- Негізгі бет
- Бизнес идеялар
- Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік: ескі...
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік: ескі әдістің жаңа деңгейі
Кәсіпкерлік сектордың дамуына әсер ететін ауқымды бағыттың бірі – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік. Бұл мемлекеттік органдар мен жеке меншік сектордың қоғам игілігі үшін атқарылатын жұмыстарда ынтымақтастық орнату арқылы жүзеге асырылады. Бұл бағыт бүгінгі нарықтық қоғамға қалай енді, ерекшелігі мен тиімділігі қандай?
Жалпы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік идеясының заманауи түсінігі, қайта жаңғыруы ХХ ғасырдың 80-жылдарында Ұлыбританияда туындады деп есептеледі. Бұл бағыт соңғы жылдары халықаралық және ұлттық деңгейде ең алдымен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған инновация ретінде қабылданғанымен, көптеген елде билік пен жеке сектор арасындағы байланыс бұрыннан қалыптасқан. Бразилия, Испания, Италия, Мексика, Америка Құрама Штаттары және Францияда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының тарихы тереңде.
Британиялық ғалым Стивен Хоакинг Линдер «Сексенінші жылдардың соңындағы серпін мен қажетті реформалық дәреже алғанына қарамастан, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік билік үшін жаңашылдық емес. Он жылдан астам уақыт бұрын Америка Құрама Штаттарында федералдық үкіметте мұндай әріптестік ешқандай салтанатсыз, реформалық мөрсіз-ақ, қала инфрақұрылымын дамытуда жеке инвестицияны ынталандыру құралы ретінде қолданылды» деп пікір білдірген. Мұнымен қоса, ғалымның айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік өңірлік экономиканы қалыптастыруда федералдық бастамалардың шоғырландырудың тетігіне айналған.
«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік» термині бастапқыда Америкада пайда болған. Білім беру бағдарламаларын қаржыландыруда мемлекет пен жеке сектордың бірлесіп жұмыс атқаруынан басталған. Кейіннен 1950-жылдары қоғамдық пайдалану нысандарын қаржыландыру қолға алынса, 1960-жылдары қаланы модернизациялау мен қайта құруда жекеменшік кәсіпорында қатысып, бұл байланыс нығая түсті. Осылайша мемлекеттік маңызы бар тас жолдар мен магистральдарды салу және пайдалануға беруде жеке меншік сектор негізгі рөл атқарды. Сонымен қатар Жапонияда бұл тәсілді пайдаланып, алғашында жеке сектордың қаржылай көмегі арқылы көпір салынған.
Қазақстанда да ұтымды әрі тиімді тәсілдерді игеру қолға алынып отыр. Елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағытына көңіл бөлініп, әлеуметтік маңызы бар салаларда жүзеге асырылып келеді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Жекеменшік инвестицияларды тарту жөнінен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі орасан зор әлеуетке ие болып отыр. Біз Қазақстанда бұл тетікті іске қостық, бірақ та ол озық әлемдік практикаға сәйкес жетілдіруді талап етеді», – деп пікір білдірген. Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамыту, мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді байланысты нығайту мәселелері Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында да кеңінен айтылып келеді.
ҚР Үкіметі 2011 жылғы 29 маусымда 2011-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында мемлекеттік-жеке әртіптестікті дамыту жөніндегі бағдарлама, сонымен қатар 2015 жылы 31 қазанда Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заң қабылданды. Аталған заңның 3-бабында Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің міндеттері анық көрсетілген:
• Қазақстан Республикасының орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің тиімді өзара іс-қимылы үшін жағдайлар жасау;
• инфрақұрылымды және халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерін дамыту үшін мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің ресурстарын біріктіру арқылы мемлекет экономикасына инвестициялар тарту;
• халықтың, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғалардың мүдделері мен қажеттіліктерін ескере отырып, тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі деңгейін және сапасын арттыру;
• Қазақстан Республикасындағы жалпы инновациялық белсенділікті арттыру, оның ішінде жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін өндірістерді дамытуға жәрдемдесу.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүзеге асырылу тәсілі бойынша институционалдық және келісімшарттық болып бөлінеді. Институционалдық мемлекеттiк-жекеменшік әрiптестiкті мемлекеттiк-жекеменшік әрiптестiк шартына сәйкес мемлекеттiк-жекеменшік әрiптестiк компаниясы iске асырады. Өзге жағдайларда мемлекеттiк-жекеменшік әрiптестiк келісімшарттық мемлекеттiк-жекеменшік әрiптестiк тәсілі бойынша жүзеге асырылады.
Ал келісімшарттық мемлекеттiк-жекеменшік әрiптестiк концессия, мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару, мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу); лизинг; технологиялар әзірлеуге, тәжірибелік үлгі дайындауға, тәжірибелік-өнеркәсіптік сынауға және аз сериялы өндіріске жасалатын шарттар; өмірлік цикл келісімшарты; сервистік келісімшарт; мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің белгілеріне сәйкес келетін өзге де шарттар жасасу арқылы іске асырылады. Келісімшарттық мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жекелеген түрлерін іске асыру кезінде «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік» туралы Заңмен реттелмеген бөлігінде Қазақстан Республикасының тиісті заңдарының ережелері, оның ішінде «Концессиялар туралы» Заңында көзделген ерекшеліктер қолданылады.
Бүгінде елімізде Қазақстанның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы жұмыс істейді. Бұл елімізде жаңа үлгідегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың алдыңғы қатарлы сараптамалық орталығы болып саналады. Бұл орталыққа мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында жоғары білікті, бірегей білімді және тәжірибелі мамандар жұмылдырылған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында зерттеулер жүргізуге, инвестициялық жобаларды сараптау және оның іске асырылуын бағалауға бағытталып отыр. Біз жобаларға консультациялық қолдау көрсете отырып, олардың жүзеге асырылуына қолғабыс көрсетеді.
Қазақстанның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының 2018 жылдың сәуір айындағы мәліметіне сүйенсек, осы салада 893 жоба бар, оның ішінде жалпы сомасы 103,994 млрд теңге болатын 206 келісімшарт жасалған, ал жалпы сомасы 15 973 млрд теңге болатын 81 келісімшарт тіркеу кезеңінде тұр. Сонымен қатар жалпы сомасы 394 896 млрд теңгенің 102 жобасы байқау кезеңінде болса, 733 147 млрд теңге сомасындағы 504 жобаның құжаттары реттелу үстінде.
Өңір бойынша алатын болсақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде тіркелген жобалар саны бойынша Шығыс Қазақстан облысы көш басында. Бұл өңірде 71 келісімшарт тіркеліп, 2 келісімшарт байқау кезеңінде, 95 жобаның құжаттары әзірленуде. Одан кейін Оңтүстік Қазақстан облысында 22 келісімшарт тіркеуден өткен, 20 жобаның байқау кезеңінде, 17 жобаның құжаттары жинақталуда. Сонымен қатар Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары көптеп қолға алынған.
Өңірлер бойынша бөлгенде Батыс Қазақстан, Атырау және Жамбыл облыстарында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағытындағы жобалар аз. 2018 жылдың сәуір айындағы мәліметке сүйенсек, Батыс Қазақстан облысында 3 жобаның келісімшарты тіркелген, 9 жобаның құжаттары әзірленуде. Атырау облысында 2 жобаның келісімшарты тіркелген, 2 жоба байқау кезеңінде, 33 жобаның құжаттары реттелуде. Жамбыл облысында 1 жобаның келісімшарты тіркелген, 6 жоба байқау кезеңінде болса, 3 жобаның құжаттары жинақталуда.
Еліміздегі тіркелген және келісімшарты жасалған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының өңірлік-салалық картасымен танысуға болады. Мұнымен қоса, биылдан бастап елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында жобаны жүзеге асыру жеңілдетілмек. 2017 жылдың желтоқсан айында ҚР Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларды қарастыру, бекіту және жүзеге асыру үдерістерін оңтайландыру әрі тездету мақсатында бюджеттік заңнамаға өзгерістер енгізді. Бұл өзгертулер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында іскерлік белсенділікті арттыратын болады.
Атап айтқанда «Бағдарламалық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік» енгізілу қолға алынған. Бұл дегеніміз жеке әріптес және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары бойынша барлық процедуралар экономиканың әр саласына арнап мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларда жеңілдетілген форма бойынша жазылады, яғни қосымша сараптама өткізу қажеттілігі жоқ.
Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жоспарлау үдерісі де оңтайландырылуда, енді жоспарлау 5 кезең емес 3 кезеңнен тұрады (инвестициялық ұсыныстың сараптамасы, байқау өткізу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шартын жасасу), тізімнен жоба тұжырымдамасы және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты жобасының сараптамасы алынып тасталды.
«Жалпы мелекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын әзірлеу мерзімдері 7 айдан 3 айға дейін қысқарды. Осыған байланысты МЖӘ процедуралы анағұрлым қолжетімді болады, осылайша инвесторлар ұзақмерзімді капитал салымын жоспарлайтын болады. Сонымен қатар Сондай-ақ заңнамалық деңгейде кемінде 3 жыл мерзімге МЖӘ үшін тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді тұтынудың кепілдігін қамтамасыз ету белгіленген. Заңнамаға өзгерістер енгізу арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікте креативті әрі қызықты жобалар саны арта түседі», – деді Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасы экономикалық талдау бөлімінің бастығы Жанна Байқоңырова.
Кәсіпкерлер палата сарапшыларының пікірінше, бизнестің мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке деген қызығушылығының төмендігі – жобалардың қымбат болуымен түсіндіріледі. Мәселен, балабақша салу бойынша мелекеттік-жекеменшік әріптестік жобасының құны 70-тен 140 млн теңгеге дейін шарықтап тұр. Бұған қоса кәсіпкер бастапқы кезеңде жобаға 10% жарна салуы тиіс.
Бюджеттің аздығы немесе жоқтығы (инвестициялық/транзакциялық шығындарды өтеу) да мелекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларға қатысуға шешім қабылдауға кедергі келтіреді. Бүгінде жергілікті атқарушы органдармен бірге орындалып, тез таралып жатқан жобалар қатарында мектеп оқушыларын тамақтандыру, балабақша, тас жол салу, көшелерді жарықтандыру және тағы басқалары бар.
Қарлыға Мырзалимова
А. Қажиев