Жақсы бала күтуші болу үшін не істеу керек? Әрине, бала күтушіге қойылатын талаптар бар, алайда, бастысы, ол балаларды қатты жақсы көру керек. Ал корольдік отбасыда бала күтуші болу үшін арнайы білім қажет. Бүгінгі материалда ең көп сұранысқа ие бала күтушілерді оқытатын Норланд-колледж жайлы айтпақпыз.
Норланд-колледж қалай пайда болды?
Оны 1892 жылы Эмили Уорд ашты. Архивтан Эмили Уордтың мекемені ашқандағы мақсатын жазған қолжазбасы табылған: «Қоғамға балаларға арналған кәсіби бала күтушілерді жалдауға мүмкіндік беру».
Норланд — Ұлыбританиядағы осындай алғашқы оқу орны. Бастапқыда оның балалармен жұмыс жасаудағы базалық принциптері мектепке дейінгі тәрбие жүйесін ойлап тапқан неміс педагогы Фредрих Фребельдің ұстанымдарына негізделді.
Оқу орнының ұраны: «Кішкентай адамдармен үлкен мансап». Шынымен де, Норландты аяқтағандар кез келген отбасыға бала күтуші болып орналаса алады. Эмили Уорд отбасыдағы бала күтушінің орнын және не үшін ата-ана оны жалдау керегі жайлы былай деген:
«Бала күтуші анамен бірге жұмыс істейді, бірақ ол оның орнын ауыстырмайды. Ана үшін бала күтушінің болуы — балаларды күтуге қатысты шаршататын жағдайлардан арылу және демалуға уақыт бөлу».
XXI ғасыр бала күтушілерінің Кодексі
Норландта студенттер мен түлектер қатаң сақтауы тиіс ережелерден тұратын өз Кодексі бар. Бұл Кодекс заманға сай өзгеріске еніп, оған жаңа пункттер қосылып тұрады. Ол бала құқығын құрметтеуден және оның отбасысының даралығы мен құндылығын мойындаудан басталады.
Сондай-ақ, Кодексте 100 жыл бұрын өзекті болмаған пункттер де бар: бала күтуші балаларды суретке түсіруге бола ма, тәрбиешілер әлеуметтік желілерде өздерін қалай ұстау керек, оларға сыйлық алуға бола ма және т.б.
Бала күтушілерге арналған колледжде не үйретеді?
Студенттер Норландта үш жыл оқиды. Оның әрқайсысы 3 семестрден тұрады. Студенттер әртүрлі параметрлерге қатысты бағаланады: эссе, презентация, жобалық жұмыстар. Оқу соңында диплом алады. Норландта студенттер педагогикалық білімнің стандартты бағдарламаларын, физиология курстарын, бала дамуының ерекшеліктерін, психология, алғашқы көмек көрсету, тамақтану және байланыс сабақтарын өтеді. Сондай-ақ олар болашақ қамқорлыққа алынған балаларының өмірімен бірге жүретін барлық нәрсені үйренеді. Мысалы: экстремалды жүргізу, өзін-өзі қорғау, киднеппинг (бала ұрлау) шартындағы іс-әрекет және жалпы қауіпсіздік. Бұл сабақтарды бұрынғы әскери барлау офицерлері жүргізеді.
Колледждің барлық студенттері қосымша макатон — сөйлеуден, ым-ишарадан және белгілерден тұратын тілдік бағдарламаны оқи алады. Бұл «тілді» Дауна синдромы бар немесе есту қабілеті нашар адамдармен сөйлесуде қолдануға болады. Макатонды ХХ ғасырдың 70-жылдары Ұлыбританияда логопед әрі дефектолог Маргарет Уокер ойлап тапты, ал қазір оны әлем бойынша қолданады.
Бала күтушілер формасы
Форма Норландта ерекше орын алады. Бұл жерде форманы ерекшелік белгісі ретінде ойлап тапқан және ол әлі күнге дейін сол рөлін сәтті орындап келеді.
Эмили Уорд студенттер мен түлектерді басқа үй қызметкерлерімен шатастырмас үшін олар форма кию керек деп шешкен. Колледж ережесі бойынша, форма — міндетті элемент, ерекшелейтін белгі, медбикелер формасына ұқсас киім. Бала күтушіге жұмыс беруші отбасы оның арнайы формамен жүргенін қаламаған кезде ғана ол басқа киім кие алады. 2013 жылы Норландта жаңа форма ұсынылды.
Түлектер жұмысқа қалай тұрады?
Колледжде түлектердің жұмысқа тұруымен айналысатын Norland Agency агенттігі бар. Бұл агенттік тек осы колледжді аяқтаған түлектермен жұмыс істейді. Егер сіз Норланд-колледжді аяқтамаған болсаңыз, олардың қызметіне жүгіну мүмкін емес.