Атақты Нобель сыйлығы 1895 жылы швед ғалымы Альфред Нобельдің бастауымен құрылды. Америкалық “Ақылға сыймайтын ашылулар шежірешілері” (Annals of Improbable Research) аталатын ғылыми сатиралық журналдың редакциясы 1991 жылы ғылыми құндылығы жоқ ашылулар жасауға өз өмірін құртатын ғалымдарды марапаттауды қолға алады. Нобель сыйлығының сатиралық баламасы ретінде берілетін бұл сыйлықтың атауы — Ig Nobel Prize, ignoble сөзі ағылшын тілінен аударғанда — «масқара» деген мағына береді. Ал, орыс тілінде оны тілдік ерекшелікке орай “Шнобель сыйлығы” деп атайды.
Өткен жылы, Игнобель сыйлығын алғандар қатарында болған ғалымдардың зерттеулері сүтқоректілердің зәр шығару жылдамдығы, тозақтың шамамен орналасқан жері және т.б. секілді тақырыптарға арналған. Шнобель сыйлығының 2016 жылғы жеңімпаздарын өткен аптада анықтады.
Химия саласы бойынша бұл сыйлықтың лауреаты Volkswagen Group компаниясы болды. Автокөлік өндірушілер ауаның азот оксидтерінің әсерінен ластануы мәселесін дәстүрлі емес әдістер арқылы айналып өтуге тырысқан. Бұл афера «Дизельгейт» деп аталып кетті.
Неміс ғалымдары медицина саласына қосқан үлесі үшін марапатталды. Олар дененің бір жағында пайда болған қышуды айнаға қарау арқылы дененің екінші жағындағы дәл симметриялы тұсын тырнау арқылы басуға болатынын анықтаған. Бұл оғаш көрінуі мүмкін, бірақ тәжірибе жүзінде қисынсыз емес екені дәлелденген: «айна арқылы тырнау» шын мәнінде қышуды жеңілдетеді, онымен қоса, зардап шеккен теріні зақымдамауға мүмкіндік береді.
Физика саласы бойынша Шнобель сыйлығын Швеция, Венгрия, Испания және Швейцария ғалымдары алды. Осы жылдар ішінде олар заттардың беткі бөлігінің түсіне жәндіктердің қызығушылықтарын зерттеді. Зерттеу нысандары негізінен қоңырқай түсті жылқыларды шағуға әуес соналар болды. Сондай-ақ зираттар қараңғы аймағына әуес шегірткелер де зерттеушілер назарынан тыс қалмады. Екі жағдайда да, жауаптың астары жәндіктердің әлемді өзіндік қабылдауында жатыр екен. Ашық түсті көре алмайтын жәндіктер күңгүрт түске бейім келетін болып шықты.
Биология саласына осы сыйлық негізінде британиялық екі ғалым үлес қосқан екен. Чарльз Фостер жануарлардың өмірін олардың көзімен көргісі келіп, төбенің басына ін қазып, құрттармен қоректеніп борсық сияқты күн кешкен және түлкі секілді қоқыс қазып, ормандарда түнеген екен. Осы далалық сынақтарының қорытындысы бойынша ғалым “Аң болу” деген атаумен кітап жазды.
Осы тақырыпқа ұқсас Томас Туэйтес есімді ғалымның “Ешкі-Адам: Адамдық өмірден демалыс алу” деген атаумен шыққан кітабы да қазылар алқасының назарынан тыс қалмады. Ол уақытын ешкілер арасында өткізу арқылы тәжірибе жүргізген. Бұдан ғалым өз әрекетінің пайдасы жоқ екенін мойындап, зерттеу тұяқты жануарлардың өмірі туралы ешқандай пайдалы ақпарат бермегенін айтты.
Әдебиет саласы бойынша берілген сыйлық та жануарлар дүниесімен байланысты: Швед жазушысы Фредрик Шебергтің “Шыбын жинаушының жолы” деген атпен жарық көрген өз өмірбаяны туралы үш томдық кітабына берілді.
2016 жылғы жеңімпаздар қатарынан табылған адамдардың зерттеулері әдеттегі марапаттау салтанатындағыдай алдымен адамның езуіне күлкі ұялатса, кейін шынымен ойландырады.
Ал, Сіз қандай ақылға қонымсыз ашылулар туралы білесіз?