Бүгінде ақпарат тарату қарқыны үдеп, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» уақытта баспа өнімдеріне деген сұраныс уақыт өткен сайын төмендей береді деген пікір қалыптасып келеді. Электронды кітаптар том-том басылымды ығыстырып жатқаны да жасырын емес. Бір шыныаяқ кофені ұрттап қойып, газет-журнал оқудың орнына, интернеттен ақпаратты ала салып, сан түрлі сайтты «парақтайтын» уақыт келгені анық.
Кітап – біздің мәдениетіміз. Алғаш сауат ашуға көмектесетін, рухани дамытатын құрал. Кітап – ой-өрісті кеңейтіп, білімді тұлғаға айналдыратын қазына. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Кітап сүйер ұлт» жобасын бастап, таным көкжиегі кең, парасатты ұрпақтың өсуіне ерекше көңіл бөліп отыр.
«Біз зиялы ұлт құру бағдарламасына кірістік. Алдымызда мұрат еткен белес, ол – ауылдық ортадағы жастардың деңгейін көтеріп, алдағы биік асуларға ынталандыру, қаладағы қатарластарымен теңестіру. Сондықтан, біз, әрбір ауылда кітапханалар ашқымыз келеді. Еліміз бәсекеге қабілетті болу үшін, отандастарымыз көп кітап оқуы керек. Кітапсүйер ұлт қана кемелденіп, гүлденеді. Мысалы Америкада миллиардерлерге табысқа жету құпиясымен бөлісуге сұрау салғанда, оларды ең бастысы білімге, кітап оқуға зор құлшыныстың біріктіретіні байқалған», – деп түсіндірді «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.
Осындай игі бастамалар жүзеге асырылғанда баспа өнімдерінің дәуірі аяқталмайды. Дегенмен, нарық дәуірінде бәсекенің қайнап тұрған шағында ескі тәсілдермен кітап шығарып, табысты боламын деу қате. Міне, сондықтан бизнес-баспагерлер оқырманның жүрегіне ерекше жол салатын тың бизнес-идеяларды ұсынып, қалыптасқан баспа өніміне жаңалық енгізуді бастады.
Технология дамыса да, эклектронды кітаптардан гөрі баспа кітапты құп көретін оқырман үшін бизнес-баспагерлердің жаңалығын көзбен көріп, қолмен ұстауға мүмкіндік туды. Астанада маусым айының 15-18 күндері «Eurasian Book Fair-2017» II Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі кітап индустриясына терең бойлайтын әрі отандық нарықтың бүгінгі ахуалынан хабар берді.
Бұл көрмеге Қазақстан баспаларымен қатар Үндістан, Түркия, Қытай, Ресей, Иран, Тәжікстан, Әзірбайжан, Беларусь, Украина секілді 20-дан астам ел қатысты. Аталған елдерден кітап бизнесіне қатысты 120-ға жуық компания өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.
Кітапқұмарлар мен кітап бизнесі майталмандарының назарына балалар әдебиетінен бастап том-том экнциклопедияларға дейін ұсынылды. Әрбір павильонда ерекше көңіл аударарлықтай дүниелер мол қойылған. Баспа өнімдерінің сан алуандығы көздің жауын алып қана қоймай, көңілге қонымды, іздегеннің білімін арттырып, рухани байыта түсері анық.
Нарық заманында баспа ісі – тек басыпшығарып, сауат ашуға үлес қосатын сала ғана емес, табыстың көзі, бизнестің түрі. Баспагерлер әрбір кітаптың мазмұны жаңаша, дизайны ерекше, түптеуі мен қаптауы да тартымды болуына айрықша көңіл бөледі. Кітап көрмесіне барған әрбір жан осыған көз жеткізді.
«Eurasian Book Fair-2017» II Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде «Алматыкітап» баспасының «Менің отаным – Қазақстан» сыйлықтық кітабы ерекше назар аудартты. Бірінші сынып оқуышысына сыйлық ретінде дайындалған кітап ерекше қалыбымен көзге түсті. Киіз үй пішінде жасалған кітап ойын баласының кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін арнайы дайындалған.
«Оқушыларға арналған кәдесый секілді жасалған кітапта Қазақстан туралы мол мағлұмат берілген. Әр бетін парақтай отырып, қызықты ақпарат алады», – деп түсіндірді «Алматыкітап» баспасының маркетинг басқармасының басшысы Бүбіхан Шәкиева.
Бүгінде баспагерлер де өз өнімдерін қоғамдағы болып жатқан оқиғалармен байланыстырып, оқырманға ерекше дүние ұсынуды қолға алған. Оған «Қазақ энциклопедиясы» баспасы шығарған «Мәңгілік ел. Қазақстан» энциклопедиясы дәлел.
«Астанада өтіп жатқан «Экспо-2017» халықаралық көрмесі еліміздің мәдениетін, тарихын, құндылығын танытатын айрықша шара. Осы іс-шараға арнап кәдесый ретінде энциклопедия шығардық. Шетелдік туристер мен қонақтарға егемен еліміздің қандай екенін зор мақтанышпен танытатын басылымға айналды. Еуразиялық көрмеде баспа өнімдері сарапқа салынған осы көрмеде біздің кітабымыз бас жүлдеге ие болды», – дейді баспа директоры Жадыра Тойбай.
Кітап оқуға деген құмарлықты түрлі тәсіл арқылы оятуға болады. Осындай бір тәсілді ресейлік «Белый ветер» баспасынан байқадық. Вячеслав Ратнердің «Здесь безраздельно властвует Любовь» атты өлеңдер жинағы көпшіліктің назарын өзгешелігімен аударды.
Әсем безендірілген, қатты мұқабада түптелген кітаптың форзацы қалыптасқандай аппақ емес. Кітаптың санаулы тиражы жекелеген оқырманға арналған. Кітаптың форзацына акварельді бояумен әртүрлі, қайталанбайтын суреттер салынып, автордың жеке қолтаңбасы қойылған. Суреттер кітап басылып шыққан соң салынған. «VIP», яғни «Very Important Person – аса маңызды тұлға» деген таңбасы да бар. Бұл көрерменнің даралығын, ешкімде қайталанбайтын қолтаңбасы бар кітаптың иесі екенін білдіреді.
Көрме-жәрмеңкеде оқырманмен тілдесіп, өлеңін оқып берген кітап авторы Вячеслав Ратнердің ерекше тәсілі туралы сұрап, әңгімеге тарттық.
«Бүгінде баспа ісі – үлкен бизнес алаңы. Оқырман көңілінен шыққан кітапты ғана сатып алады. Ал поэзияны оқитындар қатары көп болғанымен, кітап алатындар қатары сиреп бара жатыр. Маған оқырманмен байланыс орнатқан маңызды. Менің әрбір кітабыма тираж нөмірі жазылады. Бұл менің авторлық ерекшелігім. Осы кітабын екіншірет баспадан шыққанда форзацы аппақ, ешқандай безендірілусіз түптеліп кетіпті. Қайта түптету ұзақ уақытты алады. Содан ойлана келе, танымал каллиграфист Нина Тужилинаға бардым. Ол акварельді бояумен бір-біріне қайталанбайтын суреттер салып, оқырманға арналған өлеңді қолтаңба ретін көркемдеп жазып шықты. Шығармашылық еңбектің бағасы да жоғары. Осы кенеттен туған әдіс көпшіліктің кқңілінен шығып отыр», – деп түсіндірді автор.
Тиісінше көрмеге қойылған бұл поэзия жинағының бағасы да таңдандырарлық. Акварельді бояумен сурет салынып, қолтаңда жазылған «VIP» кітаптың 1 данасы 11 мың теңгеден сатылса, форзацы безендірілмеген кітаптың бағасы 3 мың теңге. Міне, осылайша, оқырманның қолында бірегей басылым болады.
Бүгінде баспалар жеке меншікке өтіп, нарыққа бейімделіп жатқан тұста, шетелдік, әсіресе Ресейдің кітаптарымен бәсекелесе алуы үшін отандық өнімге қолдау қажет. Ал баспагер-бизнесмендер өз кезегінде креативті ойымен жаңашыл дүниелерді басып шығара отырып, оқырманның жүрегіне сара жол сала алады.
Қарлыға Телман