ҚР үкіметі ел экономикасына мемлекеттік сектордың қатысуын қысқарту жолдарын қарастыруда. Қазіргі таңда, мемлекеттік компанияларды жекешелендіру үдерісінің екінші толқыны жүргізілуде. Оны «Самұрық-Қазына» АҚ жүзеге асырып жатыр.
2016-20 жылдар аралығына бағытталған жекешелендірудің кешенді жоспарына 216 компанияның активі кіріктірілген. Жуырда «Қазақстан Темір Жолы», «Самұрық-Энерго», «Қазатомпром», «Қазпошта», «ҚазМұнайГаз», «Тау-Кен Самұрык», «Эйр Астана» сынды ірі компаниялардың акциялары халықтық IPO-ға шығарылады. Одан бөлек, ірі компаниялар қатарында тағы 37 кәсіпорын бар.
Ал 172 шағын компания активтері электронды түрде жүргізілетін аукцион арқылы жеке секторға өткізілмек. Ресми ақпаратқа орай, нарықта бәсекелесі жоқ компаниялар қор биржасы арқылы жартылай жекешелендіріледі. Себебі ішкі нарық монополистер бақылауына өтпеуі тиіс. Сәйкесінше, компания акциясының бақылау пакеті мемлекеттік сектор қарамағында қалады.