Тəуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында Шұғыла қорының бастауымен, демеушілердің қолдауымен, Дария Дамыту орталығының ұйымдастыруымен "Тұлға болам" атты кітап оқу сайысы ұйымдастырылды. 2 қыркүйекте Алматыда сайыс жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Сайыстың басты мақсаты жастарды кітап оқуға құлшынысын арттыру, жалпы елде кітап оқу дағдысын жандандыру. Сол арқылы өзіміздің төл құндылықтарымызды санаға сіңіру.
3 кезеңнен тұратын сайысқа барлығы 50 мың қатысушы тіркелді. Сайыстың басты жүлделері: шетелге саяхат, Стамбул университеттерін аралау, MacBook, iPad, Apple Watch жəне басқа да бағалы сыйлықтар болды.
Алғаш болып сөз алған Шұғыла қорының президенті Сәрсенбек Иманбаев биылғы сайысқа тек Қазақстан емес көрші елдер – Өзбекстан, Моңғолиядан да қатысқанын айтты.
"Бүгінгі технология дамып отырған заманда кітап оқу, балаларды кітап оқуға баулу өзекті мәлелелердің бірі болып қалды. Биыл сайысымызға 50 мың адам қатысты. Бұл бастаманы 500 мың оқырманға жеткізу жоспарымызда бар. Келесі сайыстың басты жүлдесіне Нұр-Сұлтан қаласынан 1 бөлмелі пәтер бермекшіміз. Оны бірақ бас жүлде алған адамға емес, Random арқылы бүкіл сайысқа қатысушылар арасында анықтаймыз. Себебі басқа оқырмандар "бізден де мықтылар бар, пәтерді бәрібір солар алады" деп ұнжырғасы түспеу үшін осылай істеуді ұйғардық. Ал сайыстың әділ өтетініне өзім кепілдік беремін", - деді Сәрсенбек Иманбаев.
Leportom құрылтайшысы, қордың мүшесі Азат Қалиолла қазіргі күнде әлеуметтік желілерде жастар арасында жеңіл нәрселер өтімді болып тұрғанын, олар бала миын ұйықтатып, ойландырмайтынын айтты.
"Миға екі нәрсені таңдауға мүмкіндік берілсе ол үнемі жеңіл нәрсені таңдайды. Себебі ол, көп энергия жұмсағысы келмейді. Қазіргі балалардың 60-70 пайызы онлайн. Яғни өмірі әлеуметтік желіге байланған. Ойланғысы келмейді. Осының салдарынан ми ұйқыға кетеді. Жұмыс істемейді. Ұйқыдағы миды ояту үшін 21 минут қажет екен. Адам ойландыратын нәрсені істеген немесе оқығанда ғана ми оянады. Ал үнемі смартфонға үңіліп отыратын бала болашақта "цифрлық аутизмге" шалдығуы мүмкін. Біз соның алдын алу мақсатында балалар арасында оқу сайысын ұйымдастырдық. Басты мақсатымыз жасөспірімдерді көбі арзан нәрседен алыстатып, салмақты нәрсеге бет бұрғызу, ойландыру", - деді Азат Қалиолла.
Дария дамыту білім беру орталығының басшысы Ерболат Сұлтамұрат әлеуметтік желіліерде әнші мен спортшының парақшасы миллиондаған оқырман жинап, солардың сылдыр сөзі өтімді болып тұрғанын, ал Абай сияқты тұлғалардың парақшасы өкінішке қарай аз оқырман жинайтынын айтты.
"Бұл нені білдіреді? Бұл қазіргі жастардың жеңіл дүниеге әуес екенін білдіреді. Дамыған елдерді қарасаңыз барлығы да оқу мен тоқудың арқасында осындай дәрежеге жетті. Бизнес кітаптар, мотивациялық шығармаларды оқыған жақсы. Бірақ адамды адам ететін, кемел қылатын бәрібір классиктер. Сондықтан классикалық шығармаларды оқуымыз керек", - деді Ерболат Сұлтамұрат.
Оқырмандар арасындағы жүлде былай бөлінді:
4-10 орын иеленгендер:
Мұхамедәлі Кәусар, Асқар Әділ, Қадыр Мансұр, Қази Ернұр, Шынарбек Алтынай.
Бұл қатысушыларға велосипед сыйға тартылып марапатталды.
Ересек топ:
Дәулет Сәния, Дәулет Насриддин, Сәбитқызы Шапағат, Алмас Есенов, Бекмырза Құралай, Тастыбай Аяулым, Қайратқызы Нұрбақыт.
Бұл қатысушылар ноутбук, Apple Watch-пен марапатталды.
Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы байқау туралы пікірін ортаға салды.
"Қазір әлем астаң-кестең болып тұр. Жылдам өзгеріп жатыр. Құндылықтардың орны ауысып жатыр. Жай ғана бір әнші немесе ұрда-жық спортшы танымал. Әлеуметтік желіде миллиондаған оқырманы бар. Интернетті ашып қалсаң ең көп қаралатын нәрселер арзан қалжың мен қысыр әңгімелер. Осындай құндылықтар ұрланып, адамның назары жан-жаққа тартылып жатқан кезде мынадай керемет жоба басталған екен. Бұл байқауды ұйымдастырушылардың басты мақсаты жастарды кітап оқуға тарту. Осы жобаға үлес қосқан әр азаматқа алғысымды айтамын. Қазір ұрда-жық біреу басқаның мұрнын қанатып, қылғындырып, төбелесіп миллиондаған доллар тауып жатыр. Ондай адамдардың қоғамда мерейі үстем, төрде отырады. Кәсіпкерлер соларға шапан жауып, тұлпар мінгізіп жатыр. Машина сыйлап жатыр. Құндылықтар өзгеріп кетті. Міне, осы жоба қоғамды жақсы жаққа қарай бұрды деп ойлаймын. Абай айтады: "Адамнан адамның артықшылығы ақыл, білім, ар-мінезінде" дейді. "Одан басқамен оздым демек ақымақтық" дейді. Болашағымыз болсын десек жастарымызды жаппай кітап оқуға баулу керек", - деді Қайрат Жолдыбайұлы.
Белсенді оқырман атанған Шалқар Қуанышбай да жоба туралы өз ойын айтты.
"Мен бұл сайыстың ең алғашқы қатысушыларының бірімін. Содан бері қатысып келемін. Соңғы сайысқа қатыстым. Финалға өтуге дайындығым жақсы болды. 95 бал жинадым. Бірақ басқа қатысушылар мықты болды. Жеңімпаздар 100-ден 100 бал жинап жатыр", - деді Шалқар Қуанышбай.
Қайрат Жолдыбайұлы Шалқарды бұрыннан танитынын айта келіп:
"Шалқар бір күні маған хабарласты. Аға мен әлеуметтік желіде жазба бастайын дегенмін. Парақшамды бөлісесіз бе? Қазіргі жастар қиындыққа шыдамай сынып кетіп жатыр. Соларға мотивация болсын. Менің тағдырым ауырлау болды деген еді. Бұл жігіттің әр посты құнды. Постты денсаулығына байланысты қалам ұстай алмай алғандықтан, тістеп жазады. Жазбаны сабырлық пен жігермен жазады. Сонымен бірге осындай бәсекелесі көп сайысқа қатысып жатыр. "95 бал алып қалдым, меннен де мықтылар бар екен" деп жатыр ғой. Мұның өзі жетістік. Еңбегін бағалап Нұр-Мүбәрак мешітінің атынан бір iPad тарту етемін", - деді.
Daco motors KZ компаниясының, SamgaPress баспасының иесі, осы байқаудың демеушісі Сырымбек Тау Шалқар Қуанышбайды 1 шілдеден бастап өз компаниясына жұмысқа алғанын жеткізді.
Осыдан соң 1-3 орын иеленгендер марапатталды.
Табыс Әлихан, Аслан Мадияр (жүлдесі – iPad), Шынарбек Нұрсұлтан (жүлдесі – iPad), Қази Ақнұр (жүлдесі – MacBook), Шынарбек Ерсұлтан (жүлдесі – MacBook), Ерлан Кәусар (жүлдесі – MacBook).
Ересек топ:
1-орын), Шынарбек Жанар (жүлдесі – Түркияға 2 адамға саяхат).
2-орын иесі Атамбекова Арайлым (500 000 теңге)
3-орын Елетай Расул (Түркияға саяхат)
Сарыағаштан келіп, 1-орын алған Шынарбек Жанар сайыста аса қиналмағанын айтады.
"Бұл сайыста "Қараш-қараш", "Жабайы алма", "Қазыналы арал" шығармаларын оқуға берді. Бәрі оңай болды. Байқауда 100-ден 99 бал алдым. Кітаптарды оқуға 1 ай уақыт берді. Кейін онлайн тест алады. Біз бір отбасынан 4 адам жүлдегер атандық. Екі інім 1-орын иеленді, сіңлім 4-10 орынға ілініп велосипед алды", - дейді Жанар.
Ал сайыста 3-орын алып, Түркияға саяхаттап келген Алматы тұрғыны Елетай Расул 1-орын алған Жанармен жинаған балы тең болғанын, бірақ уақыт жағынан қалып қойғанын айтты.
"Бұрыннан кітапқа құмар болдым. Кітап оқып, жүлде ұтуға болады дегенде қуандым. Инстаграмдағы блогерлердің гифтарына қарағанда осындай сайыс өткені жақсы", - дейді Елетай Расул.
Кеш соңында қатысушылар мен ұйымдастырушылар, келген қонақтар естелік үшін суретке түсті.