- Негізгі бет
- Білім
- Ұлттық бірыңғай тест...
Ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) тапсыру басталды
Бүгін елімізде Ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) тапсыру басталды. Бірінші күні Қазақстан бойынша 6,5 мың талапкер емтихан тапсырады.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, ҰБТ биыл 21 маусым мен 5 шілде аралығында 161 пункте өтеді. Аудиториядағы адам саны 2 есеге қысқарады. Барлық аудиториядан онлайн трансляция жүргізіледі.
ҰБТ-ның алғашқы күні 161 пунктің 51-і ғана жұмыс істейді. Оның 44-і ауылдық жерлерде орналасқан. Орташа есеппен бір ҰБТ тапсыру пунктіне 120 адамнан келеді.
ҰБТ өткізілетін әрбір пункте медициналық-санитарлық талап күшейеді:
- дезинфекциялық тоннельден өту,
- арнайы дезинфекцияланған кілемшеде аяқ киімдерді зарарсыздандыру,
- дене қызуын өлшеу, қолды зарарсыздандыру сұйықтығымен өңдеу,
- медициналық маскалар беру.
Сондай-ақ, тестілеуге кіргізу және отырғызу кезінде тест тапсырушылар арасындағы арақашықтықтың кемінде 2 метр болуы тиіс, әрбір аудитория бактерицидтік құралдармен және ауа рециркуляторларымен кезең-кезеңімен желдетіліп өңделеді.
Сонымен қатар, биыл тест тапсырушыларға алғаш рет калькулятор пайдалануға рұқсат берілді.
Тестілеу уақыты 4 сағатқа дейін ұзартылып, түлектер мемлекеттік емтиханнан босатылды.
Айта кетейік, биыл ҰБТ-ны 131 755 адам тапсырады. Осы жылы ҰБТ форматына өзгеріс енгізілген жоқ. Түлектер 5 пәннен тест тапсырады: үш міндетті және екі бейіндік пән. Барлық тест тапсырмасының саны - 120, максималды балл - 140.
Н. Үсенова