- Негізгі бет
- Білім
- Тілді жаттықтыратын жаңылтпаштар...
Тілді жаттықтыратын жаңылтпаштар
Сөйлеу мәнерін меңгеру - бір өнер. Ашық, айқын, айшықты айтылған сөз сүбелі де сырлы. Әр сөздің дыбысы, әр адамның дауысы айқын күмбірлеп тұрса, оған құлақ салмайтын жан аз болар?
Мәнерлеп әрі мүдірмей сөйлеу үшін жаңылтпаш жаттаудың пайдасы зор. Тілді жаттықтырады. Оралымды әрі анық сөйлеуге, үндестік заңын сауатты меңгеруге және шешен сөйлеуге баулиды. Олай болса төмендегі жаңылтпаштарды жаттап, жаңылмай айтып үйренейік.
Күз, Кез, Көз,
Күш, Кеш, Көш,
Кір, Кер, Көр,
Күл, Кел, Көл,
Кілең қысқа сөз,
Кім оқиды тез?
Арқада алты арқар бар
Қырқада қырық арқар бар
Қырық арқарда ақ арқар бар
Алты арқарда марқа арқар бар.
Әбдіреде әбігер әтеш отыр.
Әбігер әтеш отырған
Әбдірені әжем ашып жатыр.
Гүлім гүлге қарап күлімдеді,
Көгілдір гүлге қонған аралар гуілдеді.
Доп деп, Дөп теп.
Ескекті ескекші еседі,
Ескекші ескекті еседі.
Жаға жай, Жағажайда – Қамажай.
Зура зурнада ойнайды,
Зурнада бір ғана Зура ойнайды деме,
Зара да, Зере де зурнада ойнайды.
Инелік илеуде иленбейді.
Итбалық итмұрынды иіскемейді.
Пай-пай-пай, Жайылып жүр тай.
Ай-ай-ай, Ұшып кетті торғай.
Хан баласы ханзада
Болды ғашық ханшаға.
Алып ханнан хабар,
Ханшайымды табар.
Қаһарлы айдаһар Шаһарға келіп, Қаһарланар.
Циркте ойнар аюды Циркаш десем, күлесің.
"Ц” әрпінен басталған Цемент сөзін білесің.
Сатып алды чемпион чемодан.
Чемодан алған чемпион чек алған.
Шынтемір Шықпен шыланған шөпке
Шыңдалған шалғысын шық еткізді.
Ащы жеген Тазша баланың аузы ашыды,
Тазша бала тұщы сумен -*аузын шайды.
Съезд, разъезд, подъезд.
Подъезд, съезд, разъезд.
Жаттап ал тез.
Ықылас пен Ыбырай
Ыдыстарын тасымай,
Ырыскүлден үлгі алмай,
Ынтасыз жүр тілді алмай.
Үш кіші ішік піштім,
Бес кіші ішік піштім,
Неше кіші ішік піштім?
Іске тіл ілесе алады,
Тілге іс ілесе алмайды.
Сұрап Мұрат
Коньки тап.
Байлап майлап,
Аттай шап.
Электр шамы жанады,
Этаждар жымың қағады.
Электр жарық бермесе,
Экран сөніп қалады.
Ян-ян-ян Жүгіріп жүр қоян.
Ян-ян-ян Бұл қоян емес, шаян!