- Негізгі бет
- Білім
- Шетелдік тағылымдамалар шекаралар...
Шетелдік тағылымдамалар шекаралар ашылғанға дейін шегеріледі
Биыл тағылымдамадан өту үшін шетелге бара алмаған студенттер, қазақстандық жас ғалымдар COVID-19 жағдайының шешілуін және шекаралардың ашылуын асыға күтуде. Гранттық байқаулар жеңімпаздарының тағдыры және жаңа байқаулардың өткізілуі туралы сұрақтармен академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми білім беру қорының атқарушы директоры Айғаным Малишеваға жүгіндік.
Екінші жартыжылдықта қор әдетте қанша байқау өткізеді?
Жүйелі түрде үш байқау өткізіп тұрамыз. Қыркүйек-қараша айларында — "АҚШ IT-стартаптарындағы тағылымдама", ал қараша-қаңтарда — "Шетелдік зертханалардағы ғылыми тағылымдамалар". Жақында студенттерді ағылшын тілі бағдарламасына іріктеу өтті. Алдымен жарнамалық-ақпараттық науқан өткіздік, өтініштер қабылдадық, содан кейін жеңімпаздарды анықтаумен аяқталған іріктеу кезеңін өткіздік.
Неліктен осы жылы АҚШ IT-стартаптарындағы тағылымдама байқауы басталмады?
Бағдарламаның басты мақсаты – Қазақстанға Кремний алқабындағы стартаптардың құзыреті мен мәдениетін импорттау. Бұл салада оффлайн жұмыссыз, әріптестеріңізбен және серіктестеріңізбен тікелей байланыссыз мұндай тәжірибені қабылдау және кеңейту мүмкін емес. Өздеріңіз білетіндей, АҚШ елшілігі виза беруді уақытша тоқтатты және бұл қазақстандықтарға да қатысты. Басқа елдерде де осындай жағдай. Сондықтан биыл байқау өткізбеу туралы шешім қабылдадық.
Басқа байқауларға жоспарларыңыз қандай?
Әлемнің үздік зертханаларынан ғылыми-зерттеу құзыреттіліктерін алуды көздейтін әлем зертханаларында тағылымдамадан өту бағдарламасын IT-стартаптарындағы тағылымдама байқауының тағдыры күтіп тұр. Өйткені, бұл бағдарламада шет елге шығу мүмкіндігімен байланысты. Шекара ашыла салысымен алдыңғы байқаудың жеңімпаздарын тағылымдамаға жібереміз, содан кейін жаңа байқау өткізу мәселесіне қайта ораламыз.
Пандемия қордың қандай бағдарламаларына әсер етпеді?
Ш.Есенов атын. шәкіртақы бағдарламасы тұрақты негізде жұмыс істеп жатыр. Қазіргі шәкіртақы иегерлерімен жасалған келісімшарттар 2021 жылдың сәуіріне дейін жарамды. Аталмыш бағдарламаның келесі байқауы 2021 жылдың қаңтарына жоспарланған. 14 тамызда үшінші Yessenov Data Lab-2020 (YDL) жазғы мектебі аяқталды, тағы 20 маман дайындап шығардық. Пандемияға байланысты бағдарламаны онлайн-стриминг режимінде өткіздік. Сонымен қатар, "Физика комиксте" басылымымен жұмысты жалғастырудамыз. 7 және 8 нөмірлерін аяқтадық, ал соңғы екі шығарылым жыл соңына дейін жарық көрмек. Жоспар бойынша, Қарағанды медициналық университетінде ағылшын тілі бағдарламасын жүзеге асырудамыз. 5 қазанда оқу басталды.
2020 жылдың қыркүйегіне алғандағы қордың қызметінің нәтижелері қандай?
Жеті жыл ішінде 38 бағдарлама/жоба жүзеге асырдық, ал сегіз бағдарлама тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Осы уақыт ішінде 1426 адам біздің тікелей бенефициар-грант иегерлеріміз атанды. Биылдың өзінде олардың арасында 25 Есенов шәкіртақысының иегері, 20 YDL студенті, төрт магистрант және 160 қарағандылық студент, ағылшын тілі бағдарламасының қатысушылары бар. Тағы 19 адам - әлемнің ғылыми зертханаларында және ІТ-стартаптарында тағылымдамадан өту бағдарламаларының жеңімпаздары - шекаралардың ашылуын күтуде және келесі жылы олар тағылымдамадан өте алады деп үміттенемін. Біздің әлеуметтік желілердегі және веб-сайттағы ақпаратты міндетті түрде қадағалап жүріңіздер.
Н. Үсенова