- Негізгі бет
- Білім
- ІТ – келешегі...
ІТ – келешегі кемел сала
Бүгінде ІТ саласы мамандарына сұраныс жоғары. Технология тілін түсінетін, оны бес саусақтай білетін жандарға жұмыс жетіп артылады. Болашақта да бұл сала мамандарына сұраныс артпаса, кемімесі анық. Себебі жаһанда технология күн санап қарыштап дамып келеді.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та биылғы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты жолдауында осы тақырыпқа арнайы тоқталды. ІТ саласын дамыту керек екенін алға тартты.
- Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек. Бұл – жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты.
Жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және "үлкен деректермен" жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек. Осыған орай металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және IT-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту керек, - деген болатын.
Президент жүктеген тапсырманы орындауға зор жауапкершілікпен кіріскен "Нұр Отан" партиясы білім беру саласын цифрландыру, мектептерде электронды күнделік жүйесін енгізу және бағдарламалау мен робототехника негіздерін тереңірек оқыту үшін еліміздің түкпір-түкпірінде ІТ сыныптар мен ІТ орталықтар ашу ісін қолға алды.ҚР "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да Нұр Отан партиясымен бірге IT-мамандарды дайындау, шағын және орта бизнесті қолдау, білім беру саласын жетілдіре түсу мүддесімен жаңа жобаны бастады.
Биыл мемлекеттен бөлінетін гранттар саны да артып отыр. Оның көпшілігі техникалық мамандықтарға берілмек. Бұл жайында Елбасы наурыз айында "Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" атты халыққа үндеуінде айта кетті.
- Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас оқып жатыр, олардың 30 процентке жуығы мемлекет бөлген грантпен білім алуда. Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін төмендегідей шараларды ұсынамын.
Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады. Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді. Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары туралы сөз болып отыр, - деген болатын.
Технологияның тілін меңгеру – заман талабы. Маман болып қалыптасу – жас түлек болашағының даңғыл жолы. Бірер күн бұрын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев елордадағы Оқушылар сарайында 9-11-сынып оқушыларымен кездесіп, еңбек нарығындағы өзгерістер туралы, мамандық таңдау мен қандай сала жұмысшыларына сұраныс артатынын тілге тиек етті.
- Біздің таңдайтын мамандығымыз өмірлік жолымызды айқындап береді. Бұл таңдау әлбетте өте оңай емес. Өздеріңіз байқап отырғандай, әлемдік тенденция қазір өзгеріп, барлық мамандықтар, еңбек нарығы толассыз өзгерістерді бастан кешіріп жатыр. Бұрын мызғымастай көрінген мамандықтардың қазір кейбірі тіпті жойылып кетті. Сонымен қатар, бұрын болмаған жаңа мамандықтар пайда бола бастады. Бәлкім өздеріңіз білетін боларсыздар, мәселен мұржа тазалаушы деген мамандықты сіздер қазір тек ертегілерден ғана кездестірулеріңіз мүмкін.
Көлік, логистика, туризм салаларында жаңа жұмыс орындары көптеп ашылады, сұраныс артады. ІТ-технологияларға байланысты да жағдай сондай болмақ. Қазақстанда қазіргі таңда "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы себепті осы салада ашылатын жұмыс орындарының саны көп болмақ. Біздің есептеуімізше, 2025 жылы дәл осы салаларда 900 мың жұмыс орыны ашылады. Бұл жұмыс орындары сіздерді күтіп тұр, - деді вице-министр.
ІТ саласы – болашағы зор мамандықтардың бірі. Оны меңгеру - жас түлектерді заман ағымымен жетелері анық. Себебі кез келген өзге маман иесіне де технология тілін білу – аса маңызды.
О. Сансызбай