Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында “Педагог мәртебесі туралы” заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
“Заң жобасы педагог қызметінің өзекті әлеуметтік және кәсіби мәселелерін шешуге, педагогтарға жүктемені азайтуға, оларды көптеген тексерулерден, сондай-ақ оларға тән емес функциялардан қорғауға, жұмыс істеп жүрген педагогтар үшін ынталандыру шараларын белгілеуге, жастарды мамандыққа тартуға бағытталған”, - деді депутат Әбдіманап Бектұрғанов.
Осы орайда ол депутаттық корпус енгізген басты түзетулерге тоқталды.
“2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап орта білім беру ұйымдары педагогтары үшін нормативтік оқу жүктемесін 18-ден 16 сағатқа төмендету жөніндегі норма бекітіліп отыр. Білім беру саласындағы өкілетті орган айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасында халықаралық олимпиадалардың, конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпазын дайындаған падагогқа тиісті мемлекеттік білім беру ұйымының қызметі бойынша үнемдеу есебінен үш лауазымдық айлық ақы мөлшерінде бір жолғы сыйақының төленуін көздейтін норма енгізіледі”, - деді Ә. Бектұрғанов.
Оның сөзіне қарағанда, “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” құрметті атағымен марапатталған педагогқа 1 000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2019 жылы 2,5 миллион теңгеге тең) бір жолғы төлем белгіленеді.
Мәдениет және спорт саласындағы мемлекеттік білім беру ұйымдарының және әскери оқу орындарының мұғалімдеріне магистр дәрежесі үшін 10 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша ақы енгізіледі.
“Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін педагогтарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін басым тәртіппен беруге кепілдік белгіленеді”, - деді депутат.
Сонымен қатар, жалпы отырыста “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы да екінші оқылымда мақұлданды. Құжат Парламент Сенатының қарауына жіберіледі.
Заң жобасын қарау барысында депутаттық корпус бірқатар түзетулер енгізді.
“Мектеп және колледж педагогтары толтыруға міндетті қағаздардың тізбесін әзірлеу мен бекіту жөніндегі білім беру саласындағы өкілетті органның құзыреті белгіленеді. Жоғары оқу орындарының педагогтарынан басқа барлық педагогтарға әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру жөнінде норма қарастырылды. Бұрын кейінге қалдыру тек ауылдық жерде жұмыс істейтін педагогтарға көзделген еді”, - деді Әбдіманап Бектұрғанов.