Массагеттің негізін қалаған ұжымның құрамында еңбек еткен Мейіргүл Оңғарова Массагет қалай құрылғанына жауап береді.
Массагет сайты бүгінде қазақ жастарының мекеніне айналды десем, артық емес. Осы сайттың алғашқы ұжымы қаңқаға қан жүгіртіп, сайтқа дем берді. Сайтқа атау беруде түрлі нұсқаның ішінен «Массагет» сөзі таңдалды. Сөздің мағынасы терең, оның үстіне естір құлаққа жағымды, өзге тілде де еркін айтылып, жазылады. Осы алғашқы ұжымның құрамында мен де бар едім. Ол кезде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студентімін.
Ұжымдағы үлкен кісілерден үлгі-өнеге алып, шыңдалдым. Студент болып жүріп, жұмыс істеу оңай болған жоқ, әлбетте. Бірақ жауапты редакторлық қызметке кіріскен соң, өзіме артылған сенімді ақтауға тырыстым.
Сайт ашылмай тұрып, «Не жазамыз? Қандай бағытқа қозғаламыз? Оқырманға не береміз?» деген сұрақтар алдымыздан шықты. Тәуекелге бел буып, жастарға арналған сапалы контент жасауға қадам бастық.
Бастығымыз әрқайсымыздан үнемі өзгеше ойлауды талап етті. Сайттың әр бөлімін жауапты адамдарға сызғызып, оны түбегейлі көз алдымызға әкелгізді. Сөйтіп қиялымыз шындыққа айналды. Сайт ашылғанша ұжымдағы әр адам бірнеше рет күйзеліске түсіп үлгергені анық.
Әлі есімде, бастығымыз, бағдарламашылар бар, 16 желтоқсан түнгі сағат 12-де Массагетті ел назарына ұсынатын уақытты тағатсыздана күттік. Оған дейін "Массагет ашылуына 1 ай (1 апта, 1 күн) қалды" деген жазба ілініп тұрды.
Әр материалда бір түйір маңдай теріміз жатты. Еселі еңбектің арқасында қазір Массагет еліміздегі үздік қазақ сайттарының біріне айналып отыр.
Мен болсам, әлі де Массагеттің контентімен айналысамын. Құрылғалы бері жұмыс істеп келе жатқан жалғыз адам болып отырмын. Мұның бір ғана себебі бар – өз жұмысымды жақсы көретінім.
Кейде шығармашылық тоқырауға ұшырап, күйзеліске түсіп жатамыз. Десе де әрқайсысы талантты, еңбекқор, өз ісіне шебер жастардан құралған осындай ортада жұмыс істеудің өзі қызық.
16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні сайт 3 жасқа толады. Массагетке бергенімізден береріміз көп сияқты...
Сурет: жеке мұрағаттан