- Негізгі бет
- Білім
- Онлайн-оқуға қалай дағдылануға...
Онлайн-оқуға қалай дағдылануға болады?
Коронавирус жайлаған уақытта көбі үйден жұмыс істеуге дағдылана бастады. Пандемия салдарынан мектеп оқушылары да, жоғары оқу орындарының студенттері де онлайн-сабаққа көшті. Дәстүрлі білім алу жүйесіне үйреніп қалған студенттердің көбі онлайн-дәріске бастапқыда дайын болмай, сабақ үлгерімін нашарлатып алды.
Онлайн-сабақтың өзіне тән ерекшелігі мен қиындығы бар. Егер онлайн-дәріс оқып жүрсеңіз не бастайын деп жатсаңыз төмендегі кеңеске құлақ түріңіз.
Дәрістің конспектісін тиімді жаза білу
Дәрістің мазмұнын дәптерге жазудың да өз қиындығы бар. Кейде жазуға үлгермей, қол ауырғанда конспектісіз сабақ оқығың келеді. Алайда конспектісіз дәрістің еш мәні болмайды. 2019 жылы Кент университеті зерттеу жүргізіп, дәрісті дәптерге сөзбе-сөз көшірудің еш пайдасы жоқ екенін анықтаған. Ақпаратты жақсы есте сақтау үшін оны жүйелеп, арнайы формуламен қысқартып жазған ыңғайлы.
Оғна қоса, дәрістің конспектісін ноутбукке жазған тиімсіз. Гаджеттің мүмкіндігі қысқа. Оған қоса жаныңыздағы адамға пернетақтаның дыбысы кедергі болуы мүмкін.
Дәріске дейін керек сұрақты дайындау
Journal of Applied Research in Memory and Cognition жүргізген зерттеуде студенттерге екі сұрақ қойып, жауабын ақпараттық видеодан іздеуді айтқан. Нәтижесінде, студенттер видеоны жіті бақылап, қорытынды тестті жақсы тапсырған.
Сондықтан дәріс алдында өзіңіз сұрақ дайындап, жауабын видеодан іздеуге тырысыңыз. Сонда дәрісті оңай әрі толық меңгере аласыз.
Мақсат қою
Онлайн-дәрісте бақылау аз болғандықтан көп адам сабаққа салғырт қарайды. Сондықтан онлайн-курсты бастамас бұрын одан не керегін, қандай мақсатпен келгеніңізді айқындап алыңыз.
Бұған қоса, әр дәрістен соң қандай нәтижеге жеткеніңізді бағалап, мақсатыңызға қаншалықты жақындай түскеніңізді қадағалап отырыңыз. Бұл онлайн-курсты өтуде сіздің таптырмас құралыңыз болуы мүмкін.
Қырағы болу
Екі-үш сағат бойы экранға қарап отыру жалықтырып жіберетіні рас. Оған қоса, жалыға бастағанда назарыңызға басқа нәрсеге ауып, ойыңыз бөлінеді. Бұған жол бермеу үшін қырағы болып, зейінді тек сабаққа қоюды үйреніңіз.
Әңгімелесу
Бүгінде қарым-қатынас онлайн форматқа ауысып келеді. Адамдар бір-бірімен көрісіп сөйлескеннен гөрі, онлайн-чатта әңгіме-дүкен құруды таңдайды. Ал онлайн-дәрісте өзге студенттермен көбірек сөйлесіп, әңгімелесу сабақтың қызық өтуіне себеп болады.
Уақытты ыңғайлау
Онлайн-дәрістің артықшылығы – кез келген уақытта қолжетімді болуы. Таңғы 9-да дәріске бармай-ақ, одан кейін кез келген уақытта видеонұсқасын көруге болады.
Шекара жасау
Жұмыс уақытында смартфон артық мазаламауы үшін дауысын өшіріп қойған дұрыс. Иллинойс университетінің зерттеушілері смартфоны үнемі қосылып, маза бермегендердің күйзеліске түсуге бейім екенін анықтаған. Сондықтан жұмыс не сабақ уақытында ойыңыз бөлінбеуі үшін шекара жасап, смартфондағы хабарландыру жүйесін өшірген дұрыс.
Ұйқының дұрыс болуы
Ұйқының адам өміріндегі маңызы жайлы ғалымдар мыңдаған зерттеу жұмысын жасаған. Бұған қоса, ұйқы оқу үлгеріміне де тікелей әсер етеді. Мысалы сабақ арасында бір мызғып алу дәрісті оңай игеруге көмектеседі.
Ұйқысы келген адамның сабақ оқуға да, артық жұмыс істеуге де құлқы болмайды. Сондықтан ұйқы режимін реттеп, уақытылы ұйықтаған жөн.