Қазақстанның жоғары оқу орындарында магистратура мен докторантураға қабылдау жылына екі рет өткізілетін болады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
"Егжей-тегжейлі талқылаудан кейін біз қабылдау ережелеріне өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдадық. Енді магистратура мен докторантураға қабылдау жылына екі рет өткізіледі. Яғни, магистратура мен докторантураға түсу емтихандары дәстүрлі түрде тамыз айында және қосымша желтоқсан айында ұйымдастырылады.
Осы норма 2021 жылы күшіне енеді деп жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері кешенді тестілеу мен түсу емтихандарын қосымша ұйымдастырады. Құжаттарды қабылдау қараша айында басталады", - деп жазды Білім және ғылым министрлігінің басшысы Facebook -тегі парақшасында.
Аймағамбетов құжаттары мен емтихандарын тапсыруға, қажетті сертификаттарды алуға үлгермеген азаматтар үшін бұл жағымды жаңалық екенін атап өтті.
"Жазғы қабылдау науқаны мен өткізілген емтихандардың қорытындысы бойынша магистратура мен докторантураға арналған білім беру гранттарының артық қалуына байланысты азаматтар осы жылдың желтоқсан айында мемлекеттік гранттарды иелене алады", - деп қорытындылады Асхат Аймағамбетов.
Дайындық бағыттары бөлінісінде гранттардың саны мен құжаттарды қабылдаудың нақты мерзімдері туралы ақпарат қосымша жарияланатын болады.