Бүгін халықаралық азаматтық авиация күні. Осыған орай Massaget.kz порталы жас ұшқыш Жандос Құсайынмен сұхбаттасты. Air Astana компаниясының Ab-Initio бағдарламасы бойынша Финляндиядағы Patria ұшқыштар мектебінде білім алып келген Жандос авиацияға қалай келгенін, білім алу процесі қалай өткенін айтып берді.
"Тәртіп пен дисциплинаның адамымын"
23 жасыма дейін теміржол компаниясында экономист болып жұмыс істедім. Бұл саланың өз кодексі, процедуралары баршылық, бірақ ол көп жағдайда сақтала бермейді. Ал мен тәртіп пен дисциплинаның адамымын. Сондықтан басқа жұмыс істегім келді. Қатаң дисциплинамен жұмыс істейтін кімдер? Әрине, полиция қызметкері, әскери адам және азаматтық авиация қызметкерлері. Соның ішінде азаматтық авиацияға қызыға бастадым да, бортсерік болып жұмысқа тұрдым.
"Фин кадеттері "жолдарың болғыш қой" деп қатты қызыққан бізге"
Авиациядағы мансабым бортсерік ретінде басталды. Содан жұмыс істеп жүргеніме екі апта болғанда бізді пилот кабинасына кіргізіп, экскурсия жасады, жұмысын көрсетті. Сол сәт маған қатты әсер еткен болуы керек, содан бастап ұшқыш атанамын деп шештім. Сөйтіп жүріп Air Astana компаниясында Ab-Initio бағдарламасының бар екенін біліп, дайындала бастадым. Бір жыл бортсерік болған соң, бағдарламаға құжат тапсырдым. Бұған менің ұшқыш болып жүрген достарым да әсер етті. Осы бағдарлама бойынша білім алуға үгіттеп, кеңестерін айтты.
Ab-initio бағдарламасы жас қазақстандықтарға ұшқыш болуға мүмкіндік береді және ұшқыштар тапшылығын жоюға көмектеседі. Жоба 2008 жылы іске қосылған және жастарға мәртебелі әрі қызық мамандықты игеруге, беделді әуе компанияда жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Қазірге дейін үш жүзге жуық курсант осы бағдарламаны тәмамдап, Air Astana ұшақтарын басқарып жүр.
Менде ұшқыш атануға басқа да нұсқалар болды. Өз ақшама барып оқып келсем де болар еді. Бірақ Ab-Initio бағдарламасының біршама артықшылығы бар болғандықтан, соған құжат тапсырдым. Оның қандай артықшылығы бар десеңіз, компания кадеттен қаржылық кепіл алмайды, оқу ақысын 100% алдын ала төлейді. Кейін оқуды бітірген соң ұшқыш оқу ақысының тек 50%-ын қайтарады. Бұл ақы жалақыдан алынып отарады. Есесіне оқуды бітіре сала жұмысың дайын тұрады, келісімшартқа қол қойып, жұмысқа кірісіп кетесің. Фин кадеттері осыны білгенде "жолдарың болғыш қой" деп қатты қызыққан бізге.
Ab-Initio іріктеуінен сәтті өтіп, Финляндиядағы Patria ұшқыштар мектебіне оқуға түстім. Қазақстанннан 6 кадет бардық.
Ab-Initio бағдарламасы бойынша жыл сайын 20 адам Ирландиядағы AFTA академиясында, Испаниядағы FTE және Финляндиядағы Patria Pilot Training ұшқыштар мектебінде 18 ай білім алады. Air Astana әуе компаниясы әр кадет үшін алдын ала 100 мың доллар төлейді. Қазір осы бағдарлама бойынша 24 курсант білім алып жатыр. 11 адам тайп рейтингті (белгілі ұшақ түрін басқаруға қайта оқыту) күтіп отыр.
Көп танысым осы бағдарлама бойынша оқу үшін не істеу керек деп сұрай береді. Менің айтарым: ең бастысы әрекет жасап, сайтта жазылған құжаттарды жинап, Air Astana-ға тапсыру керек. Көбі өзін сынағысы келмейді де, әрекет етпейді. Себебі ұшқыш болу мүмкін емес деп ойлайды. Мен және менімен бірге оқыған кадеттер қарапайым жігіттерміз. Ең кішісі 2000-шы жылғы Теміртаудың жігіті. Көкшетау, Талдықорған, Оралдың жігіттерімен қатарлас оқыдық. Ұмтылып, талпынып, қорықпай тәуекелге бара білсең, барлық іріктеуден өтуге болады.
Ab-Initio бағдарламасына жасы 18 бен 34 аралығындағы, ағылшын тілі, физика мен математиканы жақсы білетін, денсаулығы мықты Қазақстан азаматтары қатыса алады. Өтініштер job.airastana.com сайтында қабылданады.
Үміткерлер жыл бойы қабылданады, ал іріктеу жылына 4 рет өткізіледі. Үміткердің барлық құжаты дұрыс болса, оны ағылшын тілінен және SHL COMPASS cынағына шақырады. Егер бәрін сәтті өтсе, оны екі күндік іріктеудің ақтық кезеңіне жібереді. Алдымен симуляторда оның қабілеттерін тексереді, ал екінші күні топтық ойындар мен сұхбаттасу өтеді. Содан кейін құжат дайындалып, виза ашылып, үш мектептің біріне жіберіледі. Бір жарым жылдық оқудан кейін кадеттер Air Astana флотының біріне тағайындалады: Boeing 757/767, Airbus A321/A320 немесе Embraer 190-Е2. Практикалық білімін бекіту үшін 50 рейс бойы нұсқаушымен бірге ұшады. Ақтық line check тапсырғаннан кейін кадет нағыз екінші ұшқыш атанады.
"Есіңде болсын, артыңда 200 адам бар, сен олардың өміріне жауаптысың"
Біздің оқу бағдарламамызда ұшақтың құрылымынан бастап метеорологияға дейінгіні қамтитын 14 пән болды. Тіпті адамның анатомиясын да зерттеп оқыдық.
Оқу басында авиациядан хабары бар, білімді кадеттер бастапқыда көзге түсіп жүрді. Бірақ жарты жылдан кейін барлығының білім деңгейі теңесті деуге болады.
Сабақ ағылшын тілінде өтетіндіктен және авиацияның тілі ағылшын тілі болғандықтан бастапқыда сәл қиын болды. Алғашқы екі айда мен сөздікпен оқыдым. Қанша жерден ағылшынды жақсы білсең де, сөздіктің көмегі керек болады. Мен қазақ-түрік лицейін бітіргенмін. Ол лицейде ағылшын тіліне қатты мән берген, өзім де ағылшын тілінен олимпиадалардан орындарға ие болғанмын. Соның өзінде терминдер көп болғандықтан, ағылшынша білім алу біраз еңбектенуді қажет етеді. Бұл дұрыс, себебі бүкіл әлем авиациясы ағылшынша сөйлейді. Әр жұмыс процесі ағылшын тілінде жүреді және авиациядағы барлық термин осы тілде.
Бізге зейнетке шыққан Финляндияның бұрынғы әскери ұшқыштары білім берді. Олардың өзі сабақ беру құқығына ие болу үшін іріктеуден өтіп, қосымша білім алған.
Оқу кезінде оқытушылар біздің білімімізді 24/7 уақыт тексеріп жүрді. Ұшақпен ұшар алдында әрдайым сұрақ қойып, тест жасап отырды, тіпті дәлізде келе жатсаң күтпеген жерден сұрақ қоя салады. Сондай ситуацияларға да барынша дайын болуға тырыстық.
Оқытушылар психологиялық дайындыққа да аса мән береді. "Есіңде болсын, артыңда 200 адам бар, сен олардың өміріне жауаптысың" деп жолаушыларды ұшақпен қауіпсіз жеткізу керегін айтып отыратын.
Алғаш ұшақ басқарғаным есімде жоқ. Бірдеңені сезініп те үлгермедім. Жарты сағат ішінде өте шықты. Бірақ ең алғаш ұшақты соло басқарғаным есте қалды. Себебі инструкторсыз бүкіл процедураны өзің орындайсың.
15 қаңтар күні өзім оқыған ұшақтан жаңа үлкен ұшаққа ауысамын. Airbus ұшағын басқару үшін қайта оқуды қажет ететін тайп рейтингті күтіп жүрмін, ол Тулузадағы Airbus компаниясында өтеді. Соған қазір симулятормен дайындалып жатырмын. Patria ұшқыштар мектебін бітірген барлық 6 кадет осы Airbus ұшағын басқаратын болады.
"Авиацияға ақша үшін келген жоқпын"
Пандемияға қарамастан біздің оқу тоқтамады. Бәрі уақытылы болды. Компания да қызметкерлерін жұмыстан шығарған жоқ. Жақсы менеджменттің арқасында жұмыс орындары сақталды. Ал шетелдік біраз авиакомпанияның көбі қазір пилоттарын қысқартып жатыр. Оған қарағанда біздің жағдайымыз әлдеқайда жақсы. Дегенмен мен авиацияға ақша үшін келген жоқпын. Ақшасына қызығып келгендер авиациядан тез кетеді.
"Қиындықтар бізді шыңдай түседі"
Ұшқышқа білектің күші маңызды емес. Көбі ұшақ басқаратын адам бойы екі метр, шымыр денелі болуы керек деп ойлайды. Жоқ, бұл қате түсінік. Қазір нәзік қыздар да пилот болып жүр. Ұшқышқа ең бастысы ақыл, тез үйренгіш қабілет, стреске бейімділік керек.
Менің ұшқыш ретіндегі мансабым енді басталып жатыр. О бастағы амбициямды еш жоғалтқан жоқпын. Қиындықтар болары сөзсіз, оған дайын болу керек. Себебі қиындықтар бізді шыңдай түседі.
Ab-Initio бағдарламасына өтініш жіберу үшін job.airastana.com сайтына өтіңіз.