Тыныс белгілер де «сөйлейді»

Тыныс белгілер де «сөйлейді»
Фото: getbg.net

Судың да сұрауы бар. Қолыңызға қалам алып, ақ қағаздың бетіне әрлі-берлі сурет сала бастадыңыз. Суретіңіз дайын болғанда ол сөйлейді, сырт шертеді. Ол сіздің ішкі жан дүниеңіздің көрінісін көз алдыңызға алып келеді. Ал жазу ше...? Жазу да, тіпті әрбір тыныс белгі де сөйлейтінін білесіз бе?! 

Әрбір тыныс белгі өзіне тән қызмет атқарады. Қызметіне қарай олардың да айтар кеңесі бар. Ендеше кеңеске құлақ асыңыз. 

Үтір (,) 
Әр сөзде, сөйлемде қолданған үтіріңіз сіздің тағы айтар ойыңыз бар екені жөнінде ақпарат береді. Келесі ойды қандай мағынада жеткізесіз, тағы айтарыңыз бар екенін айтқызбай-ақ оқырманға жеткізіп үлгереді. Үтірдің көп қойыла беруі де кейде көк мылжың екеніңізді танытады. Өйткені тоқтауы жоқ сөздеріңіз, соңы бітпейтін жалғамалы ойларыңыз сүйікті оқырмандарыңызға ұнамай қалуы мүмкін. Кейде үтір сіздің абыройыңызды да асқақтатып жібереді. Алғашқы ойыңыздан кейінгі қатар келген ойыңыздың салмағы, әсері үтірдің дәлме-дәл қойылар сәтіне байланысты. 
Өміріңіз үтір қойылған сайын мәнді ойлармен, жақсы күндермен жалғасын тапсын. 

Сызықша (–) 
Қарама-қарсы ойға жауап беруге дайын болсаңыз сызықшаны пайдаланыңыз. Жазу кезінде бетпе-бет келетін бір-біріне сәйкесе келмесе де, ию-қию өрнегі бар сөз орамдары көңіліңізді жайландыру мүмкін. Сызықшаны дұрыс пайдалана білсеңіз, алуан-алуан сөзге жан бітіре отырып оқырмандарыңызды тарта аласыз. Сызықшаның ұзын-қысқа түрлері кездеседі. Екеуінің екі әлемі бар. Құлашын кеңге жайып, ұзыннан созылып жатқан – сызықша. Қателесіп кетпеңіз, ұзыннан сыза салған бұл белгіңіз келесі айтар пікіріңіздің абыройы мен атауын негізге алады. Қателік – кешіре бермейді. 

Қос нүкте (:) 
Қос нүктенің алдында кезекте тұрған: ойлар, толғаныстар, жазулар мен сызулар сіздің жан дүниеңіздің айнасы болуға лайық па?! Бірінің үстіне бірі мінген екі нүкте әрбір атауға лайық бірқатар ойларыңызды тізбектеуге сақадай сай тұр. Бірақ сіз дайынсыз ба?! 
Қос нүктенің сізге айтары: мәнді, сәнді, сүбелі сөзге жақын болыңыз. 
Өмірде қос нүктеден кейін атайтын достарыңыз, серіктеріңіз сізге көмектесуге дайын тұрсын. 

Көп нүтке (...) 
... Айтарым бар еді... бірақ айтуға ішкі түйсіктеріміз мүмкіндік берер емес. Бірақ оқырман оны түсінсін десеңіз, көп нүкте қойып қалдырыңыз. Тыныс белгілер ішіндегі ең көп сыр арқалайтын – осы көп нүкте. Автордың әлде сіздің ойыңыздан хабар бермесе де, оқырманға мың ой салады. Жан дүниеңізді қағазға түсіріп өзіңізді қинаудың қажеті жоқ. Бірақ жеңілдеп қалуға да болады. Ал іште қалған сырыңызды... түсіндіңіз. 

Леп белгі (!) 
Лып еткізіп қоя бермеңіз! Леп белгінің де қадірі бар, қасиеті бар. Бүкіл көңіл-күйіңіздің жаршысы осы. Қуанышта да, қайғыда да, ашулы кезіңізде де, бақытты сәтіңізде де сіздің жан досыңыз. Неткен керемет! Әрқашан жаныңыздан табылып тұрса, көңіл-күйіңізді айтқызбай-ақ білдіріп тұрса, сізге өзге не керек. 
Аз ашуланып, көп күліңіз! 

Сұрақ белгісі (?) 
Не жазайын? Өміріңіздің бір бөлшегі. Бұл тыныс белгінің қояр сұрағы көп, бірақ алар жауабы аз. Өйткені жауабы бар дүниенің бәрі жасандылыққа ұласып кеткен. Жауап іздеп жүрсіз бе? Талпыныңыз. Өмір өзі сұрақтан тұрады. Жазар дүниеңіздің соңында да оқырманға сұрақ қоюды ұмытпаңыз. Ол да ойлана жүрсін. Сіздің қойған сұрағыңызға емес, оның мәніне. 
Сұрақ белгісі сұрағын қойды, оқыдыңыз ба? 

Нүкте (.) 
Түсіндіңіз. Сіз оқыдыңыз. Қай кезде болмасын ойыңызды аяқтауды ұмытпаңыз! Істеген ісіңізден нәтиже шығарыңыз, әрі соңына нүкте қоя біліңіз. Аяқталған істің нәтижесі болмаса нүктенің жұмысын көбейтіп аласыз. Бірақ кейде бәріне нүкте қойып, қолды сілтемеу керек. Ойланыңыз, толғаныңыз, қайта айналып келіңіз. 
Керемет! Сіз, тыныс белгілердің сөйлейтінін сөзбе-сөз оқып шықтыңыз деп ойлаймын... 
Сендім. 

М. Ақан