Оның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Омбыдағы консулы Эльдар Қонаев сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Ресей мен Қазақстанның шекаралас аймақтарының ынтымақтастығы жөнінде айта келіп «Омбы мұрағатының қорындағы Шоқан Уәлихановтың құжаттары біз үшін аса құнды жәдігер болып саналады» деді.
Бұл жәдігерлер тарихи мұрағаттың «Сібір кадет корпусы» қорында сақталған екен. Аса құнды деп саналатын осы бірегей құжаттардың ішінде 1853 жылдың 8 қарашасында кадет корпусын аяқтағаны туралы куәлік пен бұрын еш жерде жарияланбаған 12 жасар бала Шоқанның суреті бар. Кадет корпусын бітірушілер тізіміне сәйкес ол корнет шеніндегі Ресей империясының офицері атанған.
Омбыдағы кадет корпусында оқып жүргенде Шоқан өзінің ең алғашқы «Тоқтамыс ханның жәрмеңкелері» атты мақаласын жазған. Тарих пәнінің оқытушысы Гонсевсий оны үйіне қонаққа шақырып, өзінің бай кітапханасын пайдалануға рұқсат еткен. Дарынды Шоқанның кадет корпусын үздік аяқтауына және Батыс Сібір генерал-губернаторының адъютанты қызметін риясыз атқаруына бұл кітаптардың ықпалы болған. Бұл күндері бұрын кадет корпусы болған ғимаратқа: «В Сибирском кадетском корпусе с 1847 по 1853 г. обучался выдающийся казахский просветитель, ученый и исследователь ротмистр Чокан Чингисович Валиханов, 1835-1865» деген жазуы бар мемориал тақтасы орнатылған. Сондай-ақ, бұрын кадет корпусы орналасқан көше бұл күні Шоқанның атымен аталады.
Дереккөз: ult.kz