Талапкерлер үшін Ұлттық Бірыңғай тестілеуді қаңтар айында тапсыру мүмкіндігі туып отыр, - деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі. Қаңтар айында өтетін тестілеуден кейін талапкер ЖОО-да тек ақылы негізде оқи алады. Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініштер 1-15 желтоқсан аралығында қабылданады. Мемлекеттік білім беру гранттары негізгі ҰБТ тапсырылғаннан кейін үлестірілетін болады. Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысатындар: - орта мектептердің 11-12 сынып оқушылары (2019-2020 оқу жылында ЖОО-да ақылы негізде оқу үшін). Қаңтар айында өтетін бұл тестілеу түлектерге негізгі тестілеудің алдында өз білімдерін тексеру үшін таптырмас мүмкіндік. Мемлекеттік білім беру грантына үміттенген талапкер 2019 жылғы жазда өтетін ҰБТ-ны міндетті түрде тапсыруы қажет. Өйткені, қаңтар айындағы тестілеуде шекті балл жинаған тестіленуші бұл сертификатымен ЖОО-да тек ақылы негізде оқи алады; - ЖОО-ға уақытша тіркелген және бірінші семестрді аяқтап жатқан студенттер. Бұл тестілеуден студент білім алып жүрген оқу орнына ресми тіркелу үшін және ЖОО-дағы оқуын жалғастыру үшін өтеді. Егер студент шекті балл (50 балл) жинай алмаса, оқудан шығарылатын болады. Естеріңізге сала кетейік, тестіленушілер қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысқаннан кейін маусым айында өтетін ҰБТ-ға қатысу және мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау бойынша өтетін байқауға қатысу мүмкіндігінен айырылмайды. Тестілеуге қатысу үшін өтініштер ұлттық тестілеу орталығының ҰБТ тапсыру пунктерінде қабылданады. Қаңтар айындағы тестілеу ақылы, құны 2242 теңге.