Бүгін елімізде Ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) тапсыру басталды. Бірінші күні Қазақстан бойынша 6,5 мың талапкер емтихан тапсырады.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, ҰБТ биыл 21 маусым мен 5 шілде аралығында 161 пункте өтеді. Аудиториядағы адам саны 2 есеге қысқарады. Барлық аудиториядан онлайн трансляция жүргізіледі.
ҰБТ-ның алғашқы күні 161 пунктің 51-і ғана жұмыс істейді. Оның 44-і ауылдық жерлерде орналасқан. Орташа есеппен бір ҰБТ тапсыру пунктіне 120 адамнан келеді.
ҰБТ өткізілетін әрбір пункте медициналық-санитарлық талап күшейеді:
дезинфекциялық тоннельден өту, арнайы дезинфекцияланған кілемшеде аяқ киімдерді зарарсыздандыру, дене қызуын өлшеу, қолды зарарсыздандыру сұйықтығымен өңдеу, медициналық маскалар беру.Сондай-ақ, тестілеуге кіргізу және отырғызу кезінде тест тапсырушылар арасындағы арақашықтықтың кемінде 2 метр болуы тиіс, әрбір аудитория бактерицидтік құралдармен және ауа рециркуляторларымен кезең-кезеңімен желдетіліп өңделеді.
Сонымен қатар, биыл тест тапсырушыларға алғаш рет калькулятор пайдалануға рұқсат берілді.
Тестілеу уақыты 4 сағатқа дейін ұзартылып, түлектер мемлекеттік емтиханнан босатылды.
Айта кетейік, биыл ҰБТ-ны 131 755 адам тапсырады. Осы жылы ҰБТ форматына өзгеріс енгізілген жоқ. Түлектер 5 пәннен тест тапсырады: үш міндетті және екі бейіндік пән. Барлық тест тапсырмасының саны - 120, максималды балл - 140.