- Негізгі бет
- Бизнес идеялар
- Қайырымдылық түрлері және...
Қайырымдылық түрлері және кәсіпкерлік
Кез келген қоғамда әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдар болады. Әсіресе нарық заманында біреу ілгері, біреу кем тұрмыс кешіп жатады.
Мәселен, Біріккен Ұлттар ұйымының соңғы мәліметтері бойынша әлемдегі орын алып жатқан соғыстар мен қақтығыстар салдарынан аш жүрген халықтың саны соңғы екі жылда 55%-ға артып, 124 млн адамға жеткен. 51 мемлекеттің 124 млн халқы күнделікті аштықпен арпалысады, олардың барлығы кез келген гуманитарлық көмекке мұқтаж.
Бұдан басқа жер планетасында адамдар материалдық көмекке мұқтаж. Мейірімді жандар, қауымдастықтар мен ұйымдар, әлемдегі тепе-теңдікті сақтау мақсатында түрлі идеялар мен қозғалыстарды қолға алады. Оның бірі – фудшеринг.
Фудшеринг
"Фудшеринг" термині ағылшын тілінен тікелей аударғанда "тамақпен бөлісу" деген мағынаны білдіреді. Яғни, фудшеринг жақтаушылары пайдалануға әлі де жарайтын азық-түліктер тасталмай, мұқтаж жандарға таратылғанын қалайды. Әдетте осы мақсаттарды орындау үшін азық-түлік қалдықтарын жинайтын кішігірім бөлімшелер ашылады. Осы бөлімдерден әркім өзіне қажеттісін ала алады.
Фудшеринг қозғалысы алғашқы рет Германияда бастау алып, бірте-бірте бүкіл әлемге таралды. Фудшерингке жекелеген адамдар ғана емес, дүкендер, кәсіпорындар да атсалысады.
Төрт түлігі түгел, қамбасы астыққа толы Қазақстан үшін аталмыш қозғалыс тансық, тіпті санаға қонымсыз бағыт болып көрінуі мүкін. Алайда фудшеринг алғышарттары елімізде де бар. Жас әрі табысты кәсіпкер Елжас Үсенов фудшерингті қолға алып, арнайы www.FOODSHARING.kz сайтын да құрған. Кәсіпкер пайдалануға әлі де жарайтын азық-түлік қалдықтарын тастамауға үндейді де халықты үнемділікке үндеп, аталған қозғалысқа қосылуға шақырады. Өйткені айналымызда ашқұрсақ жүрген замандастар көп.
Бұл бағытта еріктілер жасағы құрылуда, қозғалыс негізінде тамақ қалдықтары жиналып, мұқтаж жандарға үлестірілетін болады.
Жалпы қайырымдылық жасаудың түрлі бағыттары бар. Өзгелерге көмек қолын созудың негізгі түрлеріне тоқтала кетейік.
Жеке қайырымдылық
Бұл қайырымдылықтың ең кең тараған түрі. Кез келген адам ақша, киім-кешек, дәрі-дәрмек түрінде мұқтаж жандарға арнап жасаған көмегі жеке қайырымдылық деп аталады. Яғни кез келген адам ешқандай ұйым атынан емес, өз еркімен жанашырлықпен танытып, көмек қолын созады.
Корпоративті қайырымдылық
Белгілі бір коммерциялық ұйымның әлеуметтік жобаларды қолдауға немесе мұқтаж адамдарға көмектесуге бағытталған әлеуметтік жұмысы. Компания өзінің қызметіне қатысы жоқ қайырымдылық бағытын таңдай алады. Әдетте түрлі қорлар коммерциялық қайырымдылық жұмыспен айналысады. Ірі компаниялар корпоративті қайырымдылықпен айналысу мақсатында жеке қайырымдылық қорларын құрады.
Меценаттық
Әдетте меценаттық мәдениет, өнер, ғылымды қолдауға бағытталған демеушілік. Меценаттықтың қарайымдылықтан айырмашылығы жекелеген адамға емес, қозғалысқа, салаға, қоғамға жасалған демеушілік. Мәселен, қарапайым адамға көмектесу – қайырымдылық, өнер адамына, дарындыларға көмектесу – меценаттық.
Филантропия
Грек тілінен аударғанда «Philantropia» сөзі адамды сүюі деген мағынаны білдіреді. Жалпы Жер планетасында барлық тіршіліктің өмір сүру жағдайларын сақтауға және жақсартуға бағытталған іс-әрекеттер әдетте осы терминмен аталады. Экологияны жақсарту, дәрі-дәрмек шығаруға қаржы бөлу, ғылыми гранттарды бекіту, хайуанаттарды қорғауға атсалысу филантропиялық қозғалыс болмақ.
Әлеуметтік жауапкершілік
Демократиялық қоғамда анағұрлым кең тарағам ұғым. Әлеуметтік жауапкершілік дегеніміз – Компанияның, мемлекеттің және бизнестің өзара мүдделеріне жауап беретін өзіне ерікті түрде қабылдаған міндеттемелерді орындау. Бұл қозғалыс ұйымның өз мойнына алған ерікті миссиясы. Әлеуметтік жауапкершілікті алған компанияның миссиясы қоғам дамуына бағытталады. Бұл ұғымдағы жауапкершілік сөзі қайырымдылыққа бағытталған. Кәсіпорын қоршаған ортаны, өндірісте зардап шеккен қызметкерлерін қорғауға, қызметкерлерінің балалары оқитын мектеп дамуына, қызметкерлер емделетін ауруханаларды қаржыландыруға жауапкершілік алады.
Демеушілік
Демеушілікті қайырымдылық әрекетке балайды. Алайда демеуші үшін қайырымдылыққа жұмсаған ақшасы – жарнамаға жұмсалған шығын. Қайырымдылық пайда көзделмей жасалады. Ал демеушіліктің мақсаты көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар өз брендін насихаттау болып табылады.
Әлеуметтік кәсіпкерлік
Кез келген бизнес пайда табуды мақсат етсе, әлеуметтік кәсіпкерліктің басты көздегені – мұқтаж жандарды жұмыспен қамтамасыз ету. Мұнда қызметкерлер басқа саладағы әріптестері секілді жалақысын алады, түскен пайданы қайта айналымға жібереді. Ең бастысы – мұқтаж жандардың мүддесін қорғайды.
Еліміздегі ірі қайырымдылық бастама "Атамекенім"
Жылдан жылға қайырымдылықпен айналысып жатқан жандар артып келеді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бастамасымен 2017 жылдың қыркүйек айында «Атамекенім» акциясы іске қосылды. Бұл әлеуметтік жоба бірден қарқын алып, көптеген жандарға көмек қолын созды. Акцияның басты кейіпкерлері – жүрегі жылулыққа толы кәсіпкерлер.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы "елімізде бизнестік корпоративтік жауапкершілігін арттырып, әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмылып атсалысу керектігін насихаттайтын "Атамекенім" жалпыреспубликалық акциясын бастаған. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруға және қайырымдылық мәдениетін жүйелі дамыту мен әлеуметтік жауапкершілікке бағытталған іс-шарада бірнеше бағытты қамтиды.
Бүгінде қайырымдылық жасау мәдениет қалыптастырып, игілікті істі насихаттау мақсатында қолға алынған шара жан-жақты жүзеге асырылу үстінде. Бүгінде Ұлттық палата Әлеуметтік мәселелер тізімін дайындап, өңірлерде шешілуі тиісті өзекті мәселелерді ресми интернет-ресурсқа жинақтады.
Аталған акция респсубликалық деңгейге шыққан ауқымды қозғалыс. Елбасының "Әлеуметтік 5 бастамасының" негізі де осы акцияның қағидаттарын қолдайды. Мәселен, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен жасалған қайырымдылық шара мемлекет тарапынан ынталандырылады. Яғни кәсіпкер қайырымдылық жасап, сауапты іс атқарады, қосымша салықтық жеңілдікке ие болады.
Әлия Кемелбекова
Г. Берік