Биыл 1 қарашада магистратураға түсу үшін екінші мәрте өткізілетін кешенді тестілеуге құжаттарды қабылдау басталады. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желілердегі парақшаларында магистратура мен докторантураға түсу бойынша қабылданған шешім туралы хабарлаған болатын. Енді оқуға қабылдау жылына екі рет өткізіледі. Байқауға жазда грантқа түсе алмаған үміткерлер де, бұрын кешенді тестілеуден өтпегендер де қатыса алады.
Мұндай маңызды шешімдерді қабылдау кезінде министрлік студенттердің мүдделерін әрқашан бірінші орынға қояды. Бұған дейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мемлекеттік грантқа үміткерлер жылына екі рет, дәстүрлі түрде – жазда және қосымша қыста тестілеуден өте алатынын хабарлаған болатын. Енді талапкерлер 1 қарашадан бастап магистратураға түсу үшін екінші мәрте өткізілетін кешенді тестілеуге құжаттарын тапсыра алады. Тестілеуді сәтті тапсырған жағдайда үміткерлер жаз айында оқуға қабылдау қорытындысы бойынша бөлінген гранттарды ұтып ала алады, – деп атап өтті Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Ендігі кезекте емтиханға тіркелу, мамандықтар бөлінісінде гранттардың саны туралы айтып өтсек.
Екінші кешенді тестілеуге қатысу үшін тіркелу ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz (https://app.testcenter.kz/) сайтында өтеді. Құжаттарды қабылдау 2021 жылғы 1-15 қараша аралығында жүргізіледі. Кешенді тестілеу 2021 жылдың 18 қарашасынан 11 желтоқсанына дейін өтеді.
Магистратураға грантқа үміткерлер дәстүрлі түрде шет тілі, білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша және оқуға дайындығын анықтау бойынша тест тапсырады. Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаты бар адамдар автоматты түрде шет тілі бойынша тестілеуден босатылады. Тест нәтижелерін тестілеу аяқталғаннан кейін бірден білуге болады. Нәтижелерімен келіспеген жағдайда қатысушылар емтихан аяқталған соң 30 минуттан кейін онлайн-апелляцияға өтініш бере алады.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін шекті балл – 75, бейінді магистратураға түсу үшін 50 балды құрайтынын атап өткен жөн.
Магистратураға білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар 2021 жылғы 25 желтоқсанға дейін қабылданады. Магистратураға қабылдау 2021 жылғы 26 желтоқсан мен 10 қаңтар аралығында өтеді.
Магистратураға түсушілер барлығы 3 мыңнан астам мемлекеттік білім грантына үміткер бола алады.
Мамандықтар бөлінісінде ең көп грант "Химия" (172 грант), "Ветеринария" (169), "Механика және металл өңдеу" (156), "Металлургиялық инженерия" (137), "Құрылыс материалдарын, бұйымдарын мен конструкцияларын өндіру" (132 грант), "Материалтану және жаңа материалдар технологиясы" (130) және басқа мамандықтар бойынша бөлінді.