- Негізгі бет
- Білім
- Тәуелсіздік тұғыры. Кемел...
Тәуелсіздік тұғыры. Кемел ғалым
Дәулетбекова Жанат Тұрарбекқызы – қазақ тіл ғылымының туын ұстап, мемлекеттік тілдің абыройы мен қоғамдық қызметінің мәні мен қасиетін насихаттап сол салада сан түрлі ізденіспен еңбектеніп келе жатқан ғылым, ұстаз. Сонау кандидаттық және докторлық диссертациясы оқыту және тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі бойынша қорғаған уақыттан бері қазақ тіл ғылымының жаршысы болып келеді. Алайда атақ алу оңай болмағаны бір төбе болса, соның шыңында өзін –өзі сол атаққа лайықты ұстап оның сан –салалы қызметін атқару қазіргі заман талабында оңай шаруа емес . Оны осы салада тер төгіп жүрген жандардың бәрі жақсы біледі. Қоғам өмірінің өзгерістері бәсекеге қабілеттік , заман легіне жылдам ілесу оны біліммен, ғылымның қос қанатын тең ұстап жүру төзімділіктің шыңдалған білімнің тер төгетін сәттерінің бастылары-і ғылыми ақпараттандыру процесіне ілестіріп отыру деген сөз.
Қазіргі заман – өзгерістер заманы. Ғылыми-техникалық революцияның қарқынды дамуы қоғамдық өмірдің барлық ортасын ақпараттандыру процесінің дамуы кең көлемдежүріп жатқанда адамның да білімнің де өзгеріп, жаңаланып отыруын талап етеді. Барлық дамыған және дамушы елдердің қай –қайысын алсақ та білім берудің ақпараттық бағдарламалары жаңаша бағыт – бағдарға негізделген. Қазақстан елі үшін де білім берудің мақсаты – жеке тұлғаның дұрыс ойлау қабілетін, оның үздіксіз мәдени дамуының, білімі және кәсіпкерлік деңгейі өмірдің жаңа қоғамдық шарттарына тез бейімделе отырып, соны игеріп, бейімдеп, тәрбиелеу үшін көп білім бағдарламалары, жобалар , сан алуан іс-шаралар қажеттігі кұн тәртібінен түскен жоқ.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері тіпті оның алдындағы бір аласапырын күндері Дәулетбекова Жанат Тұрарбекқызы Алматыдағы Ы. Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясында кіші, аға, жетекші ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Бұрынғы білім академиясында кеңестік жүйенің білім беру кешендерін тарих сахнасынан ығстырылғандай болған уақытта Дәулетбекова Жанат және бірнеші қызметкер білім берудің ары қарай салтанат құруына тапжылмай «қасқайып, қарсы тұрып» еңбек етті. Әрине Жанат ғылым жағынан да рухани жағынан да өсті. Ғылыми атақтарға ие болды. Бірақ осы ғасырдың адамзат баласына тартар сыйы ғана емес талап етер ұстанымдары да аз болып тұрған жоқ. Сол жолда Жанат Тұрарбекқызы ғылыми шығармашылық еңбектеріне, зерттеу жұмыстарына көз жіберсеңіз оның статистикалық көрсеткіші соның дәлелі. Атап айтқанда, ғылыми зерттеулері қазақ тілін оқыту тұжырымдамалары мен жалпыға міндетті мемлекеттік білім стандарттарының масат – міндеттерін басшылыққа ала отырып, оқу бағдарламалары, жаңа буын төл оқулықтар мен жаңартылған білім мазмұны бойынша дайындалған 130-дан аса оқулықтар мен оқу-әдістемелік еңбектері, »Сөз мәдениеті мен шешендікті» оқытудың мемлекеттік білім стандарты, оқу бағдарламалары, осы бағытта 3 монографиясы жарық көрген екен. Қазақ тілінде оқытпайтын мектептер мен техникалық жоғары оқу орнындағы «Қазақ тілін» деңгейлеп оқыту, «Қазақ тілін» Халықаралық стандарттарға сай деңгейлік оқытудың Тұжырымдамасына қатысты білім стандарттары, оқу бағдарламалары, орыс тілді мектептердің 1-11-сыныптарына арналған «Қазақ тілінің» 67 аталымнан тұратын оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешенін жасауға қатысқан. Жаңартылған оқу бағдарламалары негізінде «Қазақ тілі» пәні оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешен; Техникалық жоғары оқу орындарында қазақ тілін деңгейлеп оқыту, мемлекеттік тілде іс жүргізу, кәсіби қазақ тілін оқыту бойынша 2 оқу құралының (Қазақ тілі (жалғастырушы деңгейге арналған), «Тіл және интеллект», «Тілді оқыту: интеграциялық білім мен интеллектуалдық тұлға қалыптастырудың сабақтастығы» еңбектерін атап кеткен абзал. Қарап отырсақ, берілген статистикалық көрсеткіштер саны адамның қажар қайратының шексіздігін ғана көрсетпейді, оның өз ісінің маманы әрі еңбекқорлығы мен ғылымға берілгендігінің де куәсі болғанына көз жеткізуге болады.
Қазіргі білім берудің негізгі даму деңгейі интеграция қажеттілігіне қарай орайластырылған. Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан 2030» бағдарламасында жоғары білімнің сапалылығы, адамсүйгіштігі және ғаламдануы арқылы мәдениет жасауға, интеграцияға ерекше мән бергені белгілі. [1]. Интеграциялық оқытуды жүзеге асыру, оның ғылыми деңгейін арттыру, білім алушылардың танымдық әрекетіне тән дағдыларды қалыптастыру міндеті қазіргі кезде алдымызға қойылған мәселелердің бірі болып табылады. ҚР инновациялық серпілістер жасаудың бірден-бір жолы - білім мен тәрбиені тоғыстыруға бағытталған интеграциялық білім беру болып саналады. ҚР «Білім туралы» заңында (8 бап,1 б) білім жүйесінің басты міндеті білім алуға жағдай жасау, барлық деңгейдегі жене интеллектуалдық дамуы, психофизиологиялық және жеке қабілеттеріне қарай білім берілуі керек. Бұл салаға қатысты Елбасының «Интеллектуалды ұлт – 2020» жобасында өркениетті елдер қатарына енудің бірден-бір тетігі ретінде «интеллектуалды ұлт» қағидасына негізделеді. Ж. Дәулетбекова гуманитарлық ғылымдар саласында ғана емес техникалық ғылым мен білім беру ЖОО-ында интеллектуалды әлеуеті жоғары маман даярлаудағы мемлекеттік тілдің ролі жан –жақты қарастырған. Ж. Дәулетбекова өзінің ғылыми зерттеулерінде Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында тіл мәселесіне «Мәңгілік ел болу» идеясын негізгі бағдар ретінде ала отырып, «Қазақ мемлекетінің іргетасын бекітуге мүдделілігінің берік дәлелі де болашақ ұлт мамандарының мемлекеттік тілге қатынасы екендігі сөзсіз[2].. Сондықтан да тіл тағдыры мемлекетшілдік рух мәселесімен бірге өріліп, біте қайнасақанда елжанды тұлға қалыптаспақ» - деген пікірін қазақ тілінің маман даярлаудағы басты ролін жалпы болашақ еліміздің ел сүйер, мемлекет үшін тер төгер азамат болуға тәрбиелеудің түрлі тетіктерін қазақ тілі пәнімен байланыстырады. Бұл саланың өзектілігін алға тарта отырып, қазіргі бүкіл адмзат баласы ақпарат ғасырының қойнауына сүңгіп бара жатқанда олардың интеллектуалды әлеуетін көтеріп елімізді интеллектуалды ұлт қалыптастыру үшін не істеу керек деген мәселені өзі сабақ беретін қазақ тілінің қасиетін білім алушылардың бойына дарыту арқылы шешу жолдарын көрсетеді. Ол үшін «даму бағыттарын саралау, әлемдік педагогика мен әдістеменің концептуалды тұжырымдарымен сабақтастыру, тілді оқытудың ішкі философиялық, өміртанымдық мәніне, онда ғылым мен білімнің тоғысуына басымдылық беру студенттің интеллектуалдық әлеуетін көтеруге мүмкіндік берілетіндігі туралы»,- жазды[3]. «Тұлғаның интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыру – бір ғана бағыттағы шаралармен шешіле салатын мәселе емес» деп осы саланың мәнін қазақ тілі маманы ретінде қазақ тілі арқылы шешілетінін «Тіл және интеллект » атты мақалалар жинағында толық дәлелдеп береді. Ол осы туралы: «бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру, халықаралық стандартқа сай білім беру, жаңа әлемде өмір сүруге бейім ұрпақ дайындау секілді міндеттер білім беру жүйесін «ағылшындандырумен» ғана шешілмесі анық. Өз ана тілінде оқып/жазып үйренбеген балаға балабақшалардан, мектептің бастауыш сыныбынан бастап ағылшын тілін енгізу; жоғары оқу орындарында ағылшын тіліндегі пәндердің үлес самағын көбейтуге ұмтылыстың жаппай өріс алуы қаншалықты тиімді? Мәселен, қазақстандық «үштұғырлы тіл» саясатының аясында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі доминанттық рөліне жете мән беру керектігінде болып отыр. Сонда ғана болашақ маманның бойында мемлекеттік тілді қолдануға деген шынайы қажеттілік пен азаматтық мүдде қалыптаспақ» - дейді [3].
«Интеллектуалды ұлт» үш ауқымды сәттерді ескертеді: технолгия мен инновацияға жаңа батыл шешім қажеттігі ; ақпарттық революция; жастарды рухани тәрбиелеу. Біздің мемлекетіміз бәсекеге қабілетті маман даярлауғы әлемдік аренада тұра алатын соған лайықты ел екендігімізді дәлелдейтін ғылыми әлеуеті жоғары деп айтуға болады.Осы осы ауқымды істерді атқаруға толық мүмкіндігі бар соған лайықты ел деп толық сеніммен атйтуға болады.
Дәулетбекова Жанат Тұрарбекқызы «Тіл және интеллект» атты еңбегінің маңызы зор. Бұл еңбектің маңызы неде? Жалпы «интеллектуалдық әлеует», «интеллект тұлға», «тіл және инттеллект » ғылымның әр саласының зерттеушілері әр қырынан ғылыми түрде дәлелдеп жатыр. «Интеллектуалдық әлеует – деп қоғамдағы сұраныс үдесінен шығуға даяр, оған қарсы тұра алатын, уақыт талаптары мен міндеттерін тез игеріп бойына сіңіре алатын, қиыншылықтар ауыртпалықтарға қарсы тұра алатын, елдің мұрат- мүддесіне, өзінің күш жігерін аямайтын білімді де саналы адам болу керек»- деген пікірін Ж. Дәулетбекова білім берудегі гуманизм тенденциялардың өміршеңдігін, тұжырымдарын гуманистік білім басымдылық беру мәселесін өзі сабақ беріп жүрген қазақ тілі пәнінің сөз түрлерін талдау арқылы қол жеткізген. Олар: диалог, шешендік өнер, айтыс, прагматикалық диалогтер, полилог және тағы басқалары. Әлемнің қай түкпірін алсақ та адaмзaтты бір бірімен бaйлaныстырaтын – өнер мен ғылым. Өнер мен ғылым тек тіл арқылы – сөз өнері арқылы жұзеге асады. Сөз өнерінің ішіндегі ең көлемдісі- шешендік өнер. Шешендік – әр ұлтқa, хaлыққa тән ортaқ өнер. Көне Эллaдa мен Рим елінде Демосфен, Цицерон сынды дaңқты шешендердің тaғдыры мемлекет тaғдырымен байланысты болғаны баршаға мәлім. Олaр мемлекеттің дакмуына, мемлекттік тұғырына көтерілyіне, жaқсылыққa, бaқытқa, бақытты зaмaнға ұмтылyынa зор үлес қосты. Шаршы топта сөйлеу – шешеннің аудиторияға әсер ете алатын тікелей қарым -қатынасының маңызды түрі екендігі бүгінгі күн үшінде өте маңызды болып саналады.Осы yaқытқa дейін сaн ғaсырлық тaрихы бaр ұлттық шешендік өнері, яғни би-шешендер мұрaсы көркем сөз ретінде бaғaлaнды дa, әлеyметтік-қоғaмдық мәні, мемлекет тaғдырын шешyдегі орaсaн зор қызметі елеyсіз қaлғaн тәрізді. Шешендік өнер ғылымы «өнердің пaдишaсы» ретінде сaнaлғaн. Кез келген шешендіктің мақсаты – тындаушылардың қоғамдық пікіріне қозғау салу, жалпы адами, дүниетанымдық көзқарастарын қалыптастыру, идеологиялық бағыттарға қырағалықпен қарауға үндеу. Тындаушыларды жігерлендіру, намысын жану, ұғым-түсінігін кеңейту дс шешендіктің барлық түріне тән. Шешендік сөздерде адам баласының елжандылық сезімдерін оятып, рухтандыруда шешеннің тапқырлығы мен алғырлығы, адам сезіміне, жанына әсер етер сөз образдарын орынды қолдана білуінің маңызы зор.
Дәулетбекова Жанат Тұрарбекқызы «Тіл және интеллект» атты зерттеуіндегі «Ойдың көркі сөз», «Сөз типтері немесе Сөз саптау тәсілдері » деген бөлімде сөз түрлерін шешен қандай күрделі жағдайда болмасын (оқыстан қойылған сауалдарға, репликаларға) тапқырлық, ұтқырлық, икемділік танытардай әр уақытта дайындықта тұруы тиіс. Ол ой-пікірін сәтті сабақтастыруға, аудиторияның ерік-жігерін бағындыра білуге, тосын сұрақтарға шапшаң әрі орайлы жауап беруге төселуі қажеттігінің түрлі тетіктерін шегелеп түсіндіріп талдау жасаған. Диалог туралы , әсіресе диалогтің жүзеге асу жағдайының ресмилік деңгейі, диалогке қатысушылардың белсенділігіт туралы баяндаса, хабарламалық диалог түрлерін былайша топтастырады: диалог-әңгіме; диалог-сұхбат; диалог-кеңес. Прагматикалық диалог түрлері:- диалог-сөзталас;- диалог-пайымдау; - диалог-теріске шығару;- диалог-егес; айтыс деп бөле отырып, олардың қандай ортада кіммен қалай айта біліп ондағы ұлттық мінез, этикалық сөз орамдары, эмоционалдық сипаттың молдығы деп дамытып түсіндіреді. Әсіресе, «диалог-егес – прагматикалық диалогтің аса ширыққан, талқыланатын мәселе жөнінде бірінің ойын бірі жоққа шығарып, ерегістің шыңына жеткен, қатысушылардың ымыраға келмейтіндей сөзбен сайысу жағдайында жүзеге асатын түрі»- дей келіп, диалог-егеске тән белгілер: бір мәселе жөнінде мүлде кереғар пікірлердің туындауы; ой ортақтығының жоқтығы; қатысушылардың бір-бірінің ойына тойтарыс бере отырып шабуылдауы мен өз пікірін дәлелдеуінің қатар, параллельді жүруі, серіктесінің ойына үзілді-кесілді қарсылық білдіру, негіздемелердің қарама-қайшылығы, ортақ шешімді қажетсінбеу»* деп басты диалогтың мәні мен сипатына толық талдау жасайды. Енді айтыс туралы да қызықты пікірлер түйіндеген, айтыс – прагматикалық диалогтің өнер деңгейіне көтерілген түрідеген тұжырым айтады. Прагматикалық диалогтерде қарсыласқа тойтарыс берудің алуан түрлі шарттары бар: - "Қарсы соққы" – қарсыластың әлдебір жаңсақ айтқан пікірін мүлт жібермей дәл аңдау, оны өз пайдасына айналдыра алу, болмашы қателігі арқылы негізгі пікірлерін теріске шығаруболса,"Көпшілікті бағыңдыру" – сөз болып отырған мәселені нақты талдаудан бұрын көпшіліктің сезімін қозғайтындай әсерлі сөздерді төкпелеп, олардың ойын негізгі мәселеден ауытқытып, шешеннің өзіне деген ықыласын тудыру мақсатын көздейтін шарттың бірі деп таниды. «Қарсыластың корытындыларын сынау» арқылы, яғни қарсыласының айтқан тұжырымдарындағы дәлелдемелердің қателігін табу – оның ойын жоққа шығаруда пікірталасқа қойылар бір шарт. «Деректермен дәлелдеу» – сайыс үстінде айтылған белгілі бір тұжырымдардың жалғандығын не негізділігін нақты заттарды, құбылыстарды, жағдайларды келтіре отырып жүйелеген.
Біздің мемлекетіміз бәсекеге қабілетті маман даярлауда әлемдік аренада тұра алатын соған лайықты интеллек дайындау үшін ғылыми әлеуеті жоғары ғана емес кез келген мәселе туралы сөйлей алатын тұлға , рухы биік маман даярлау қажеттігінде бұл саланың алатын орын зор деп айтуға болады. «Сөйлей алмаған адам, мансап жасай алмайды» деген Наполеон сөзінің астарында қаншма ақиқат жатыр. Ойлай білу, сол ойын дәйекті жеткізе білу – саясаткерге ғана емес тәуелсіз мемлекетіміздің ел азаматтарына қойылатын ең басты кәсіби талаптың бірі. «Алмас қылыш – майданда серік, Асыл сөз – майданда да, сайранда да серік» деп келетін қисын өмірлік тәжірибеден, шынайы болмыстан алынған десек, Дәулетбекова Жанат Тұрарбекқызы өзінің ғылыми ұстанымдарын осы бағытта қарастырған. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыра оқыту теориясы қазір маңызды білім беру модельдерінің қатарынан орын алады. Ана тілін оқыту үдерісінде тілдік қатынас теориясының ескерілуі заманауи білім беру кеңістігіндегі функционалдық сауаттылықты қалыптастыру талабының орындалуына алғышарт қалыптастырады. Сөйтіп, теория мен практиканың бірлігін жүзеге асыруға қызмет етеді. Функционалдық сауаттылықты қалыптастыру әлемдік білім беру кеңістігінде өріс алып отырған «дүниетанымнан сауаттылыққа қарай» тенденциясын басшылыққа ала отырып жүзеге асырылатын ғылым саласы болса, Жанат Тұрарбекова осы салада да ғылыми зерттеулер жазып оны ғылыми айналымға және білім беру саласына қолданысқа пайдаланып жүр. Ұлт ұстаздары, тәжірибелі ұстаз-ғалым ұланғайыр еңбектерін де өз дәрістерінде, еңбектерінде алға тартып, қазақ тілінің қасиеті мен қадірін кие тұтуды, мемлекеттік мәртебесін биіктетіп, байлығын бағалауды шәкірттерге ұлағат ететіні ақиқат. Сол ұстаздардың бірі- Жанат Тұрарбекова.
Тәуелсіздік таңы атып, ел еңсесі көтеріле бастаған сонау 1990 жылдарда ғылым баспалдағын алғаш аттаған Дәулетбекова Жанат Тұрарбекқызы жылдар озған сайын табанды ізденістері жалғасын тауып, ғылыми өресі мен өрісі де кеңейе береді. Тіл білімінің өткеніне өрелі көзқараспен қарап, жаңаша таным тұрғысынан бағалауда ғалым тілтанудағы жаңа бағыттарға ғылыми ізденіспен қажымай – талмай еңбек етуде. Жанатпен қызығы мол студенттік шақтарды бірге өткіздік. Жанат Тұрабекқызы біздің группаның старостасы болды. Сол кезде –ақ сабырлы салмақты, әділін айтып студеттерді қарапайым қоңыр даусымен тап қозғалтпай басқарып отыратын. Мүмкін, қазір Жанаттың даусы өзгеріп, әдемі көйлегі, туфлиі өзгерген шығар, атағы бар ғалым болды, алайда сол салмақты қалпы, сол сабыр, сол таза жымиысы, сол турашыл жүрегі, ұстаз болатындай қабілеті, ғалым балатындай еңбекқорлығы өзгермеген. Қазір Қазақстан-Британ техникалық университетінде ассисент-профессор, ассоциативтік професссор, сектор жетекшісі, кафедра меңгерушісінің орынбасары, Абай атындағы ҚазҰПУ қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Қазір ҚБТУ-да ассоциативті профессор. Тәуелсіздік таңымен таласа тұрып, ғылым жолында «ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға » дегендей, табандылықпен, мықты төзіммен, жігер – қайратымен еңбектене жүріп, еліміздің ертеңін ойлайтын кешегі өзіндей арманшыл жастарды кәсіби біліктілікке, ұлтжандылық пен адамдық асыл қасиеттерге баулып, білімі мен білігін дарытуда өзінің күні кешегі асылтекті ұстаздарындай жанкештілікке барабар қасиетімен дараланған «бес жыл студеттік шақтың қызығын бірге өткізген» жанның бірі –Дәулетбекова Жанат Тұрарбекқызы. Тәуелсіздік тұғырында , кемел жасқа келген кемел ғалым Жанаттың адами , ғылыми келбеті қазіргі жастарға үлгі –өнеге, мемлекеттік тіліміздің тұғырын бекітуге ұлттық тіліміздің мәртебесін көтеруге әлі талай қажырлы еңбектер беретініне сеніміміз мол.
Д.А.Әлкебаева
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы қ, Қазақстан
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы // Егемен Қазақстан.- 2012, желтоқсан -14.
2. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: болашаққа интеллектуалдық секіріс (ҚР Президенті Н. Ә.Назарбаевтың Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдығына орай университет профессор-оқытушылары мен студенттеріне оқыған дәрісі) // Егемен Қазақстан. – 14 қазан. – 2009. – 1-2 б.б.
3. Дәулетбекова Жанат Тұрарбекқызы Тіл және интеллект. – Алматы: НұрАйПринт, 2014.-260 б.
Н. Үсенова