Қазір Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтың бірі – сотта лингвистикалық экспертиза жасай алатын мамандар. Әсіресе ақпарат пен масс-медиа, әлеуметтік желі дамыған дәуірде заң мен құқықтық тұрғыда тілдік сараптама жасай алатын мамандар ауадай қажет.
Лингвистикалық сараптама дегеніміз – заң және құқық саласында қолданылатын, қылмысты, құқықбұзушылықты тілдік жағынан болған не болмағанын растайтын, сотта үкім шығаруға пайдаланылатын құзіретті дәйектеме. Лингвистикалық сараптаманың нәтижесі – тергеу кезінде алынған қорытынды, ол фактімен тең тұрады, сот үкіміне әсер етеді.
Сараптама – ҚР заңнамасы талаптарына сай рәсімделген, сот-сараптамалық зерттеуінің барысы мен нәтижесі бар жазбаша құжат. Зерттеу нәтижесі бойынша сот сарапшысы өз атынан қорытынды жазады, оны өз қолы мен жеке мөрі арқылы куәландырады.
Заңнама саласындағы лингвистикалық сараптама – заңның процессуалдық-құқықтық тетіктермен реттелетін сараптама түрі. Сараптама – дәлел, нақты ақпарат алудың тәсілі, құралы.
Лингвистикалық сараптаманы кейде лингвокриминологиялық сараптама, соттық лингвистикалық сараптама, заңдық лингвистикалық сараптама, криминалингвистикалық сараптама, филологиялық сараптама, лингвистикалық экспертология деп те атайды. Бірақ барлығының маңызы бірдей. Тек заңдық лингвистикалық сараптама құқықтық-қылмыстық істерде емес, заң саласында шығарылған нормативтік құжаттардың тілдік сипатын зерттеуге қолданылады.
Сонымен, лингвистикалық сараптаманың қарастыратын мәселесі – қорлау, қоқан-лоқы көрсету, дөрекілік таныту, жазғыру, жала жабу, іскерлік бедел мен абыройға кір келтіру фактілерін анықтау; экстремисттік, ұлтараздық ниеттегі мәтіндерді табу; мемлекеттік мекемелер мен билік тұлғаларына тіл тигізу фактілерін дәлелдеу. Бір сөзбен айтқанда, тілдік сараптама сөйлеу мен сөз, жазылым кезінде орын алған заңға қайшы, қылмысқа итермелейтін, құқықбұзушылық деректер мен мәліметтерді анықтайды.
Сөзге қатысты қылмыстық істер келесідей:
- жала жабу;
- сотқа, сот шешіміне, прокурор мен тергеушіге, сот приставына, куәгерге тіл тигізу;
- үкіметке тіл тигізу, сотқа құрметсіздікпен қарау;
- экстремистік іс-әрекет жасауға шақыру;
- адамның ар-абыройын түсіру;
- қоғамда діни, ұлтаралық араздық туғызу;
Құқықбұзушылық істер:
- адамның ар-абыройына, кәсіби беделіне кір келтіру;
- жәбірлеу.
Бұлардың бәрі ҚР Қылмыстық кодексінің 105, 130-131, 174, 314, 372-376, 410, 440, 490-баптарында тұр.
Сөз инвектив лексика, бейинвектив лексика, пікір айту, іскерлік бедел, ақпарат, кекесін, реніш, жала жабу, қоғамдық пікір, тұспалдау, долбар, болжам, цитата мен эвфемизм түріне айтылуы мүмкін. Ал лингвистикалық сараптама жасаушы маманның мақсаты – сөздің қай тілдік бағалауға жататынын табу әрі дәлелдеу. Ал лингвист маманның бұл жердегі басты қаруы – ол сөздік, түсіндірме және салалық сөздіктер.
Лингвистикалық сараптама түрлері
Автортану (қолтаңба тану) – белгілі бір туындының авторын, плагиатты, стильдік ұқсастықты анықтайтын зерттеу түрі. "Бұл шығарманың авторы кім?" деген сауалға жауап іздейді.
Мағыналық және семантикалық сараптама адамның ар-намысын қорлайтын, іскерлік беделіне кір келтіретін сөздерді, жала жабуды, халықаралық және дінаралық қақтығыстарды туғызатын, белгілі бір адресатқа қатысты айтылған сөз бен сөз тіркестерін зерттейді. Лингвист-эксперт жазылған және айтылған ақпараттарды жан-жақты талдап, оның рас-өтірігін анықтайды.
Атаулар сараптамасы – тауар маркасы мен тауар атауының әдеби тіл нормасына сай келетінін не келмейтінін, мазмұнында негативті ақпараттың бар-жоғын анықтайын (есірткіні, ішімдікті насихаттау, т.б.) сараптама. Бұған тауар белгісін заңсыз пайдалану мен қайталау да жатады.