16 желтоқсан Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында massaget.kz сайты үшжылдық қуанышын атап өткелі отыр. Сайтымыздағы керекті кеңестер мен танымдық дүниелер бір сәт те тоқтап қалған емес. Алдағы уақытта да қолданушыларын қажетті дүниелерімен қуанта түспек. Олардың қатарына арнайы жобаларды да қосуға болады. 3 жыл көлемінде сайтта талай ірілі-ұсақты өзгерістер орын алды. Осы орайда, massaget.kz сайтының 3 жыл көлеміндегі 3 айтулы өзгерісі мен ең үздік 3 жобасын таныстыра кетуді жөн санап отырмыз.
Massaget.kz сайты 2014 жылдың қазан айында жаңа дизайнға көшті. Сайт қолданушыларының өтініш-тілектері бойынша жаңа мүмкіндіктер енгізіліп, жаңа формат қабылдады. Экранға бейімделгіш нұсқа көпшіліктің көңілінен шықты. Әрине, 100% деп айта алмаймыз. Көз үйреніп қалған ескі нұсқадағы дизайнды қию да оңай болмады. Бірнеше айдан бері қолданушылар жаңа дизайнға көз үйретіп, жаңа мүмкіндіктерін тани түсуде. Сайт структурасына өзгерістер енгізіліп, негізгі 6 модульге топтастырылды. Олар:
1.Мәтін түріндегі жаңалықтар мен танымдық мақалалар бөлімі (Сайттың бастапқы бөлігінде)
2. Блогтар
3. Бірге аударайық
4. Форум
5. Фоторепортаждар
6. Massaget TV
Бұл - massaget.kz сайты тарихындағы айтулы өзгерістердің бірі.
Massaget.kz модулінен байқап отырғандарыңыздай, сайтта Massaget TV жобасы ашылды. Бұл бөлімде біздің шығармашылық ұжым дайындаған және ғаламтордан жиналған сіздерге қызықты болар деген видеолар топтастырылған. Мысалы, "Сабақтар" айдарында әртүрлі сала бойынша білімдеріңізді жетілдіру үшін қажетті видеодәрістер дайындалса, "Массагет аялдамасы" айдарында видеоға түсірілген сауалнамалар, сұхбаттар жарияланады. Бұған қоса "Әдебиет әлемі", "Клиптер" деген айдарлар да бар. Осыған дейін жастарды технология тілін меңгеруге үйретіп келе жатқан «I-дос» жобасын да Massaget TV әлемінен таба аласыздар.
Жақында жастарға арналған «Жұлдыз FM» радиосы өз жұмысын бастады. Республика көлемінде хабар тарататын радио - massaget.kz сайтының басты серіктестерінің бірі. Бүгінде сайттың жаңа дизайнымен қоса, «Жұлдыз FM» радиосының жеке бөлімі ашылып, сайтымызда жағымды жаңалықтарымен бөлісіп отыр. Сонымен қатар, сайтымыздың оқырмандарына радионы онлайн жүйеде тыңдауға да мүмкіндік туды. Бұл жобаны да сайтымызға жаңалық алып келген өзгеріс деп қабылдауға болады.
«Көш жүре келе түзеледі» демекші, massaget.kz сайты да уақыт өте қанатын кеңге жайып келеді. Мереке, іс-шара мен айтулы күндерге арналған арнайы жобалардан уақыт өткен сайын сан мен сапаның, тәжірбиенің өскендігі айқын байқалады.
Массагет тарихындағы 3 үздік арнайы жобаның бірі – ӘЧ 2014. Осы жазда футболдан Бразилия жерінде өткен доданы біздің сайт та барынша ауқымды қамтуға тырысты. Ойындар нәтижелері уақытымен жарияланып, арнайы онлайн кесте бағаны құрылды. Сонымен қатар, «мундиальға» қатысты қызықты ақпараттар жарияланып тұрды. Ал бастысы – болжамдар бәйгесі ел есінде қалды деп сенімді түрде айта аламыз. Бағалы сыйлықтар ойнатылған сайысқа 300-ден астам оқырман қатысты. Яғни, massaget.kz оқырмандары белсене қатысқан арнайы жобалардың бірі.
2014 жылғы 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған арнайы жоба – massaget.kz сайтындағы толысқан туындылар әлемі десек болады. Ақ жаулықты аналарды, асыл жанды аруларды құттықтаған ізгі тілектер, керек кеңестер кезегімен топтастырылған. Еліміздің өнер жұлдыздары да құттықтаған жүрекжарды лебіздер бар. Мерекелік іс-шараларға қатысты сценарийлер мен сыйлық таңдауға арналған кеңестер назардан тыс қалмаған. Бұл - оқырмандар мейлінше қызығушылық танытып, іздеп оқыған жоба болды.
Massaget.kz сайтында 2014 жылы қолға алынған үздік жобалардың бірі – ҰБТ бөлімі. Жас түлектерге арналған жобада оқушыларға ұлттық бірыңғай тестілеу алдындағы түрлі дайындық тәсілдері, ақыл-кеңестер мен психологиялық дайындық тестері ұсынылды. ҰБТ кезінде арнайы ат басын бұрған тілшілеріміз қолданушыларына тест тапсыру алаңынан арнайы фоторепортаждар мен видеорепортаждар ұсынды. 125 балл алған жас түлектермен тілдесіп, сұхбаттар жариялады. Тест жайлы оқушыларды мазалап жүрген сұрақтарға арнайы мамандардан жауаптар алынды. Түрлі пәнге дайындық барысында керекті ақпараттар жарияланып, оқушылардың таным көкжиегі мен білімін жетілдіре түсуге жағдай жасалды. Сонымен қатар, мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі де қолданушыларға қолжетімді болды. Бұл жоба бір жыл ғана мерзіммен шектеліп қалмай, алдағы уақытта да өз жұмысын қайта жандандыратын болады.
Айта кеткеніміздей, 16 желтоқсан Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында massaget.kz сайты да үшжылдық мерекесін тойлайды. Сайттың басты демеушісі де, қолдаушысы да – оқырмандар. Ал біздің басты мақсатымыз – қазақстандық қолданушылардың таным көкжиегін кеңейту және қазақ тілін ғаламтор көмегімен дамыту болып табылады.
Сурет: ©massaget.kz