Экономика үнемділікке бағытталуы тиіс. Әсіресе табиғи ресурстарды үнемдеу, артық шығынға жол бермеу жылына мыңдаған теңгенің жұмсалуын азайтады. Жаңа тетіктермен қоршаған ортаны қорғау, экологиялық таза өнімдерді шығару бизнес саласында да орын алып келеді. Мәселен, өнертапқыштардың көмегімен кәсіпкерлер залалы аз әрі пайдалы, энергияны аз жұмсайтын, үнемділікке бейім тауарларды шығаруды қолға алып келеді.
Бірер күннен кейін Астана төрінде әлем назарын өзіне аудартатын Халықаралық Экспо–2017 көрмесі өз есігін ашады. Ірі шараға 100-ден астам ел, 10 халықаралық ұйым мен инновациялық технология саласында еңбектенетін жетекші компаниялар қатысады. Көрмеде сарқылып бара жатқан табиғи ресурстардың орнын баса алатын баламалы энергия көздерін қолдану, жаңа технологиялардағы жаңа шешімдер көрсетілмек.
Экспо–2017 көрме павильондарында әлемнің өнертапқыштары өз туындыларын ортаға салады. Робототехника, энергияны үнемдейтін құралдар, биоаспаптар, қоршаған ортаға зияны аз өнімдер Астанаға жол тартады.
Экспо–2017 көрмесіне қойылмақ үнемділік технологиялардың мүмкіндіктері мен сан алуандығын шара барысында білетін боламыз. Ал қазір баламалы энергия көздері мен үнемділік технологиялар бойынша қандай жетістіктер бар? Қазақстан нарығында қандай ұсыныстар бар? Халық үнемділікті көздей ме? Адамзат баласының үнемділікке бет бұруы адамгершілік қасиетінің артуы ма әлде қолындағы қаржысын үнемдеудің жолы ма?! Осы мәселені саралап көрелік.
Табиғат ресурстарын үнемдеу
Бұл тізімді сөзсіз табиғат күштері алып отыр. Бүгінде су ағыны, жел қуаты мен күн сәуелесін энергияға айналдыру үлкен индустрияға айналды. Бұдан басқа экоөнімдер күннен-күнге сұранысқа ие болып отыр. Демек бұл үдеріс адамдардың өз денсаулығына, өскелең ұрпақ болашағына деген алаңдаушылығын айғақтайды.
Қазақстанда жел қуатын игеру қолға алынбаса да су мен күн сәулесі энергиясын пайдалану біршама жетілген. Су ГЭС-тегі генераторларды қозғалтуда, ал күн сәулесінен қуат алатын батареялар жеке үйлерге қойылып, электр жарығы мен су жылытуға қолданылады. Күн батереялары шетелден тасымалданады. Демек, үнемділік технологиясы импортталады.
Жанармай қымбатшылығы
Жанармай бағасының үнемі көтеріле беруі, автокөлік шығарушыларға да, тұтынушыларға да үнемділікті қолға алуды мәжбүрлейді. Әсіресе жанармайды көп қажет ететін, үлкен көлемді жүк көліктердің мәселесі өзекті. Бұл ретте жүк көліктердің тіркемелеріне арнайы жел ағынын реттейтін жанасып өтетін белдемшелер жасалды. Аталған белдемшелер тіркемелердің шетіне және желке тұсына орнатылады. Бұл қосымша қондырғылар жел ағынынан болатын кедергіні азайтады. Аталмыш арнайы құралдар Trailer Skirt (көлік жақтарына қойылатын белдемшелер) және Trailer Tail (көлік желкесіне қойылатын құрал) деп екіге бөлінеді.
Отандық нарықта көлік жүргізушілері жанармайды үнемдеу мақсатында бензинмен жүретін көлікке газ құралдарын орнатып жатыр. Мәселен, газдың бағасы бензинге қарағанда анағұрлым арзан келеді. Жұмысы көлік жүргізумен байланысты адамдар мен таксопарктер газ құралдарын қойып жатыр.
– Газбен жүретін көлік қаржыңызды үш есе үнемдейді. Алайда зауыттан АИ жанармайымен жүруге арналған көлікке қолдан газ құралын орнату қауіптті болуы мүмкін. Егер сондай құрылғыны қоямын деп шешсеңіз, сапалы өнімді таңдаңыз. Газ құрылғысын білікті маманның орнатқаны жөн. Орнатпас бұрын көліктің техникалық жағдайы, электр тоқтары тексерілуі қажет, — деді Павлодар қаласының тұрғыны, көлік сарапшысы Болат Оразов.
«НЦТ Парасат» АҚ мен халықаралық Higer компаниясы əріптестігінің нәтижесінде Қазақстанда электробус жасалды. Электробус қуатты бір жинап алып, 70 шақырымға дейін жүреді. Қуатты толтыру үшін 8 минут жеткілікті. Батареяның мінсіз жұмысына 8 жыл кепілдік беріледі. Мұндай электробустар бүгінде Астана қаласында ғана бар.
Биопакеттер және қоқыспен күрес
Жер шары пластик пакеттерге тұншығып отыр. Өйткені пластик ғасырлар бойы шірімейтін қасиетке ие. Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуін ескере отырып, елордада қалдықтарды бөлек жинау бойынша іс-шаралар қолға алынған. 2013 жылдан бастап халықтан құрамында сынап бар энергия үнемдегіш шамдарды жинау және оны ары қарай пайдаға асыру бойынша жоба жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында құрамында бар энергия үнемдегіш шамдарды жинау үшін 300 арнайы контейнер орнатылды (жоба іске асырылған кезеңде халықтан екі миллионға жуық құрамында сынап бар шам жиналып, пайдаға асырылды); 2015 жылы 150 жаңа контейнер алаңын салу, 294 контейнер алаңын қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді, ҚТҚ жинауға арналған контейнерлер (күл жинауға арналған көлемі 0,75 текше метр – 566; 1,1 текше м – 512; көлемі 0,8 текше метр – 148) сатып алынды.
Келесі жылы Астана айналысындағы қоқысты азайту мақсатында Ақмола облысында ауылшаруашылық және қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт салынады. Зауыттың негізгі қызметі — түрлі қалдықтарды қайта өңдеу. Аталған жоба қазақ-герман кәсіпорны ECONEP-тің қолдауымен шетелдік инвестор арқылы жүзеге асырылып жатыр. 2017 жылдан бастап Қазақстанда қоқысты сұрыптап жинау қолға алынады. 2019 жылдан бастап қайта өндіруге сұрыпталмаған қоқысты көмуге тыйым салынады.
Қазақстанда биопакеттерді дайындау қолға алынған. Қазіргі жаппай қолданып жүрген полиэтилен пакеттердің шіруі 300 жыл уақытты алады. Бұл уақыт топырақты құрамын өзгертіп, қоршаған ортаға зиян. Сондықтан экологиялық заттардан дайындалған биопакеттер аз уақытта шіріп, микроорганизмдердің азығына айналады.
Агроөнеркәсіп пен отандық ғылым
Экспо–2017 көрмесіне отандық өнертапқыштардың өнімі де қойылады. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұстазы, техника ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері Әжімұқан Жамаловтың «Автономды тұтынушылар үшін микрогидроэлектрстанциялар жасау» деп аталатын жобасы «Астана ЭКСПО–2017» ҰК» АҚ ұйымдастырған энергетика саласындағы «Энергетика чемпиондары» республикалық байқауында үздік 10 жобаның қатарынан табылды.
«Менің жасаған дүнием ЭКСПО–2017 халықаралық көрмесінің «Болашақ энергиясы» саласы бойынша қатысады. Автономды тұтынушылар үшін микрогидроэлектрстанциялар ауыл шаруашылығы кооперацияларында қолдануға тиімді. Жайлауда мал баққан шопанға ыңғайлы. Микрогидроэлектрстанциялар көлемі шағын, тасымалдап жүруге ыңғайлы. Территорияда өзен, бұлақ болса, құрал жағалауға орнатылып, 30 шақты үйді тегін электр қуатымен қамтамасыз ете алады», — деп түсіндірді Әжімұқан Жамалов.
Ғалым Ә.Жамаловтың бұл алғашқы жеңісі емес. «Автономды тұтынушылар үшін микрогидроэлектрстанциялар жасау» деп аталатын жобасы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің 2013-2015 жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарының гранттық қаржыландыру байқауы бойынша жеңімпаз атанған.
Экспо–2017 көрмесіне қойылатын өнімдер арасында үйдің ішін күн энергиясы арқылы жылыту, жарық, сумен қамтамасыз ету, қаланы лас ауадан тазалау жүйесі, электрожелілерді тозудан қорғау, осылайша электр қуатын үнемдеу, өзен-көлдердің ағысынан қуат алу және тағы басқа да көңіл аударуға лайық ғылыми және ноу-хау жобалар болады. Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобалар мен үнемді технологиялармен отандық кәсіпкерлер танысып, сұранысқа ие жаңа бизнестің көзін қолға алса, адамзат игілігіне пайдасы зор бағыт болары анық.
Әлия Кемелбекова