШ долларынан асатын төрт келісім жүзеге асырылған. Оның біреуі $270 миллиондық келісім болып, Азиядағы ең қымбат сауда шарты ретінде рекорд орнатты.
Бұл үдеріспен Гонконг келесі жылы да біріншілікті бермеуі ықтимал. iPhone смартфондарының үштен екі бөлігіне экран дайындайтын Biel Crystal Manufactory компаниясының негізін салушы Юн Кин-ман Гонгконгтағы Виктория шағын ауданындағы екі жер телімін 361 миллион АҚШ долларына сатып алған. Миллиардер бұл жерлерге өз жанұясына үй салуды жоспарлап отыр.
Ж. Өрісбай