PR мамандығы туралы не білеміз?

PR мамандығы туралы не білеміз?
Фото: zhasorken.kz

«Қоғаммен байланыс», «Рublic relations», «PR» деген сөздерді жиі естіп жүрген шығарсыз. «Рublic relations» сөзін алғаш рет Америка Құрама Штаттарының үшінші президенті Томас Джефферсон қолданған екен. Тек ХХ ғасырдың басынан бастап АҚШ-та PR туралы нақты ұғымдар мен түсініктер қалыптаса бастапты. Белгілі бір ұйымның қоғам алдындағы абыройын, беделін қалыптастыратын мамандарды PR мамандары немесе Қоғаммен байланыс мамандары деп атаймыз. Елімізде аталған кəсіп түрі тек ХХ  ғасырдың соңы мен  ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығында ғана пайда бола бастады. Бүгінде сұранысқа ие мамандықтардың бірі. 

Көпшілік PR мамандарын журналистермен шатастырып жатады. Алайда, бұл мамандық иелерінің атқаратын жұмыстары да, міндеттері де мүлдем бөлек.  Қазақстандағы PR мамандығы жайында білу үшін əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті, ЮНЕСКО халықаралық журналистика жəне қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Назгүл Шыңғысованы сөзге тарттық…

– Назгүл Тұрсынбайқызы, Қазақстанда, оның ішінде, қазақ қоғамында PR мамандығына сұраныс қандай?

– Біздің түлектерге нарықта сұраныс өте жоғары. Неге десеңіз, осы уақытқа дейін PR мамандарының тек тəжірибесі болса, енді теория мен тəжірибені қатар ұштастырып, таразының басын тең ұстаған  мамандар нарыққа келе бастады. Бітіруші түлектердің арасында жұмыс таппай жатқандарын көрмедім. Барлығы университет қабырғасынан шыға салысымен жұмысқа орналасып жатады. Əрине, журналистика факультетінің қабырғасында оқып жатқандықтан, кейбірі журналист ретінде де қызмет етіп жүр. Қазір біздің қоғам да өркениет жаңалықтарын толық қабылдай бастады деп есептеймін. Сондықтан да PR мамандығына сұраныс көп.

– Қандай түлектеріңіз көзге түсіп жүр?

– Өзіміздің түлектердің арасынан Алматы қаласының жастар саясаты басқармасы бастығы Нұрлан Сыдықов, «Хабар» телеарнасының Бас продюсері Ринат Кертаев,  «Қазақстан» ҰТА журналисі Гүлназ Əлімгерей, «Каспий банк» АҚ PR маманы Ербол Азанбек сынды азаматтарды айтуға болады.

– Мамандар мен оқулықтар жеткілікті ме?

– Кез келген нəрсе бірден қанатын жайып қалыптасып кете алмайды. Басында бізде де қиындықтар болды. Отандық  оқулықтар, оқу құралдары жетіспеді. Өзге елдің оқулықтарына жүгінуге мəжбүр болдық. Қазір бұл жағдай түзелді.

– Ал PR мамандарының күн тəртібінде бірінші қандай мəселе тұру керек?

– Қанша дегенмен өзге елдің менталитеті бізге жат болып көрі-неді. Олардағы дəстүрлі дүниелер бізге мүлдем таңсық болуы мүмкін.  Ұлттық құндылықтар мен ұлттық мүддеге негізделген «Қоғаммен байланыстың ұлттық моделін» қалыптастыруды жолға қою керек.

– PR мамандығын студенттерге оқыту кезінде неге басымдылық беріледі?

– Ең біріншіден, құзыреттілік қалыптастыру. Мысалы, біздің мамандыққа түсу үшін таңдау пəні география болу керек. Бұл пəнді таңдаған талапкерлер туризм, география саласына маманданады. Олардың бойында шығармашылық көзқарас, креативтілік болмауы мүмкін. Сондықтан біз «Қазақстан баспасөз клубы», «Қоғаммен байланыстың ұлттық ассоциациясымен» бірігіп Білім жəне ғылым министрлігіне хат жаздық. Хатта таңдау пəніне еркіндік бере отырып, шығармашылық емтихан қабылдау туралы ұсыныс жасадық. Егер бұл ұсыныс қабылданса, жақын арада біздің мамандыққа да шығармашылық емтихан тапсыру арқылы түсуге болады. Екіншіден, білім алушылардың шығармашылық қабілетін арттыруға күш саламыз. Үшіншіден, креативті, көпшілікпен тіл табыса алу, іскерлік қатынастарының қағидаларына бейімдеу. География, геология салаларына бейімделген талапкерлер жазу, сөйлеу техникаларын меңгере бермейді. Сондықтан тіл сындырумен айналысамыз. Студенттерге жазу машығын үйретеміз.

– Отандық PR мамандарының кемшін тұстары қандай?

– Дəл қазіргі нарықта саяси PR технологиялар аса дами қойған жоқ. Нарықта кеңес беру, жобаларды жасау мен ұсыну, аутсорсинг саласындағы мамандар əлі де жеткіліксіз.

– Талапкерлер PR мамандығын таңдауда неге мəн беру керек?

– Талапкерлер ең бастысы креативті, коммуникативті болса, кез келген мəселеге шығармашылықпен қарап, жаңаша ойлай білсе болды.

– Рахмет.

Қазіргі кезде біздің елде PR мамандарын əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар жəне Əлем тілдері университеті, «Тұран» университеті жəне Алматы менеджмент университеттерінде оқытады.Елімізде жарнама, қоғаммен байланыс саласында мамандардың тапшы екенін ескерсек, PR мамандығын таңдағандар жұмыссыз қалмауы тиіс.

Думан ДУБЕКҰЛЫ

Дерек көзі:zhasorken.kz

 

B. ZHAQSYMBET