Бүгінде қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасымен танылып жүрген ақын әрі жазушылардың бірі – Бейбіт Сарыбай. Жақында жұрт таныған қаламгермен тілдесудің сәті түскен еді.
- Бейбіт аға, ассалаумағалейкум! Алдымен бүгінгі қазақ интернет-журналистикасы туралы сөз қозғасақ. Қазіргі қазақ сайттары мен порталдарындағы жаңа медиа лебіне қандай баға бересіз?
- Бүгінде ғаламтордың қарыштап дамып келе жатқанын көзіміз көріп жүр. Кез келген адамның, кез келген оқушының немесе студенттің қолындағы смартфон, планшет арқылы ғаламторға кіруге болады. Яғни, қолжетімді десек болады. Қажетсінген адамға ғаламторды іздеп табу қиын емес. Мұнымен қоса енді интернет-журналистика да қанатын жайып келеді. Сұранысы жоғары деңгейде деп айта аламыз. Осыған орай, қазақ интернет-журналистикасы да өз кірпішін қалауда. Жаңа медиа лебі ғаламторымызда айқын сезіледі. Өйткені қазір газетте жарияланған дүниелерді үш-төрт күн бұрын ғаламтор желісінен оқып қойған боласыз. Газеттен сол ақпаратқа қатысты сараптамалық немесе әдеби дүниелерді шолып шығатын деңгейге жеттік. Бұл дегеніміз – тек біздің елде ғана емес, әлемде интернет-журналистиканың заманы орнап жатқанын айқын байқатады.
- Газет туралы айта кеттіңіз. Осы қазіргі басылымдардың халі қалай? Алдағы уақытта газет тағдырын қалай елестетесіз?
- Бүгінде мемлекеттің қолдауымен де, жеке өз-өзін қамтамасыз етіп отырған да газеттер бар. Кей газеттерге халықтың еріксіз жазылып жатқанын да байқаймыз. Егер халық еркін түрде газетке жылына жазылар болса, 80 000 таралыммен шығатын газет 8 000-ға дейін түсіп қалуы мүмкін. Кей жазылған газеттердің сапасы сын көтермегенімен, жыл он екі ай азық болар дүние сыйлайтын басылымдар жоқ емес, баршылық. Тек таңдай білу керек, таба білу керек. Газет-журнал – бұл қажет дүние.
- Газет-журналдардың өзіндік жазу стилі бар. Осындай стиль бүгінгі интернет-журналистикаға да керек деп ойлайсыз ба?
- Газеттің сан ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік жазу стилі бар. Ал бізде интернет-журналистиканың дендеп еніп келе жатқаны енді ғана. Сондықтан белгілі бір жүйесі, соқпағы бар деп айтуға келмейді. Әркім әр қилы жазады. Газет-журналдың белгілі бір стилі бар. Жаңадан келген тілші сол басылым мектебінен сабақ алады. Өзіндік жазу стилін қалыптастырады, бейімделеді. Ғаламторда ондай мектеп жоқ. Газеттерде мақалаңа жауапкершілікпен қарайсың. Басы артық сөздерді пайдаланбауға тырысасың. Ал интернет-журналистикада дәл сондай жауапкершілік бар деп айта алмаймын. Ақпараттарды оқып отырып ойды дұрыс жеткізсе, қателерін байқамай да қаласың. Өзім ғаламторда жазғанда «барыппын» деген сөзді көп қолданатын «ауруым» бар. Газетке арнап жазғанда міндетті түрде ескеремін. Сондықтан интернет-журналистикада еркіндік басым екені байқалады. Негізі жаңа медиаға да жауапкершілікпен қарау керек. Ал нақты бір жазу стилі қажет деп ойламаймын. Әркім өз еркінде жазса, құба-құп. Бастысы – бұрмаламай, ойын нақты жеткізе білу керек. Одан кейін сауаттылыққа баса мән бергеніміз абзал.
- Интернет-журналистикаға қатысты көзқарасыңызды айта кеттіңіз. Енді қандай сын айтар едіңіз? Қазіргі қазақ интернет-журналистикасына не жетіспейді деп ойлайсыз?
- Қазіргі қазақ интернет-журналистикасы сілтемелердің заманы болып кеткен секілді. Бірінде жарияланған ақпарат бес минуттан кейін бірнешеуінде тұрады. Кейбірінде өзгертіліп берілсе, кейбірі сол қалпында жариялайды. Енді бірде шектен шыққан сорақылықтарды байқап қаласың. Мысалы, «facebook» желісінде жариялаған дүниеңді біреулер алып, «бізден оқы» деп сілтеме беріп қояды. Бұл енді артығырақ. Оқиға ортасына барып, немесе арнайы сұхбаттар алуда кемшін тұстар бар. Бірақ кей ақпарат көздерін де түсінуге болады. Өйткені қаржы қоры аз. Сайтты немесе порталды үш адам болып басқарса, оның бірі – бастық, екіншісі – көмекшісі, үшіншісі – жұмысшы. Кей сайттар халыққа танымы мол тағылымды дүниелерді ұсынып отыр. Олардың өзі ақпаратты ғаламтордан алғанымен, қазақи тілде шебер жеткізіп отыр деп айтуға келеді. Жылдамдық та нашар емес. Оның біразы алдында айтып кеткендей, сілтемелер арқылы да беріліп жатады. Бір қуанатыны – біздің интернет-журналистикада білім бар. Алда үлкен ізденіс пен еңбек өз жемісін береді деген сенімдемін.
- «Facebook» әлеуметтік желісінде мыңдаған оқырманыңыз бар. Алдағы уақытта қазақ сайттарының бірінен блог ашып, жазба жазу ойыңызда бар ма?
- Өзіммен-өзім бір дүниені түртсем қиналмаймын. Өтініш немесе тапсырма ретінде келгенде тосылып қаламын. Мен еркіндікті жақсы көретін адаммын. «Facebook» әлеуметтік желісінде еркін отырып, ойыңа келген дүниені қозғай аласың. Негізінен мұнда жауапкершілік аз, еркіндік жоғары. Ал бір сайттан блог бастау да оңай емес. Ол үшін сол сайттың бағытын бағамдау керек, қолданушылардың ортақ түсінігін ұғыну керек. Ол кезде жауапкершілікке баса мән беріледі.
- Әлеуметтік желіде жеке парақшаңызға кіріп, іздеп оқитын оқырмандарыңыздың қарасы да мол. Соның бір құпиясы бар ма?
- Жұрттар іші пысқанда арнайы парақшама кіретін шығар. Оның бір құпиясы бар деп айта алмаймын. Бәлкім, солардың іздеген дүниелерін, іздеген суреттерін, іздеген тақырыптағы ойларын жеткізіп отырған болармын. Кейде осы желіде отыратын үлкен ағаларымыздың жариялаған дүниелерін байқап қаламын. Олардың қасында менің жазған көп дүнием аса құнды да емес. Бірақ сол кісілердің ұлағаты мол, оқырманның танымын кеңейтетін жазбалары көп қаралмай да қалады. Кейде соны көріп, қынжыламын да.
- Жазбаларыңыздың соңына жазылған сын деуге келмейтін теріс пікірлерді қалай қабылдайсыз? Әлде, жауап жазбай құтыласыз ба?
- Жазба үшін пікір де маңызды. Бірақ «бүйрек» жазба жазсаң, «сирақ» деп пікір жазатындар да көптеп кездеседі. Саналы пікірлермен санаспауға болмайды. Жазған дүниеңді теріс түсініп немесе қателігіңді дәлелді түрде айтып отырған пікір иесімен неге санаспасқа? Орынсыз теріс пікір айтатындар көп. Олармен уақытымды жоғалтып, санасып отырмаймын. Ол үшін достар қатарынан да өшірмеймін.
- Көбісі білгісі келетін шығар, ақын-жазушылар жалғыздықты көп сезінеді. Сіздің жан досыңыз кім? Кімге бар сырыңызды ақтарып, ашық әңгіме-дүкен құрасыз?
- Терең мағынадағы жалғыздық бәріміздің басымызда бар. Мысалы, отбасымызда отырып, қалың достарыңның ортасында отырып, жалғызсырауымыз мүмкін. Жалғыздықтан көп адам жапа шеккен емес. Әдебиеттегі талай дүниелер осы бір құдіреттің арқасында дүниеге келді. Кейде жалғыздықтың да адам еңсесін басып, жаншып тастайтын кездері болады. Бірақ бәрібір пайдалы деп санаймын. Ал, енді достар жайлы айтқанда, ұзынсонар тізім бар. Бәрі де менің қуанышым болсын, басқа біріміздің қуанышы болсын, өздерінің қуанышындай қабылдап, бөлісе біледі. Десе де өзің айтқандай, бар сырыңды ақтарып, емін-еркін әңгіме құратын досыңның болатыны анық. Менің Айдар деген досым бар. Бірінші сыныптан бері жақсы араласып келеміз. Көңілімде жүрген дүниелерді, сырларды соған ақтарамын. Қазір 31-де болсақ, біз 6 жасымыздан бері жақсы сыйласамыз. 25 жылдан бері жалықпай, сырымызды айтып, қиын-қыстау сәт пен қуанышта бір жерден табылып келеміз.
- Қызметіңіз шығармашылықпен айналысуға кедергісін келтірмей ме?
- Жазушылар Одағындағы бұл жұмысым нағыз шығармашылық адамына арналған. Мұнда басшы деген жоқ десек те болады. Бәріміз бір-бірімізбен тату-тәтті, әке мен баладай, аға мен інідей сыйласамыз. Өзге орындарда да қызмет жасағаным рас. Бірақ бұл жұмысым өзіме ыңғайлы. Кей достарымның қызметтері шығармашылықпен айналысуына қол байлау болып жүргенін де байқаймын. Бәлкім, солар менің қызметімде болғанда талай нәрсені дүниеге әкелер ме еді деп те ойлаймын. Әр қызметтің өз қиындығы болады. Шығармашылыққа уақыт таба білу керек. Осы желтоқсан мен қаңтар айларында жұмысымдағы іс-шаралар саябырсиды. Осыған орай, жылда желтоқсан мен қаңтар айларында шығармашылыққа ден қоямын.
- Әңгімеңізге үлкен рақмет! Алда келе жатқан шығармашылыққа арнайтын уақытыңыз табысты болғай!
Әңгімеміздің соңында Бейбіт Сарыбай Massaget.kz порталын келе жатқан 3 жылдық мерейтойымен құттықтады. Жазушының лебізін мына видеодан көре аласыздар:
Оператор: Бауыржан Жақсымбет
Монтаж: Ернар Алмабек