- Негізгі бет
- Білім
- «Үздік лингвист...
«Үздік лингвист – 2015» республикалық байқауының жеңімпазы анықталды
Кеше әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті жалпы тіл білімі және шетел филологиясы кафедрасы, «Жас лингвист» клубы және әл-Фараби кітапханасының ұйымдастырумен «Үздік лингвист-2015» ІІ Республикалық зияткерлік олимпиадасы өткізілді.
Бұл жылы екінші рет Республикалық деңгейде ұйымдастырылған олимпиада лингвистика ғылымына студенттердің қызығушылығын арттырып, бәсекеге қабілетті ойы жүйрік жастарды көбейтуді мақсат етті. Олимпиадаға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Тараз инновациялық гуманитарлық университеті және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен студенттер қатысты.
«Үздік лингвист-2015» зияткерлік олимпиадасына осы ЖОО-нан тілек білдірушілер алдын-ала іріктелген болатын. Іріктеуден 15 қатысушы суырылып шығып, «Үздік лингвист-2015» атағына ие болуды көздеді.
Ал қатысушыларды А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ономастика бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.д. Рысберген Қыздархан, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті жалпы тіл білімі кафедрасының профессоры, ф.ғ.д. Мурзалина Ботагөз Қазбекқызы, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті орыс тілі кафедрасының профессоры, ф.ғ.д. Баяндина Сәуле Жұмажанқызы және «Wikibilim» қоғамдық қорының өкілі Ахметова Құралай ханымдар бағалап, байқауда қазылық етті. Кешке филология ғылымдарының докторы, профессор, Сүлейменова Элеонора Дүйсенқызы, шараны ұйымдастырған жалпы тіл білімі және шетел филологиясы кафедрасының меңгерушісі, профессор, Мадиева Гүлмира Баянжанқызы және түрлі ЖОО-нан келген профессорлар мен студенттер қатысты.
Байқау «Таныстыру», «Аламан», «Бәйге», «Көкпар», «Полиглот», «Жекпе-жек» атты алты кезеңнен тұрды.
Бірінші кезеңде, яғни, «Таныстыру» бөлімінде әр қатысушы өздерін, университеттерін таныстырып, үлкен жүк арқалап келіп тұрғандарын алға тартты. Келесі «Аламан» бөлімінде қатысушыларға жазбаша тест берілді. Бір минут ішінде шапшаңдықтары мен білімділіктерін анықтайтын бұл кезең қатысушылар үшін қиын болмаған секілді.
Үшінші «Бәйге» кезеңінде жүйріктің жүйрігі анықталатын сәт еді. Бұл турда қатысушыларға тілдердің генеалогиялық және типологиялық классификация бойынша 5 сұрақтан қойылды. Барлық қатысушылар қойылған сұрақтар ептілікпен жауап беріп отырды. Өкінішке орай, бәйге соңында жалпы ұпайы аз алты қатысушы ойыннан шығарылды.
Қалған қатысушылар келесі кезеңге – білімнің көкпарына дайын тұр еді. Бұл кезеңде экраннан көрсетілген ұяшықтар 10-50 ұпай арасында бағаланған болатын. Қатысушылар кезек-кезек таңдап, тапқырлықтарымен танылды. Бұл кезеңнен соң да ұпайы аз 4 қатысушы сайыстан шықты.
«Полиглот» кезеңінде студенттердің өзге тілді меңгеру қабілеті тексерілді. Қалған 5 қатысушыға түрлі жағдаяттар берілді.
Бір қызығы, олар филология факультетінде Америка Құрама Штатынан келіп, оқып жүрген бір топ ағылшын студентімен берілген тапсырмалар бойынша ағылшынша сұхбаттасты.
Олардың жауаптарына қарап, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген Қадыр Мырза Әли атамыздың сөзінің бекер еместігін түсінгендей болдық. Қатысушылардың бірі сүрініп жатса, бірі оқ бойы алдыға озып шығып, көп тіл білген адамның «өлмейтінін» дәлелдегендей.
Осы кезеңнен кейін 3 қатысушымен қош айтысып, қалған екі студенттің «Жекпе-жегін» тамашаладық. Бұл екі қатысушының бірі – М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Тулбасиева Арайлым, ал екіншісі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Темиргалиева Эльмира еді.
Олар бұл турда 1 минуттың ішінде он сұраққа жауап беру керек болатын. ««Баласы бәйгеге қатысса, анасы үйде отырып тақымын қысады» демекші, көрермендер ішінен «Айт, айт», «Тосылма!» дегендей отырды. Бұл кезең алдыңғы турларға қарағанда тартысты өтті.
Қорытынды бөлімінде қазылар алқасы мен сарапшылар барлық кезең бойынша дараланып келген студенттердің әрқайсына мақтау қағазы мен ҚазҰУ-дан естелік сыйлықтар табыс етті. Нәтижесінде, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Алиасқар Айдана мен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенті Шүйкебаева Ділара ІІІ орынға ие болды.
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Тулбасиева Арайлым "Жекпе-жекте" төрт сұраққа жауап беріп, ІІ орынға ие болса,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Темиргалиева Эльмира ақтық кезеңде тоғыз сұрақа жауап беріп, «Үздік лингвист-2015» атанды. Шараны ұйымдастырушылар атынан сөз сөйлеген жалпы тіл білімі және шетел филологиясы кафедрасының меңгерушісі Мадиева Гүлмира Баянжанқызы барлық қатысушылар мен қонақтарға алғыс білдіріп, тілдің еш уақытта өлмейтінін, полиглот жастар тұрғанда, мәңгі жасайтынын айтты.
Ал былтыр өткен «Үздік лингвист-2014» байқауының жеңімпазы, ҚазҰУ студенті Төлегенова Меруерт «Үздік лингвист» лентасын биылғы жеңімпазға беріп, жеңіс эстафетасын табыстады.
Тіл жанашыры – ұлт жанашыры. Ел болашағын ойлаған жастарға артылатын жүр көп. Бұл жүкті арқалау үшін тарих пен тілдің құдіретін ұғынып, білім қуу керек. Білімді сарқып ішкен жастардың бәсекеге қабілетті боп өсетінін осындай шараларда көруге болады. Алдағы уақытта да осындай игі істер жалғасын тапса, нұр үстіне –нұр.
Сурет: massaget.kz
Е. Жұмабайұлы