Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі, қазақ сатирасының қарашаңырағы – «Тамаша» әзіл-оспақ театрының актері Кәдірбек Демесін Massaget.kz порталын 1 жылдығымен құттықтайды. Ардагер актерден алынған сұхбатты ұсынамыз.
- Басты жаңалықтарыңыз "Тамашаның" концерті жайлы естіп қалдық...
- Иә, Бүгін Республика сарайында сағат 18.30-да «Тамаша» әзіл-оспақ театрының концерті болады. «Тамаша» театры туралы айтылып та, жазылып та жүр. Ал бұл концерттің ерекшелігі бүгін «Тамашаға» 34 жыл толып отырғандығында. Толысқан нағыз жігіттің жасы емес пе! Сонау 1978 жылы «Қазақстан» телеарнасының ішінен жәй ғана хабар болып ашылған еді. Ал кейін үлкен әзіл-оспақ отауына айналды. Бұл елімізде тұңғыш әрі №1 театры болып құрылған. Алғашқы түп-қазығын қағып, іргесін қалаған азаматтарымыз бар. Олар бас режисеріміз, марқұм Лұқпан Есенов, одан кейін қазір Атырау қаласында қызметте Қойшығұл Жылқышиев деген ағамыз. Сосын қазақтың маңдайына біткен екі атақты актері бар: Тұңғышбай Жаманқұлов пен Құдайберген Сұлтанбаев. Біртіндеп, құрамы кеңейіп, халықтың қуанышына бөленіп келеді.
- Әзіл түбі зіл дейді ғой, қоғамның айнасын көрсеткен театрдың жаңа бағдарламасы қандай?
- Құпиямды ашпаймын. Театрда көрерсіз. Жалпы халықтың алдында бірталай борышын атқарған театр ғой. Өмірде болып жатқан небір жағдайларды сынның тезіне алып, сатира тілімен жеткізе білген бірден бір ұйым. Біле білсек, «Тамаша» - қазақтың ұлттық бренді. Қарап жүрмей ойналатын дүниеге өмірдің өзінен материал жинадық. Айтылатын тақырыптарымыз көп. Оның ішінде теледидардан беріліп жатқан сан мың түрік телехикаялары, нарық заманында бағаның өсуі, ән де, күй де өз алдына әзіл ретінде мәселе болып көтеріледі.
- «Тамашаны» көбіне ересек адамдар көреді. Жастардың қызығушылығын көтеру үшін не істеуіміз керек?
- Жастардың қызығушылығын өз басым аса байқай алмай жүрмін. Соңғы 10 жылдың көлемінде жастар өте аз келеді бізге. Ал біз өз кезегімізде құрамға жастарды кіргіздік. Тіпті театр құрамының жартысынан көбі жастар. Алла бұйыртса, тағы да жастар келеді. Қарақан басымдағы оймен бөлісейін, қазіргі жастар КВН-ге көбірек барады. Кезінде модаға балап, біз де ол жолдан өттік. Бірақ солай бола тұра, қазақтың майы тамған, мәйекті, орайлы ойларын айтып жеткізуде қазақ тілі ақсап жатқан сияқты. Ал бірақ қазақ тілді сайт болып ашылған massaget.kz порталының барына шын қуанамын.
- Жастардың әзілді түсіну деңгейі қалай немесе эталон әзіл қазіргі таңда бар ма?
- Жастар ортақ бір «прикол» деген нәрсені шығарды ғой. Әзілі арзан. Теледидарды қарай қалсаң арғы жағында ойы жоқ, жұқа, өте әлсіз дүниелерді айтып жатады. Бірақ оған жастарды кінәлауымыз дұрыс емес. Бұған үлкендер кінәлі болуы керек. Екінші жағынан жастар ден қойғысы келмей жүр. Журналист болсын, жас болсын, «Біз айтуға керекпіз» деп сөйлейді. «Біз айтуға тиіспіз» немесе «Біз айтуымыз керек» делінуі керек қой. Жастардың тілінде тағы да бір сөз бар «Мен ғо-о-о», «тұрқ қо-о-о» дейтін. Ал түсініп көр. Сөйлемдегі бастауыш аяғында тұрады. Мен осыған қарсымын. Асқар Тоқпановтың ақылын мен жастарға айтайын: «Абай жолын» 30 жасыңда бір оқы, 35-те бір оқы, 40-та бір оқы. Жыл сайын демеймін, 5 жыл сайын оқығанның өзінде тіл шеберлігіміз бен тәрбиеміз заңды түрде орнына келеді.
- Жиын-тойда көп боласыз. Театрдағы әзілдер осындай жиындарда айтыла ма?
- «Күлдірші!» деп болмайтындар бар. Мен азамат ретінде, актер ретінде «күлдірші» деген сөзге қарсымын. Ешкім де, ешқашан да күлдіруге ұмтылмауы керек. Себебі айтып жатқан ойыңды дәл жеткізе білсең, халық өзі-ақ түсініп, күлер жерін біліп алады. Ал еш ойсыз күлдіретін адам хайуанаттар бағындағы маймыл болуы керек. Бұл өнер емес.
Әңгімелескен: Ардақ Құлтай
Сурет: Ардақ Құлтай