- Негізгі бет
- Бизнес идеялар
- Бизнеске ұштасқан ұлттық...
Бизнеске ұштасқан ұлттық бренд
Ұлттық бренд – ұлттың ерекшелігі, қайталанбас дүние, өткеннің өміршеңдігі, жаһандану заманында жаңғырудың өзегі. Кез келген елдің ұлттық бренді сол мемлекеттің танылуына, туризмнің артуына, сол арқылы ішкі экономикасының дамуына ықпал етеді.
Қазақстан туризмін дамытудың бір жолы – ұлттық дүниелерді таныту. Елімізде туризм дамуы бәсең әрі өзекті сала. Статистикалық мәліметке сүйенсек, 2017 жылы қаңтар-маусым айларында туристік мақсаттаҚазақстанда 3,6 млн адам келген. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 20,5%-ға артқан.
Еске салсақ, шетелдік туристердің Қазақстанға деген қызығушылық танытуы 2013 жылы болған, сол уақытта келушілердің саны 22,2%-ға артты. Алайда 2015-2016 жылдары туристер легі күрт төмендеп, алдымен 7%-ға, одан кейін 1,2%-ға кеміген.
Дегенмен Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің өткізілуі Қазақстанның әлемге танылуына, туристердің келуіне айтарлықтай ықпал етті. Халықаралық көрмеге әлемнің 115 мемлекеті мен 22 ұйымы қатысқан. Ал туристер легі 187 елден ағылды. Сонымен қатар ЭКСПО кезінде тауар шығару 70%-ға артып, туристік қызмет 80%-ға өскен.
Шығарылған тауардың ішінде отандық өнім, әсіресе ұлттық бұйымдар бар екені даусыз. Ішкі нарыққа әрі шетелге шығарылатын заттардың ішінде ұлттық брендке деген сұраныс бар.
Қолөнершілер, шеберлер ұлттық нақышта, ұлттық бояуы сіңген дүниелерді нарыққа бейімдеп, бизнес көзіне айналдырып, табыс тауып келеді. Республиканың әр өңірінде ұлттық киім тігумен айналысатын шеберханалар да жұмыстыбизнестің негіздеріне сай бастағаны даусыз.
Ұлттық бұйым дегенде 2000 жылы құрылған «Әдемі-ай» компаниясы ойға оралады. Қазақ халқының көне мұраларын қайта жаңғыртып, заманауи әдіспен жаңартып, ел назарына ұсынып келеді. Бұл компанияның басшысы, ҚР Мәдениет қайраткері, өнертанушы, коллекционер Бахаргүл Төлегеннің айтуынша, кәдесый дайындауда өнертанушылармен, этнографтармен, суретшілермен, яғни осы саланы кәсіби мамандарымен тығыз байланыс орнатылған. Бұл компанияның өнімдері еш жерде қайталанбайтындығы да сондықтан.
Қазақ халқы ертеден тері илеп, былғарыдан тұрмысқа қажетті заттарды дайындаумен айналысқан. Бүгінде ұлттық нақышта, ою басылған белдік, әмиян, сөмке, телефондардың қаптарын табу оңай. Осындай бұйымдарды дайындаумен айналысушылардың бірі – «Mukajan» компаниясы. Ұлттық бұйымдарды жасауды қолға алған компания кәсіпті несиесіз бастаған. Қолөнер шебері Алмас Мұқажанның бастамасымен құрылған компания ел нарығына кеңінен танымал. Әлеуметтік желілер арқылы жарнамалаудың тәсілдерін қолдана отырып, тұтынушылардың қызығушылығы мен сұранысын арттырып келе жатқаны да белгілі.
Бүгінде кәсіпкерлікке бет бұрған өзге саланың мамандары қаншама?! Олардың қатарында өнер адамдары да баршылық. Солардың бірі әнші, продюсер Қыдырәлі Болманов нарыққа ұлттық ойыншық ұсынып, қазақша сөйлейтін, қазақ тілінде ән айтатын, күй тартатын таптырмас дүниелерді жасауды қолға алған. «Бал-бала» бренді арқылы қазақ отбасылары Алдар Көсе, Тазша бала, Ер Төстік ойыншықтарымен және ұлттық киім киген қуыршақтармен қауышты. Бизнесті бастауға 1,3 млн доллар қаржы жұмсалған ауқымды бастамаға инвестор тартылған.
Сондай-ақ ағаштан ойылып, ұлттық өрнек салынған қазақы табақтарды пайдалану да сәнге айналған. Теледидар мен радио жарнаманың деңгейін төмендедіп, тұтынушымен тікелей жұмыс істеуде таптырмас құралға айналған Instagram әлеуметтік желісі арқылы «астау», «табақ» деп іздеп көрсек, қаншама бизнес өкілдерін табуға болады. Түрлі пішімде, түрлі өрнек пен түрде бұйым ұсынып отырған кәсіпкерлер нарықтың талабына бейімделе білген.
Ұлттық бренд дегенде ұлттық тағам ойға оралмай қоймайды. Бүгінде түрлі фаст-фудтармен қатар ұлттық тағамға деген сұраныс көбейген. Тіпті италиялық пицца мен америкалық бургердің өзіне қазы салып, тұтынушының «әлсіз» тұсын басу арқылы, бизнесті түрлендіріп жатқандар да қаншама?!
Ал қымыз, шұбатты арнайы бөтелкелерге құйып, ұзақ уақыт сақталатындай етіп шығарып, дүкен сөрелерінен табылатындай маркетингтің тәсілмен ұлттық бизнесті дамытуды қолға алғандардың бірі – «Сарыжайлау» корпорациясы. Бие сүтін зауытта шайқап, арнайы бөтелкелерге құйып, ұлттық дүниені заманына қарай түрлендіре отырып, отандастарға да шетелдік қонақтарға да дәмді әрі пайдалы сусын ұсынып келеді.
Академик Төрегелді Шармановтың «Құлыншақ» атты бие сүтінен дайындалатын балмұздағы мен шоколады – ел тұрғындары мен шетелдік азаматтарды таңдандыратын пайдалы өнім. Таза табиғи өнімнің пайдасы өте зор. Сонымен қатар балалар тағамына көңіл бөлген академик Қазақ тағамтану академиясының жанынан «Амиран» зауытын салып, таза табиғи сиыр сүтінен, химиялық қоспасыз дайындалатын өнімдерді шығаруды қолға алған. Балалар тағамына ерекше көңіл бөлген зауыт қаймақ, сүзбе, йогурт, сүт өнімдерімен қатар, сарысуды да сатылымға шығарды.
Бүгінде дүкен сөрелерінен қаптамаға оралған, құрт, арнайы қалыпқа келтірілген жент, тіпті оны шоколад глазурімен қаптап, таптырмас сыйлыққа айналдырған кәсіпорындарды табуға болады. Ақтөбеде шығарылатын осындай жент Қазақстанда жасалған үздік тауарлардың қатарында. Ал «Алматы-құрт» компаниясы онлайн тапсырыс арқылы түрлі құртқа тапсырыс қабылдап, жеткізіп беруді қолға алған.
Сондай-ақ Ақмола облысы Бұланды ауданында түратын өнерлі қыз – Ғайни Ахметова. Бүгінде Ғайни «Бастау Бизнес» арқылы білім алып, автокөліктердің орындығын қаптауға арналға тыс тігу идеясын сәтті қорғап, тиісті қаржыландыруға қол жеткізді. Қазақстаның ою-өрнегін матаға сала отырып ерекше дүние жасауды қолға алған шеберге Ақмола өңірінен ғана емес, өзге аймақтардан да тапсырыс түсіп келеді.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған «Бастау Бизнес» жобасы жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды кәсіпкерлікке баулуды қолға аған. Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту арқылы бизнес идеяны нақты бизнес-жобаға ұластыра отырып, жеңілдетілген несие алуға дейінгі кезеңге шығаруды көздейтін бұл жоба қаншама азаматқа үміт отын сыйлап, ертеңіне деген сенімді күшейтті.
Міне, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында ұлттық өнер, бұйым, тағам бизнеске арқау болғанына көз жеткіздік. Өз еліміздің жауһарын пайдалана отырып, сырттан келген туристерге де ұсына білсек, танымалдылықтың арқасында сапалы дүниенің табысы мен пайдасы артатыны анық.
Г. Берік