Қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі, этнограф, филология ғылымдарының докторы Шойбеков Рүстембек Нұсқабекұлы 75 жасқа толды. Белгілі ғалымның мерейтойына орай Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында «Тіл және мәдениет» алаңы аясында «Қазақ лингвомәдениеттанымы: теориясы, эмпирикасы мен практикасы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Ұлттық лексикология, лексикография, этнолингвистика, этнография, лингвомәдениеттану, лингвокогнитология, лингвоэтнология салалары бойынша анықталған ғылыми білімдер жүйесін, осы бағытта еңбек етіп жүрген отандық тілтанушылардың еңбегін насихаттауды мақсат тұтқан конференцияға отандық және шетелдік ғалымдар, мемлекеттік мекеме өкілдері мен қоғам қайраткерлері, Республикамыздың ЖОО оқытушылары, ҒЗИ ғалымдары мен жас ғалымдармен ізденушілер қатысты.
Конференция жұмысы этнограф-ғалым Р.Шойбековтың тілтанымдық мұрасы, қазіргі қазақ тіл біліміндегі өзекті мәселелер, тілдегі мәдениет, мәдениеттегі тіл, этнография, лингвоэтнология, лингвомәдениеттанымдағы зерттеулер метатілі, мәдени репрезентативті мәтіндер корпусын әзірлеу тәжірибесі, ингвомәдениеттанымдық зерттеулердің эмпирикалық базасы, тілдік-мәденитанымдық лингводидактика сияқты бағыттарды қамтығанын айта кету керек.
Алдымен «Ұлттық нақыштағы жәдігерлер» тақырыбында көрме ұйымдастырылды. Ал конференцияның кіріспе сөзін институт директоры Анар Фазылжан мен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлжан Сүгірбаева сөйледі.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Манкеева, филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Гүлдархан Смағұлова, Ресей халықтар достығы университетінің профессоры Улданай Бахтикиреева, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Шәйкен Жалаледин, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының бағдарлама көшбасшысы м.а., филология ғылымдарының кандидаты Сәуле Асанбаева баяндама жасады.
Конференция соңында филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәли сөз алып, Р.Шойбековтың тұлғалық қасиетін ерекше атап өтті. Ғылым жолындағы табандылығы мен еңбекқорлығымен қатар, зерделі, зерек тұлға ретінде бағалады.
Халықаралық конференцияда Р. Шойбеков еңбектерінің библиографиялық басылымы таныстырылып, тұсаукесері өтті.
Профессор Р.Шойбеков – қазақтың мәдени атауларын, әсіресе заттық мәдениеттің өзін танытып қана қоймай, ондағы әрбір мәдени кодты, әрбір ұлттық бұйымның әрбір деталіндегі ақпаратты, ондағы оқиғалар мен тарихты зерттеп, зерделеуші тілші-этнограф. Қазақтың ұлттық құндылығын танытушы, сақтаушы ғалым, қазақ сөзінде қатталған көпшілік біле бермейтін көне құндылықтарды жаңғыртушы ғалым.