Атамекен алаңында BedTax туристік салығын енгізу мәселесіне арналған алғашқы жиналыс өтті. Іс-шараға Атамекен ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов, Kazakh tourism ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Рашид Күзембаев, сонымен қатар ірі қонақ үйлердің өкілдері қатысты. Туристік қызметке қатысты заңнама Тұжырымдамасына қатысты жұмыс аясында BedTax туристік салығын енгізу мәселесі кеңінен талқыланып келеді. Бұл мәселені Kazakh tourism ұлттық компаниясының бастамасымен көтеріліп отыр. Алайда, бұгінде бизнес-қоғамдастық, оның ішінде 6 өңірлік қауымдастық өкілдері осы бастамаға сақтықпен қарау керектігін айтып, туристік салық енгізудің әлі ерте екенін жеткізді. Сондықтан біз бас қосып, BedTax туристік салығын енгізуге қатысты ұсыныстар мен тәуекелді бірлесіп талқылауды шештік, деп атап өтті Юлия Якупбаева. Ал Kazakh tourism ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Рашид Күзембаев таныстырылым арқылы BedTax туристік салығын енгізудің әлемдік тәжірибесі жайлы ақпарат берді. Туристік салық енгізуге қатысты бізге жақын тәжірибе Өзбекстандағы шара. Ол жақта туристік қонақ үй алымы қонақ үйде тұрған әрбір күн үшін ең төменгі жалақы мөлшерінен 10% болады және ол шамамен 2 долларды құрайды. Қаржы екінші деңгейлі банктердегі арнайы шотқа жинақталады және ай сайын туристік саланы қолдаудың бюджеттен тыс қорына аударылады. Ал соманы уақытында немесе толықтай аудармаған жағдайда өсімпұл қосылады. Осындай механизмді Қазақстанда да енгізгіміз келеді, деді Ұлттық компания басшысы. Рашид Күзембаевтың айтуынша туристік салықты Астана мен Алматы қалаларында пилоттық режимде сынақтан өткізіп алған соң, кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған. Сонымен қатар жоспарда салық құны ең төменгі есептік көрсеткіштен 10% қатынасында бекіту де бар, орташа алғанда 240 теңге болады. Әкімшіліктендіру арнайы IT бағдарламасын қолдана отырып жүзеге асырылады. Бұл бағдарлама шетелдік азаматтардың миграциялық тіркеуін, статистикалық мәліметтері мен есептерді автоматты түрде құрумен біріктіреді. Жобаны бастаушылар барлық қаражатты Қордан тыс бюджетке жинақтауды жоспарлап отыр, ал қаражатты пайдалануды Қор жанынан құрылған қамқоршылық кеңесі шешеді. Кеңес құрамына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы атынан уәкілетті орган өкілдері, сондай-ақ Kazakh tourism ҰК АҚ пен Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді. Таныстырылымнан кейін Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы өңірлік қауымдастық өкілдері жиналған қаражат қандай мақсатта жұмсалатынына қатысты сауалдар қойды. Олардың айтуынша, салықтың маңызды бөлігін қаражат жиналған өңірдің инфрақұрылымдық жобаларын дамытуға жұмсау керек. Kazakh tourism ҰК Басқарма Төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев бұл пікірмен келіспеді. Ең алдымен әлемдік индустрия нарығында мемлекеттік танымалдылығын жақсарту, туристер санының әрдайым өсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ елімізде маман дайындау деңгейін арттыру маңызды. Мұнымен қоса оның айтуынша, аталған салық кемпинг, қонақ үйлер, этникалық ауылдар, балалар лагері және тағы басқалардың қызметіне қатысы жоқ. Оның ұстанымын вице-министр Ерлан Қожағапанов қолдады. Бүгінде Қазақстанның туристік әлеуетін дамытуға бөлінетін қаражат жеткіліксіз. Сала ретінде өз-өзіне жеткіліктілікті және дамыту әлеуетін көрсету керекпіз. BedTax арқасында еліміздің танымалдылығын арттырғымыз келеді, яғни шетелдік туристер қалдырған қаражаттың бір бөлігін туристердің санын арттыруға бағыттағымыз келеді. Жиналған қаражат жұмсалатын екінші бағыт осы салаға маман дайындау. Сарапшылардың айтуынша, біз бірлесіп, осы екі бағытқа ерекше назар аударуымыз керек. Қазақстан үшін инфрақұрылым мәселесінің маңызы айрықша, алайда ең алдымен Қазақстан брендін әлемге танымал ету керек. Туристерден жиналған қаражат қонақүйлерге келушілердің қатарын арттыруға сеп болатынына, өз кезегінде саланың инвестициялық тартымдылығын арттыратынына сенімдіміз, деп есептейді Ерлан Қожағапанов. Алайда, туристік салықты шетелдіктер ғана төлей ме, әлде өз еліміздің азаматтары да беруі тиіс пе деген мәселе шешусіз қалды. Жобаны бастаушылардың пікіріне сүйенсек, мұндай маңызды мәселелерді сала өкілдерімен талқылаған орынды және ортақ пікір қабылдаған жөн. Алым төлеушілерге қатысты мәселе ірі қонақ үй иелерін толғандырды. Rixos қонақ үйі өкілінің айтуынша оларға келушілердің басым бөлігі бірнеше ай бойы тұрақтап қалатын корпоративтік клиенттерден тұрады. Қазіргі жағдайда туристік төлем қонақ үйдің баға саясатына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Егер алым енгізілсе, корпоративтік клиенттер үшін қонақ үйде тұру құны айына 7200 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Өз кезегінде Wyndham Garden қонақ үйінің өкілі қызмет көрсететін IT-қосымшасын қаржыландыру көзіне қатысты мәселе көтерді. Kazakh Tourism компаниясының өкілдері бұл үшін жиналған қаражаттың бір бөлігін қолдану жоспарланғанын айтты. Жиынға қатысушылар енгізілетін алымға қосымша табыс ретінде салық салынуы мүмкін деп қауіптенетіндіктерін айтты. Бұл қонақ үйге салынатын қосымша жүктеме болуы ықтимал. Алайда Юлия Якупбаеваның айтуынша, ұсынылған норма енгізілген жағдайда аталған мәселені ҚР Салық кодексіне өзгерту енгізу арқылы шешуге болады. Жиынды қорытындылай келе Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева Ұлттық палатада нарықты толғандыратын мәселелерін тізімі жасалып, оның негізінде уәкілетті органмен сұрақ-жауап кестесі дайындалатынын атап өтті. Ұсынылатын норма егжей-тегжейлі бірнеше рет талқылауды талап етеді, сондықтан жақын арада Атамекен алаңында осындай кездесулер жиі өткізілмек. Әріптестер, бүгінгі жиыннан нарықта көптеген сауал бар екені анықталды, жауап пен түсіндіруді талап етеді. Министрлік пен Kazakh Tourism атынан бұл алымға бастама көтерушілер талқылауға дайын, оған бүгінгі құрам дәлел. Толғандыратын мәселелерді Ұлттық палатаға жолдай аласыздар. Келіп түскеніне қарай мемлекеттік органдардың жауабын жариялаймыз және өз алаңымызда осындай жиындарды өткіземіз. Сонымен қатар Ұлттық палата жанындағы Туристік сала комитетінің жұмысы аясында орналастыру орны мәселесіне қатысты қосалқы комитет құрамыз, жаңа органның жұмысына белсене қатысуға шақырамыз, деді Юлия Якупбаева.