- Негізгі бет
- Білім
- Оқушыларға мамандық таңдауға...
Оқушыларға мамандық таңдауға кеңес
Оқушылардың мамандық таңдауына әсер ететін үш негізгі себеп бар. Біріншісі – қоршаған ортаның ықпалы, екінші – оқушының қалауы, үшінші – қабілеті. Қазақстандағы оқушылардың мамандық таңдауына алғашқы екі себеп басымырақ болып отыр дейді Daryn.Online білім беру платформасының негізін қалаушы Айбек Қуатбай.
Оның айтуынша, онлайн білім беру платформасын жетілдіруді қолға аларда еліміздің мектеп бітіріп жатқан түлектеріне арнайы зерттеу жүргізген екен. Зерттеуді пандемия басталарда бастап, енді аяқтаған. Тәжірибе қорытындысы біршама қызық деректерге көз жеткізді. Атап айтқанда, оқушылардың мамандық таңдауына ықпал етер басты үш себепті анықтаған.
Біріншісі – қоғамдық орта. Оған ата-ананың қалауы, әлеуметтік желінің әсері, блогердің насихаты, еңбекақы мен еңбек ету жағдайы, т.б.
Екінші себеп – оқушының қалауы. Яғни, оқушының өзі қалап түскен мамандығы.
"Осы тұста ескерер бір жайт бар. Оқушының қалауы қоғамдық ортаның ықпалынан пайда болған қалау болуы да мүмкін", - дейді Айбек Қуатбай.
Үшінші себеп – оқушының қабілеті. Яғни, ата-ана баласын жастайынан қабілетін ұштап, кейін сол қабілетіне қарай мамандық таңдауы.
"Ең қызығы сол – біздің оқушылар үшін қоғамның ықпалы мен оқушының қалауы мамандық таңдауға басты орынға шығып кеткен. Қызық дейтін себебіміз – озық елдердің оқушылары көбінесе қабілетіне қарай мамандық таңдайды. Ал біздің оқушылардың 50 пайызы – қоғам ықпалымен, 50 пайызы – өз қалауымен мамандық таңдайды екен. Менің ойымша, біздің оқушылардың мамандық таңдауы үш себепке (33% – 34% – 33%) теңдей бөлінгенде ғана, елімізде мықты, білікті мамандық өсіп шықпақ", - дейді білім беру платформасы өкілі.
Оқушылардың қабілетін анықтау жолдары баршылық. Солардың бірі – ақпараттық технологияларды пайдалану мен профориентациялық тестілеуден өткізу.
"Мәселен Facebook, Instagram сынды сервистер қорға жиналған ауқымды ақпараттар негізінде қолданушының тілек-қалауы мен қабілетін оңай тауып отыр. Оны әлеужелі лентасында шыққан жарнамадан-ақ байқаған боларсыз. Daryn.Online платформасында да 3,5 млн қолданушының ауқымды ақпараты – Big Datа жинақталған. Қазір біз сол ақпаратты талдаудан өткізіп жатырмыз. Жақында нәтижесі дайын болмақ. Ал ол сервисті қолданушы оқушының қабілеті неге бейім – соны шығарып береді", - дейді Айбек Қуатбай.
Сұранысы мол мамандықтар
Қазақстанда қазір 400 мыңға жуық адам жұмыссыз. Бірақ тағы 400 мыңдай жұмыс орны бос тұр. Бұл параллельді біріктірудің бір жолы – жұмыссыз мамандарды емес, сұранысы жоғары мамандарды дайындау.
"Қазіргі таңда елімізде бухгалтер, маркетолог, сату мамандары, пиар және IT-мамандары жетпейді. Индустрия саласына келсек, робот пен автоматизияларды басқару, басқару менеджері сынды мамандықтарға аса зәру. Атам заманнан келе жатқан екі қасиетті мамандық бар: ол – мұғалім мен дәрігер. Бұл қос мамандық ешқашан жойылмайды деп ойлаймын. Өйткені адамзатқа білім мен медицина қашанда қажет", - дейді Айбек Қуатбай.
Мамандық таңдауға кеңес
"Оқушыларға мамандық таңдауға келгенде қандай кеңес беру болады?" деген сауалымызға платформа иесі бірнеше кеңес айтты.
"Әрине, ата-анамен ақылдасудың жөні бөлек. Ақылы артық емес. Шынайы қабілетіңді дамытуға тырыс. Қолжетімді ақпарат көздерін ашып қара. YouTube пен басқа ашық сервистер жетерлік. Содан қай мамандықты таңдасам, кім болып шығамын, қалай істеймін, немен айналысамын деген сауалдың жауабын ізде. Ең болмағанда, жазда қалаған мамандығың бойынша 1-2 апта тегін жұмыс істеп көр. Тегін жұмыс – бұл нағыз мүмкіндік. Әр мамандықтың "ішкі асханасымен" танысасың. Екі айда 5-6 мамандықты көріп шығуға болады. Кейін ұнағанына оқуға түсесің", - деп кеңес етті онлайн білім берудің маманы.
Қ. Слямбек