Аяулы арулар әр жұмада Массагеттегі "Аспаздық" айдарынан мәзір күтеді. "Массагеттен мәзір" деген атпен шығатын жобаны жүргізгендер қатарында Сания Аринова, Айгерім Сматуллаева, Ақерке Әбілхан, Анар Мұстафина, Назерке Смағұл сияқты қыздарымыз болды. Жасаған мәзірлерін сайтымызға үздіксіз жолдап тұрған Ақнұр Бектеміске айтар алғысымыз шексіз! Қазір айдарды Қарлыға Бүйенбай қолға алды.
3 жыл бойы мәзірдің түр-түрін жасауға тырыстық. Ыстық тамақ, тәтті, салат, жеңіл тағамдардың бірнеше түрін назарларыңызға ұсындық. Солардың арасынан "Аспаздық" айдарын ұзақ уақыт жүргізіп, еңбектері сіңген Сания Аринова, Айгерім Сматуллаева және Қарлыға Бүйенбайдың бір-бір мәзірін "Массагеттің 3 үздік мәзірі" ретінде танып отырмыз.
Сания Аринова:
- Массагеттегі "Аспаздық" бөлімі менің алғашқы жобам, "тұңғышым" болды. Шыны керек, тамақ әзірлеу - менің сүйікті ісім. Мен сәнге, сұлулыққа, эстетикаға көп мән бермеймін, иістерді де керемет сезбеймін, мен үшін аста оның дәмі ғана маңызды, дәмді жақсы сезіп, бір-бірінен ажырата аламын. Содан болар, менің мәзірімнің көбі аса әдемі емес, бірақ олардың дәмділігіне 100 пайыз кепіл беремін. Ұсынған мәзірімнің барлығы оп-оңай, ал құрамындағы заттарды қарапайым базар-дүкеннен табу еш қиын емес. Қазірде Массагетте мен ұсынған мәзірлердің көп бөлігін үйде өзім қайта жасап жүрмін, олар көп мәзірдің негізі болып табылады. "Аспаздық" айдары мені ылғи ізденіп, қызықты мәзірлерді табуға, эксперимент жасап, таныс емес мәзірлерді әзірлеуге, қорықпауға үйретті! Айдарымды ылғи тексеріп, қыздардың мәзірлерімен танысып тұрамын. Менің ойымша, дәл осы "Аспаздық" бөлімі - актуалдылығын ешқашан жоғалтпайтын айдар.
Массагеттен мәзір: "Смайл" салаты
Айгерім Сматуллаева:
- Кейде "Рамстор" секілді сауда орталықтарына бара қалсам, Массагеттегі "Аспаздық" айдары есіме түсіп сала береді. Сайтқа жұмысқа келгелі "Әлемтану" айдарын жүргізетінмін, сондықтан болар, "Аспаздықтың" тізгінін бергенде әлем тағамдарын жасауға деген құштарлығым ашылды. Алайда уақыт өте келе ол тағамдардың өз менталитетіме бөтендігін байқадым, кейде жей алмай қалатын кездерім де болатын. Дегенмен біраз нәрсе үйрендім деп айта аламын. Ал өзгелер үйреніп жатса, тіптен қуаныштымын. Қыз баласының түрлі тағам жасап үйренуі керектігіне күн сайын көзім жетіп келеді. Сондықтан "Аспаздық" тек асқазан жаулайтын тағамдар ұсынуды тоқтатпасын!
Массагеттен мәзір: "Паэлья" тағамы
Қарлыға Бүйенбай:
- Кез келген адамның қалауы мен жеке қызығушылықтары бар. Бірі интернет беттерін парақтағанды ұнатса, екіншілері кітап, журнал оқуды жөн көреді. Ал мен, бір қызығы, бос уақытымды үлкен отбасыммен өткізгенді жақсы көремін. Маусым сайын табиғат аясына шығып, отбасылық отырыстар ұйымдастырамыз. Сол отырыстарда барлығымыз бірігіп түрлі тағам дайындаймыз. Осы отырыстар арқасында әке-шешемізден аспаздықты үйрендік. Сол себепті қазір қолым босай салысымен, тағам жасаймын. Және әркез жаңа мәзірді таңдағанды ұнатамын. Ол мәзірлер түрлі мемлекеттің ас үйінен алынған. Теңіз тағамдары бізге жат болғандықтан, Корея, Қытай мәзірлерін таңдамауға тырысамын. Әр мәзірдегі азық-түліктің қолжетімді болуына да назар аударамын. Бірақ ең бастысы - тағамның дәмді әрі тойымды болуы деп білемін. Мүмкіндігінше қазақ жақсы көретіндей ет пен картопты пайдалануға тырысамын.
Массагеттен мәзір: Үй жағдайында дайындалатын KFC
Сурет: ©massaget.kz