Ұстаздар күніне мұғалімге не сыйлауға болады?

5 – қазан елімізде мұғалімдер күні атап өтіледі. Мереке қарсаңында ұстаздарыңызға қағидаға сай сыйлық таппай сенделмес үшін Massaget.kz тілшісі ұсынған сыйлықтар топтамасын кәдеге жаратсаңыз болады. 

Елімізде мұғалімдерге сыйлық беру мәселесіне қатысты заңнамалық шектеулер бар. "Педагог мәртебесі туралы" заң бойынша мұғалімдерге құны 2 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінен аспайтын сыйлықтарды ғана алуға рұқсат етілген. 2024 жылы 1 АЕК шамамен 3,834 теңгеге тең, сондықтан мұғалімдерге берілетін сыйлықтың құны шамамен 7,668 теңгеден аспауы тиіс.

Төменде заңға қайшы келмейтін бағаға қандай сыйлықтар алуға болатыны көрсетілген:

  • Гүл шоқтары немесе бөлме өсімдіктері. Гүл мерекеде сыйланатын қарабайыр зат болып көрінгенімен, қандай мереке, мейрам болмасын керемет көңіл күйдің кепілі екені сөзсіз.
  • Жеке қолжазба немесе алғыс хат. Шәкірттер мен ата-аналардың тарапынан берілетін шынайы ықыласпен жазылған ашық хаттың алар орны ерекше. Ұстаздар үшін ол сыйлық символикалық орын алып, естелік ретінде жадында сақталады.
  • Кеңсе заттары. Қалам, дәптер, жазу күнделіктері сияқты кеңсе құралдары ұстаздарға күнделікті жұмыс барысында пайдалы болуы мүмкін. Ал егер оны атаулы етіп сыйлар болсаңыз, одан сайын жағымды болары анық.
  • Шоколадтар немесе кәмпиттер. Қораптағы тәттілер немесе шағын сыйлық пакеті — қарапайым болғанымен, зор сыйластықты білдіретін сыйлық. Не болмаса қазір трендке айналған дубай шоколадын өз қолыңызбен дайындап тарту етсеңіз болады. Ал оны қалай дайындайтынын білу үшін сілтемеге өтіңіз.
  • Сыйлық карталары. Сыйлық карталары, мысалы, кітап дүкеніне немесе кофе-дүкенге арналған сертификаттарды ұсынсаңыз болады. Бұл сыйлық мұғаліміңіздің өз қалауына қарай пайдалануға мүмкіндік береді.
  • Кітаптар. Ұстазыңыздың қызығушылығына қарай шағын кітап немесе оқу құралын сыйға тарту — білімге деген құрметті көрсетудің тамаша жолы.
  • Әдемі кесе немесе саптыаяқ. Бұл мұғаліміңіз үшін күнделікті пайдалануға қажет, кез келген жағдайда кәдеге жарайтын сыйлық түрі. Ұстазыңыздың есімімен немесе суретімен көркемдеп берсеңіз де болады. 
  • Ароматерапиялық шамдар. Аталмыш сыйлық ұстаздарға демалуға көмектесетін жағымды хош иіс береді. Бұл стресті азайтып, жайлылық сыйлайды. 
  • Мини-фотоальбом. Шәкірттермен бірге өткізілген уақыттың есте қалатын сәттерін қамтитын шағын фотоалбом ерекше әрі жеке сыйлық болады. 
  • Кітап белгілер. Ұстаздарға арналған шабыттандыратын сөздері бар белгі (bookmark) кітап оқыған кезде оларға ұнамды болады және күнделікті пайдалануға ыңғайлы дүние.