Редакция таңдауы. "Парасат" тобы: "Біздің өнеріміз Қазақстан халқы үшін"

Порталымыздың 1 жылдығына орай, қазірге дейін жазылған материалдардың ішіндегі ең үздік деген жазбаны таңдап беріп отырмақпыз. Массагет редакциясы Парасат тобымен болған сұхбатты үздік материалдардың бірі деп танығандықтан, осы жазбаны назарларыңызға қайтадан ұсынады!

Топтарыңыздың басты мақсаты қандай?

Дулат:  Біздің мақсатымыз – классикалық музыка мен академиялық ән айтуды дәріптеу. Көптеген опера әншілері басқа әншілерге жоғары талап қоя отырып, эстрадаға келеді. Репертуарымыз тек классикалық шығармалармен ғана шектелмейді. Танымал әндер мен халық әндерін академиялық стилде орындап, әнге жаңаша леп береміз.

Мейір: Біз халық алдына кездейсоқ шығып қалған жоқпыз. Өкінішке орай,  еліміз қайта қалыптасу үрдісін бастан кешкен заманда классикалық музыканың дамуы екінші орынға қалып қойды. КСРО ыдыраған соң, дағдарысқа ұшырдық. Экономикамыз бойын тез жиып алып, тіпті, одан әрі өркендеу жолына түссе , мәдениет пен білім беру саласында керісінше, көп нәрсені жоғалтып алдық. Рухымыз әлсіреп кетті.

Фархат: Халық өнердің сан саласына, соның ішінде классикалық музыкаға шөлдеді. Олар кәсіби әншінің орындауында әсерлі ән тыңдағысы келеді. Бұл дегеніміз, біз секілді әртістер сұранысқа ие болады деген сөз.

Қазақстандық мәдениетті көтеру үшін мемлекеттік қолдау керек деп ойлайсыздар ма?

Дулат: Әлбетте, мәдениетті дамыту бағдарламасы болуы керек деп санаймын. Кеңес заманындағы саясат ойластырып істелген еді. Халықтың рухын асқақтататын оның биік өнері мен шұрайлы әдебиеті емес пе? Кеңес заманында классикалық өнердің дамуына ерекше көңіл бөлінгендіктен, кеңестік опера мен балет әртістеріне әлемде ешкім теңеспеді. Дәл осы заманда қазақстандық опера өнер мектебінің негізі қаланды. Биік өнер саласында қызмет атқаратындардың әлеуметтік жағдайларын да мемлекет бақылап отыратын. Мәселен, балет әртісіне жеңілдіктер жасалып, зейнетке де басқаларға қарағанда ерте шығатын. Қазір балет әртістері зейнетке бәрімен бірдей уақытта шығады: әйелдер: 58 жастан, ерлер 63 жастан. Сіз 58 жастағы балерина сахнада өз партиясын орындап, лайықты өнер көрсете алады деп ойлайсыз ба?


"Парасат" тобы: Болат, Дулат, Мейір, Фархат

Айтыңыздаршы, мамандықтарыңызды оқыту ісі де бұрынғыға қарағанда төмендеп кетті ме?

Дулат: Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін көптеген мамандар жоғарырақ ақы төлейтін мамандыққа ауысып кетті. Өнер саласы да сондай күйді басынан өткерді. Әртістер сахнадан отбасын асыру үшін кетіп жатты. Бірақ, мықты база мен сапалы білімсіз кәсіби опера әншісін шығару мүмкін емес. Бізде оқытудың барлық жүйесі мұғалімнен оқушыға беріліп отыратын мектеп бар. Осы үшін шүкіршілік. Осы мектептердің арқасында биік өнерде әртістерді дайындау жоғары деңгейін ұстап қалды.

Болат: Білім беру әдістемесі сақталып, жеке сабақтар жүргізіліп, тәжірибеден өту жұмыстары да ұйымдастырылды. Соның арқасында театрларда дарынды әртістердің толқыны сақталып қалды.

 

Дулат пен Болат дайындық үстінде

Кеңес заманында елдің түкпір-түкпірінен қабілеті бар балаларды арнайы мектептерге оқуға шақыратын. Комиссия облыс, қалаларды аралап, балаларды іріктеуден өткізетін. Қазір өнер саласында осы дәстүр сақталған ба?

Дулат: Иә, мұндай жүйе болды. Мәселен, менің ұстазым Амангелді Сембин қойшының ұлы болған. Ол үнемі ән айтып жүретін. Даусы сондай керемет еді. Күндердің бір күнінде ауылға Ермек Серкебаев келеді. Амангелді Сембиннің дауысын естіп қап, оны өзіне шақырып алып, мектеп бітірген соң, Алматыға келіп консерваторияға түсуге кеңес береді. Міне, осылайша менің ұстазым кәсіби әнші болып кетеді. Өкінішке орай, бүгінде дарынды балаларды іздемейді. Менің ойымша, мемлекеттің атын асқақтататын –  спортшылар мен әртістер. Дарынды балаларды іздеп, оқыту мемлекеттің міндеті деп санаймын. «Не ексең соны орасың» демей ме?


Тәуелсіздік күніне арнап Қазақстанның Әнұранын сіздердің орындауларыңызда жаздық. Жазба барысын бақылап тұрғанымызда байқағанымыз, сіздер өте кәсіби түрде орындап шықтыңыздар. Бұл мерекенің маңызы сіздер үшін сондай үлкен көрінді.

Дулат: Иә, мен үшін бұл мереке ең маңызды мейрам. Жаңа Жыл да емес, 8 наурыз да емес, тек Тәуелсіздік күні. Мен Тәуелсіз Қазақстанның азаматымын, егемен еліммен мақтанып, халқымның әрқашан менімен бірге болатынына сенемін.

Мейір: Тәуелсіздік күні – ұлы күн. 16 желтоқсанда алаңға шыққан өрімдей жас қыз-жігіттер өздері де тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихын жазып жатқандарын сезбесе керек. Мен Қазақстандықтар үшін бұл күннің маңызы жоғары деп есептеймін.

Фархат: Көбі бұл күннің маңызын түйсіне бермейтін шығар, дегенмен, Мемлекет Тәуелсіздігі халықтың ұлы жетістігі және бұдан айрылып қалу үлкен қасірет деп білемін.

Болат: Мен үшін бұл мейрам – халқымыздың мақтаныш күні. Әнұранды айтып тұрғанда, егемен елдің ұлы екенімді мақтаныш тұтамын. Отандастарымыз ұлтының, нәсілінің әртүрлілігіне қарамастан, ұйыған отбасындай ынтымағы жарасып, бір шаңырақтың астында емін-еркін өмір сүруде. Әркім өмірінің осындай бейбітсүйгіш жандардың ортасында өтіп жатқаны үшін қуану керек. 


Ендеше, патриотизм туралы не айтар едіңіздер? Сіздер патриотсыздар ма?

Мейір: Өткен жылы Мәдениет Министрлігі он адамды Италиядағы Ла Скала театрына тәжірибеден өтуге алып барды. Осы ондықтың ішінде мен де бар едім. Операның Отанына тап болғандай әсер алдым, әлемге әйгілі оқытушылардын дәріс алдық. Бірақ үйге қатты қайтқым келді. Үнемі туған-туыстарыма қоңырау шалып тұрдым. Отаныма оралғым келді. Тәжірибеде итальяндық маэстродан тәлім алдым, ол біздің қайсымыз қай жақтан екендігімізді асқан қызығушылықпен сұрады. Олар Қазақстанда кәсіби шеберлігі биік дарынды әртістер бар екенін білмейді екен. «Қазақстандық әртістерден ән айтуды үйреніңдер», - деді бір күні бәріміздің көзімізше маэстро.Сол кезде төбем көкке бір елі жетпей тұрды. Қазақстандық екеніме сондай мақтандым. Тек өз елімде ғана қызмет етемін деп шештім. Шетелде өнер көрсетсем де, тек Қазақстанның атынан шығатын боламын.

Дулат: Патриот – өз елін сүйіп қана қоймай, халқы үшін аянбай қызмет ететін адам. Дарынды әртістерді шетелдік театрлар өздеріне шақырып алып жатады. Менің ойымша, ең алдымен өз еліңнің мәдениетін дамыту керек, дарыныңды өз еліңе арнауың керек.

Фархат: Әртіс өмірінің қиындығына, биік өнерге сұраныстың аздығына қарамастан, мен Қазақстаннан ешқайда кетпеймін. Осы жерде кіндік қаным тамды, ержеттім, әлі де осы жерде өмір сүремін. Мен де ең алдымен өз елім үшін ән салатын боламын.

Болат: Достарымның айтқан сөздеріне қосыламын. Байқап отырғандарыңыздай, біз бәріміз де ұлтымызды сүйеміз, бәріміз де патриоттармыз, Отанымызды сүйіп қана қоймай, оның көркеюіне атсалысқымыз келеді. Жүректерге жылулық сыйлап, қуаныш себелеу – бұл да бір үлкен өнер. Қазақстандық биік өнердің үлгісін көрсетін жатқанымызы сезінгенде үлкен жауаптылықтың бар екенін түсінесің. Әлемдік сайыстарда Қазақстанның туы көкке көтеріліп, әнұран шырқалғанда спортшылардың жас тамшыларының неге тоқтаусыз шығатынын түсінемін. Дәл сондай сезімді өзім де халқымның атынан сахнаға шығып, ән айтқанда бастан кешемін.Біздің өнеріміз әрқашан тәуелсіз Қазақстанның еркін халқына арналатын болады.

Тәуелсіздік күніне қандай тілек айтасыздар?

Шын жүректен барлық қазақстандықтарды осы бір айтулы мерекемен құттықтағымыз келеді. Денсаулық, сәттілік, бейбітшілік пен барлық жақсылықтарды тілейміз! Әрқашан Жерімізде тек бақыт шуағы үстемдік құрсын!

Сөз соңында ұжымның үстіміздегі 2012 жылы "Нұр бейнең" атты әнге түсірген бейнеклипін назарларыңызға ұсынамыз:

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/CkE6wYp1MIM","width":"450","height":"255"});

"Парасат" тобы. Нұр бейнең

"Парасат" тобының алғашқы бейнебаянын мына жақтан көріңіздер.

Интервью группы "Парасат" на русском языке читайте здесь

П.С: Құрметті Массагет оқырманы, сіз Массагетте жарияланған қай жазбаны үздік деп ойлайсыз? Қай материалды қызыға оқыдыңыз? Өз ойыңызды форумға қалдырыңыз! 

Сұхбаттасқан: Ғазиза Ұзақ