- Негізгі бет
- Білім
- Рубик кубы математиканы...
Рубик кубы математиканы меңгеруге қалай көмектесе алады?
Рубик кубын пайдаланып, оқушыларды математикаға қызықтыруға, олардың шығармашылық ой жүйесін дамытуға болады екен. Мысалы 100 кубпен Мэрилин Монроның портретін құрастырып, оқушылардың математикаға деген зейінін ашқан ұстаздар бар. Америкалық орта мектеп мұғалімі Дан ван дер Вирен математика мен күнделікті өмірді Рубик кубы арқылы байланыстырды.
Егер балаларға математиканы өзге қырынан көрсете білсек...
"Маған математика ұнамайды", - дейді оқушылар әдетте. Соңғы екі жарым жыл өзім жұмыс істеп жүрген Колорадодағы мектепте 14-20 жас аралығындағы балалар оқиды. Көбінің математикаға деген құлшынысы төмен екенін байқауға болады. Ойланып отырып, өз-өзімнен сұрадым: "Егер балаларға математиканы өзге қырынан көрсете білсек, практикалық оқыту жүйесін енгізсек математикаға деген қарым-қатынас қалай өзгерер еді?"
Рубик кубы деген ықыласымды пайдаланып, балалардың математикаға деген сүйіспеншілігін арттыруға болатынын түсіндім. Мен Рубик кубымен адамдардың портретін жасаған балалар туралы оқып, оны проблеманың алгоритмдік шешімі мен сыни ойлауға баулудың тәсіліне баладым.
Балаларға кубтарды бермес бұрын мозаика құрастырудың ерекше техникасына көзім түсті. You Can Do the Rubik’s Cube сайтында мозаикалардың дайын үлгілері бар екен. Жинау нұсқаулығымен қоса түрлі тарихи тұлғалар портреті, жануарлар суреті дегеннің бәрі бар. Бір картинада 600 кубқа дейін қолдануға болады екен.
Біздің мектепте балалардың қызығушылығына қарай бөлінетін бес апталық факультатив курстар бар. Мен әлгі сайттағы тәсілдерді өз курсыма енгізуді ұйғарып, курсқа "Рубик кубымен проблеманы шешу өнері мен алуандығы" деген ат қойдым. Курс мақұлданған соң, 225 кубты жалға алып, оқушыларға әкелдім.
Оқушылар адамдар портретін жасаймыз дегенде қуанып кетті. Құрастырып болған соң тарихи тұлғалардың өмірбаянымен де танысып жатты.
Кубтарды құрсытырып біраз машықталған соң, көбі екі-үш минутта кубтың бір жағын жинап үйреніп алды. Бес-алты адам біріксе, 100 кубтан тұратын мозаика 20-30 минутта құрастырылып жатты.
Процесс барысында балалармен математика жайлы әңгіме құрып, еркіндік бердім. Оқушылар әр кубты дұрыс жинап, құрастырған сайын мәз-мейрам болып, процеске одан сайын қызығып жатты.
Бірнеше күн өткен соң, балаларға "Мозаиканың қанша проценті аяқталды?", "Егер әр үш оқушы мозаикадағы бір кубты екі минутта құрай алса, барлығын қанша уақытта бітіруге болады?" деген сұрақтар қоя бастадым.
Мен балаларға кубтарды құрау процесіндегі ерекше қызығушылықпен қатар, математикалық ойлау жүйесін де дарытқым келді.
Рубик кубы мен математика арасындағы байланыс
Рубик кубын жазықтықты таңбалауда, үш өлшемдікті түсіндіруде қолдана аламыз. Сондай-ақ бөлшек, коэфициент, пропорция категорияларын, Пифагор теоремасын түсіндіруге өте ыңғайлы. Үлкен топтарға мұғалім куб арқылы факториалдар түсінігін үйрете алады.
Massaget.kz